Өзін спорт жанкүйерімін деп санайтын аймақ тұрғындарына оның есімі таңсық емес. Өткен ғасырдың тоқсаныншы жылдарында барған жарысынан жүлдесіз қайтпайтын балуан қыздың өнеріне сүйсініп, таңдай қақпаған адам кемде-кем. Самбо, дзюдо, қазақ күресі секілді спорттың жекпе-жек түрлеріне жетік Әлия Жұмабекқызы өзінің бұл саладан алыстамайтынын бала күнінде-ақ түсінген. Себебі, өскен ортасында спортшылар топтасқан.

- Әкем Жұмабек Мейрамғалиев - Павлодар облысында алғаш болып самбо күресінен спорт шебері атанған жан. Қазақстанға танымал жаттықтырушы. Оның бауырлары да, нағашыларым да күреспен айналысқан. Осындай ортада тәрбие көрген менің спортшы болмауым мүмкін емес еді. Иә, алғашында акробатикамен шұғылдандым. Алайда қанға сіңген балуандық қасиет мені күрес залына тартты да тұрды. Әкем қарсы болды. «Балуандық қыздарға тән емес» деді. Ақыры «Қызығушылығың түбі бір басылар» деп жолыма көлденең тұрмады. Бірақ, алған бетімнен қайтпадым. Алғашқы жаттықтырушым нағашым Аслан Мунтынов болды. Спорттағы жолым осылай басталды, - дейді Әлия Жұмабекқызы.

1994 жылы бұрынғы Югосла-вияның (қазіргі Босния және Герцеговина) Нови сад қаласында самбодан әлем біріншілігі өтті. Бұл сынға Әлия Мейрамғалиева да қатысып, өз салмағында чемпион атанды. Әлемді мойындатқан қазақ қызы кейіннен дзюдо күресіне ауысты. 1996-2004 жылдар 
аралығында дзюдодан Қазақстан ұлттық құрамасының белді мүшесі болып, ел намысын қорғады. Жеткен жетістіктері де - бір төбе. Бірнеше мәрте ел біріншілігінде чемпион атанды. Түркия, Ресей, Грузия және басқа да мемлекеттерде ұйымдастырылған байрақты бәсекелерде топ жарды. 2001 жылы Жапонияның Осако қаласында өткен Шығыс Азия ойындарында қола жүлдені қанағат тұтты. Ең негізгілері, міне, осылар.

Ел намысын ерлерше қорғаған Ә.Мейрамғалиева үлкен спортпен қош айтысып, бапкерлік жолға түсті. Қазір ол - «Батыр» балалар мен жасөспірімдер спорт мектебінде дзюдо күресінің жаттықтырушысы. Сондай-ақ, Павлодар мемлекеттік педагогикалық институтында дәріс береді. Күреске икемі бар қыз-жігіттерді балуандыққа баулып жүрген ол, өз шәкірттерімен де мақтанады. Мәселен, Наталья Козина есімді шәкірті дзюдо, самбо және қазақ күресінен Қазақстан ұлттық құрамасының белді мүшесі. Алтынай Темірболатова - қазақ күресінен 2016 жылғы ел чемпионы. Келешегінен зор үміт күттіретін спортшының бірі Әйгерім Құттыбай облыс біріншілігінде үздік атанып жүр. Бұл тізімді осылай жалғастыра беруге болады.

- Бапкерліктің жүгі ауыр. Спортшы ұтса да, ұтылса да өзі үшін жауап береді. Ал жаттық-тырушы керісінше, біреу үшін жауапты. Бұл – үлкен жауапкершілік. Бапкерлердің кілемдегі шәкірті үшін күйіп-пісетіні сондықтан. Шәкіртің айтқан ақылыңды ұқса жақсы. Кеңесіңе құлақ түрмесе, кілемге өзің шығып алыса кеткің келеді. Мықты спортшы атану бапкерге байланысты. Сондықтан шәкірттеріме қаталмын, - дейді Әлия.

Әлия Жұмабекқызы – ардақты ана, аяулы жар. Ол Бауыржан Тұрсынқанбетовпен бірге екі ұл тәрбиелеп отыр. Жұбайы аймақтың спорт сүйер қауымына жақсы таныс. Бауыржан Айтқалиұлы - қазақ күресінен Павлодар облысы жасөспірімдер құрамасының аға жаттықтырушысы. Облыстық спортта дарынды балаларға арналған мектеп-интернатта жұмыс істейді. Ұлдары Арлан мен Әділ де күреспен айналысады. Екеуі де Абай атындағы №10 лицей-мектебінде оқиды. Ата-анасы оларға зор сенім артып отыр.

Әлия Мейрамғалиева – қазақ қыздарына қашанда үлгі. Тек мұндай адамдарды бағалай білсек болғаны.

 

Фархат ӘМІРЕНОВ

 

saryarka-samaly.kz