Көне заманның әр кезінде және осы заманның басында өмір сүрген пайғамбарларға Алланың әмірімен көктен киелі деп саналған үш діни кітап түскен-ді. Олар: Мұса (орысша Моисей) пайғамбарға «Таурат» [17,2], Дәуіт (орысша Давид) пайғамбарға «Забур» [17,55], Иса (орысша: Иисус) пайғамбарға «Інжіл» [2,113] деген кітаптар. Мұндағы квадратты жақшаның ішіндегі бірінші сан – Құран бойынша сүренің реттік нөмірі, үтірден кейінгі сан - сол сүредегі аяттың реттік нөмірі. Бұдан әрі де осылайша жазылады.

Сүре (арабша: сура) – Құранның тарауы. Сүрелер аяттарға бөлінеді. Аят (арабша айа) – өлеңше оқылатын бап.

Алла Мұса, Дәуіт, Иса пайғамбарларды әр басқа тілде сөйлейтін үш халықтың ішінен таңдап алып, оларды киелі кітаптарда жазылған адамгершіліктің ақ жолын өздерінің халқына түсіндіру үшін Алланың елшісі ретінде сол елдерге жібергені жөнінде Құранда айтылған [14,4]. Алайда сол үш халықтың көпшілігі Алланың атымен жүргізген Мұса, Дәуіт, Иса пайғамбарларды тәлімді үгіттеріне бой ұсынбай, тіпті оларды мазаққа айналдырады [6,10]. Бұл оңбаған бұзықтар өздерін әділетке үндеушілерді өлтіріп [3,21], пұтқа табынып [4,51], көпқұдайшылар тобына қосылып кетеді [9,2 – 28]. Сонымен қатар, аталмыш үш киелі кітапты алғандардың ішінде кітап сөзін өздерінше өзгертіп жібергендер де болды [4,46]. Мысалы, Инжил сөздері адамдар тарапынан бұрмаланып, ақыр аяғында төрт кітап болып кеткені белгілі. Ал яһудилер (еврейлер) Таурат сөздерін біршама өзгертіп жібереді [5,41].

Енді осы жерде айтылуға тиісті бір мәселе – құдіреті күшті Алланың киелі үш кітабының тәлімді сөздерін мойындамай, өзді-өзі қырылысып, жақ-жақ болып бетімен кеткен адамдарды Алла неліктен құртып жібермеген деген сұрақ туындайды. Бұл сұраққа Алланың Құрандағы: «Дінде зорлық жоқ» [2,56]; «Егер қылмыстары үшін адамдарды Алла бірден жойып жіберіп отырар болса, онда жер бетінде қыбырлаған жан иесінің қалуы екіталай болар еді. Бірақ жазалауды мәлім мерзімге шегере тұрады. Ал кезі келген сәтте ол жаза не кеш қалдырылмайды, не ілгері жылжытылмайды» [16,45], - деген сөздерімен жауап беруге болады. Міне, жоғарыда айтылғандай киелі үш кітапқа ие болған халықтардың бейберекетсіздікке душар болуынан кейін Алла Арабиядағы Құрайыш тайпасының перзенті ерекше жаратылған, ұлағатты, рухы күшті жан, меккелік Мұхаммедті пайғамбарлыққа таңдап алып, оған өзіне аян етілетін төртінші қасиетті де киелі Құран кітабын арабтарға оқып беруді жүктейді [13,30].

Сөйтіп, мәңгілікке пайда болған Құранның алғашқы аяттарының мәтінін Алла аян етіп, Жебірейіл періште арқылы Арабия жарты аралындағы Хира тауының үңгірінде оңаша отырған 40 жастағы Мұхаммед Ибн Абдоллах Әбді әл – Мүтәліб ибн Хашимге Рамазан айының жұма күні (Қадір түнінде) жібереді. Сондағы аянның Мұхаммед с.ғ.с-ға берілуі Құранда жазылғандай былай болған. Әуелінде Жебірейіл көктің ең жоғарғы кеңістігінде тұрады. Сонан соң ол бірте-бірте Мұхаммедке қарай төмендеп жақындай түседі де, екі садақ бойындай жақын келіп, оған сыбырлап Алланың әмірін жеткізіп, Құранның алғашқы аяттарын айтып береді [53, 5 – 10]. Осылайша Жебірейіл періште 23 жыл бойы, Пайғамбарымыз Мұхаммедке оның өмірінің соңына дейін Құранның барлық сүрелерін тікелей өзі жеткізіп отырады.

Осы жерде ыңғайы келгенде біреу білсе, біреу білмес деп бағамдап айтсақ, Владимир Соловьев, Елена Блаватская, Елена Рерих сияқты теолог, эзотериктер жоғарғы көк әлеміндегі рухтармен (аруақтармен) медиумдік қабілетке түсіп, олармен байланысқа шыға білгендерін қазіргі ғалымдар мойындап отыр. Сонымен бірге, олар рухтардың көмегімен шығармалар да жазғандарын теріске шығаруға болмайды. Мысалы, Е.П.Блаватская өзінің екі томдық «Тайная доктрина» деген кітабын көктен белгісіз бір рухтың ағылшын тілінде айтып отыруымен шабыттанып жазып шыққан.

Мұхаммед Пайғамбар Жебірейіл періштеден естіген аяттарын жадына тұтып, Меккенің тұрғындарына, кейін мүмін мен сахабаларға айтып жеткізеді.

Мүмін – Аллаға және оның пайғамбарына толық иман келтірген әрі оған күмәнсіз сенгендер [49,15]. Сахаба – пайғамбардың серіктері мен исламның сенімді қорғаушылары.

Мұхаммедтің есімі әрқашан «пайғамбар» сөзімен басталып, «Салла Аллаһ алайһи уа салам» (Аллаһтың оған нұры және шапағаты жаусын» деген сөздерге ұласады. Бұл сөздер қысқаша с.ғ.с. болып жазылады).

Арабша «ал-Лаһ» деген екі сөзден қазақша «Аллаһ» сөзі пайда болған. Мұндағы қазақша «ал» сөзі – «жалғыз», Лаһ – «Құдай» деген сөз. Сонда «ал–Лаһ» - қазақша «Аллаһ жалғыз» [112,1] деген ұғымды білдіреді. Аллаһ атауының қазақ тіліндегі мәндес атаулары (синонимдері): Алла, Құдай (парсы тіліндегі «Ходай» сөзінен алынған), Тәңір (көне түркі тілінде), Жаратқан, Құдірет, Хақ (Алланың араб тіліндегі көп аттарының бірі), Жаратушы. «Алла», «Құдай», «Хақ» деген атаулар араб тіліндегі «та – ала» (қазақша: тағала – өте ұлы) сөзімен тіркесіп, «Алла тағала», «Құдай тағала», «Хақ тағала» болып жазылып, «өте Ұлы Аллаһ» деген мағынада айтылады.

Алланың кім екенін сипаттап білуге, яғни ол «пәлендей» деп нақты мәнін айтуға, шынын айтқанда, ешбір дарынды адамзат баласының ақылы жетпейді. Осылай десек те, бізге оның тек жарық дүниеде барлығы мен жалғыздығы ғана түсінікті. Оның Өзі жаратқан ғаламы мен табиғаттан айырмашылығы – Алла тумаған да туылмаған [112,3]. «Құран» деген атау арабтың «қира – а» сөзінен пайда болған. Бұл сөздің мағынасы – оқу, яки дауыстап регитативті (мәнді) мәнерлеп оқу. «Құран» сөзінен кейін, әлбетте, «кәрім» деп жазылады. Кәрім (арабша: карйм) – шарапатты, «қымбатты», «игі», «керемет» деген мағыналарды білдіретін сөз.

Құран кәрім 114 сүре, 6288 аяттан тұрады. Америкалық зерттеуші Филип Хиттидің есебі бойынша Құранда барлығы 77934 сөз және 323670 әріп бар.

Құран кәрім – ислам дінінің басты ақиқатты уағыздары жинақталған мұсылмандардың қасиетті Ұлы кітабы. Мұндағы уағыздар: әдет-ғұрып, діни және азаматтық заң шарттары, Аллаға құлшылық ету, луғатты әңгімелер, білім мен ғылым мәселелері, қанатты сөздер, тәлім-тәрбиеге қатысты ұстанымдар, экономикалық өмір, ұлтаралық қарым-қатынастар туралы, дүниетаным негіздері, әлеуметтік нормалар мен адамгершілік парыздары Алланың сөздерімен араб тілінде жазылған. Сондықтан Құран кәрім – мұсылмандардың конституциясы және оларға өмір бақи түзу жол сілтейтін жарық жұлдыз екені сөзсіз. Құран Алланың сөзі болғандықтан, оған тең келетін автор жоқ. Құранның сөзі – араб тілінде Мұхаммед Пайғамбарға жеткен Алланың сөзі, араб тіліндегі арабтың сөзі емес. Шын мәнінде, «Құран кәрім» дегеніміз – Нұр [5,15]. Ал «нұр» (арабша: нур) дегеніміз – жарық [4,175]. Сондықтан Алла Тағаланың тағы бір есімі араб тілінде «Нұр» деп аталған.

Дін (арабша: дин) – наным, сенім, илану мағынасындағы сөз. Сонда «дін» деген Алланың Құранда жүйелі түрде жазылған тәлімді уағыздарына сенім білдіру боп саналады. Яғни, Алла тарапынан айтылған әмір, міндет және әр қилы тыйымдардың жиынтығына илану «дін» деп аталады. «Ислам» (арабшада да: ислам) сөзі - бағыну, нану мағынасындағы сөз. Ислам – VІІ ғасырда Арабияда Мұхаммед Пайғамбар негізін салған дін, яғни мұсылмандар діні. Ислам діні – бөлінбейтін біртұтас дін. Бөлінетін өзге діндер, атап айтқанда ислам дінінен бөлек діндер.

Аллаға сенім білдіру – ислам дінінің негізгі парызы. Бір Аллаға сенім білдіру қағидасы – арабша «Лә илаһә ілла Ллаһ» (Алладан басқа құдірет жоқ) деген сөз.

Құранның аяттарына бар ықыласымен назар салған әр адамның жан дүниесі ақиқаттың ақ жолына бастар жарықтың сәулесімен нұрланатыны – Құран сөзіндей шындық. Бірде сахабалардың бірі Мұхаммедтен: «Ислам дегеніміз не?» - деп сұрапты. Сонда Пайғамбарымыз с.ғ.с. оған: «Бұл - сөзіңнің тазалығы һәм көңілдің әрдайымғы, риясыздығы», - деп жауап береді. Сосын әлгі сахаба: «Ал дін дегеніміз не?» - деп сұрапты Мұхаммедтен. Оған Пайғамбар: «Дін дегеніміз – сабыр һәм ізгілікті ғамал», - дейді.

Пайғамбар с.ғ.с.-ның екінші сұраққа берген жауабындағы «сабыр» (арабша: сабр) сөзінің мағынасын бір сөзбен айтып беруге болмайды. Өйткені оның мағынасы төмендегі үш тарапты сөзбен анықталады: 1) сабыр – асығыстық жасамау; 2) сабыр - шыдамды, табандылық, рухтың мықтылығы, тұрақтылық, ұстамдық, мақсатқа талпынушылық; 3) дін ілімі турасында сабыр – бой ұсыну, мысалы, ислам дінін толық мойындау. Осы мағыналарға орай айтсақ, сабыр – ақыл серігі болғандықтан, қазақ: «Сабыр түбі – сары алтын», «Сабырлы жетер мұратқа, сабырсыз қалар ұятқа» деп тегін айтпаған ғой. Сондықтан Құран кәрімде: «Сабыр сақтау, өшпенділіктен аулақ болу – ең ізгі қасиет» [42,43] деп жазылған. Сондықтан да, Алла тағала Құранда Мұхаммед Пайғамбарға: «Сен кәпірлердің сөзіне ашуланба, сабыр сақта», - деп әр кезде ескерту жасайды [38,17; 50,39].

Мұхаммед с.ғ.с. 622 жылы Меккеден Мединеге көшіп келіп, мұнда мұсылман қауымын құрады. Сондықтан Құранның сүрелері хронологиялық тәртіппен меккелік және мединелік болып бөлінген. Құранның ішінде меккелік сүрелердің саны – 91, мединелік сүрелер – 23.

Пайғамбарымыз с.ғ.с. араб болғандықтан, Құранның сүрелері оған өз тілінде түсінікті етіп түсірілді [19,97].

Мұхаммед Пайғамбар Құран сүрелерін адамдардың көкейлеріне мықтап қонатындай бабына келтіріп ырғақты әуенмен айтып беруі үшін сүрелер рет-ретімен бөлек- бөлек жіберіледі [25,32]. Тағы бір ерекше тоқтала кетер жайт, Құранның кейбір аяттары бұрынғы киелі кітаптарда да ауызға алынған [26,196]. Алайда мұны Израиль әулетінің ғалымдары білсе де, яхудилердің біразы Алла аян еткен тура жолға түспеді [26,197].

Мұхаммед Пайғамбардың көзі тірісінде Құран аяттары ауызекі түрде таратылды. Ал бізге жеткен Құранның жазба нұсқасы Сәбит ибн Сеит құрастырған жинақ «Осман халифа шығарған Құран» деп аталады. Бұл Құранды 645 жылы ислам дінін қолдаушылар ресми түрде қабылдады. Бұл Құран – шын мәнінде, Алланың күллі жаһан халқы үшін айтқан аса данышпандық ақыл–насихат сөздерінің жиынтығы [68,52]. Сондықтан да Құран – әр адамның осынау қамшының сабындай қысқа өмірінде өз жан дүниесін осы киелі кітапта нұсқалған ең әділ, ең сара нұрлы жолмен өмір сүріп, мәңгі бақилық өмірге анадан жаңа туғандай таза күйінде баруына қажетті білім–тәлім алуы үшін Хақ тағаланың жаһандағы барша адамзат баласына жасаған баға жетпес сыйы.

Енді шындығына келгенде, Аллаға беті дұрыс шынайы дін – ислам діні. Сондықтан Құранда: «Ислам дінінен басқа дінді көксейтіндердің ешқайсысының тілегі қабыл болмайды. Ол қияметте зардап шегеді» [3,85], – деп жазылған. Сонымен, кіріспе сөзіміздің соңында айтарымыз: Құран – Жаратушының адамзат баласына жіберген ең соңғы кітабы. Ал Мұхаммед ақырғы Пайғамбар [3,144]. Олай болса, алдағы өте алыс уақытта жер жүзіндегі барлық халық Құранды мойындап, ислам дінін қабылдайды деп жорамалдауға болады. Бұл заманның қашан болатынын бір Алла ғана біледі.

Құранның мәтіні Тәурат, Забур немесе Інжілден алынбаған. Киелі кітаптарды Аллаһ жібергендіктен, олардың араларында ұқсастықтар бар. Бір-бірінен айнымайтын немесе бір-біріне өте ұқсас жерлері де бар. Өйткені бәрін жіберген – Аллаһ. Бірақ Тәурат, Забур және Інжілдің мәтіндері адамдар тарапынан өзгертілгені туралы жоғарыда айтылды, Аллаһ Құранның түпнұсқасы мәтінін олардан кейін жіберген. Шындығына келсек, құран өзінен бұрын жіберілген үш киелі кітапты түзетеді. Мұны Аллаһ құранда ашықтан-ашық білдірген. «Бұл Құранды Алладан басқаға телуге тіпті де болмайды. Ол өзінен бұрын Жерге түсірілген кітаптарды (тәуратты, інжілді) бекітіп, Алланың тағылымын түсіндіреді. Оған ешқандай күмән жоқ. Ол әлемнің Әміршісі тарапынан жіберілген» [10, 37].

Тәурат, Забур, Інжіл және Құранды оқыған адам бұл кітаптар мен Құран арасының айырмашылығы Жер мен көктей екенін аңғарады. Тәурат, Забур және Інжілдердің тек қана өмірбаян кітабы екенін, ал Құранның Аллаһ сөзі екендігін көреді. Сондықтан да, көптеген ілімді адамдар мұсылман болуда. Бұған қоса, 645 жылдан бастап, бүгінгі күнге дейін Құранның бірде–бір сөзінің өзгермегенін айта кеткен жөн.

Құрандағы 6288 аятта ғылым, білім туралы 719 рет айтылады. Құранда айтылған ғылыми мәселелердің көбі басқа киелі үш кітапта жоқ. Бұл да - Құранның мәтіні аталмыш үш кітаптан алынбағанының анық айғағы. Құрандағы ғылым туралы айтылған аяттардың дұрыс екендігін күн өткен сайын ғылым растауда. Құранда ғылымға қарсы келетін аят жоқ. Енді Құранда ғылымға байланысты айтылған кейбір нақтылы деректерге тоқтала кетелік.

Құранның жуара [26, 141], нәміл [27, 45; 54 - 58], әнкабут [29, 26 - 34] сүрелерінде күнәға шырмалған Ад және Самуд деген елді мекендердің тұрғындары мен тақуа Лут туралы тәмсіл бар. Лут - Ибраһим пайғамбардың інісі Харанның баласы [29, 26]. Ад пен Самуд елді мекендері – Өлі теңіздің батысындағы Иордан өзенінің аңғарында орналасқан.

«Кезінде Лут та өз жұртына (Ад пен Самуд тұрғындарына. – С.Ж.) былай деді: «Жасырары жоқ, сендер нағыз жиіркенішті әрекет жасап жатырсыңдар. Мұндай сұмдықты сендерден бұрынғылардың ешқайсысы істеген емес [29, 28].

Еркек пен еркек жақындаса ма, жол тосып, қарақшылық жасайсыңдар ма, жиналып алып, бар сұмдыққа барасыңдар ма (ойларыңа келгенді істейсіңдер)» - деді. Сонда олар: «Айтқаныңның рас екенін білейік, бізге Құдайдың қаһарын төндіре қойшы! – дегеннен басқа ештеңе айта алмады [29, 29]. «О, Жаратқан! Мынау бұзылған қауымға қарсы маған жәрдем бер», - деді (Лут) [29, 30].

Біздің елшілеріміз (періштелер) Ибраһимге (перзенті болатыны туралы) қуанышты хабар алып келгенде: «Бұл қаланың (Самудтың.-С.Ж.) тұрғындарын біз, сөз жоқ, күйретеміз, өйткені олар - нағыз зұлым қауым», - деді [29, 31].

«Ол қалада Лут бар емес пе?» - деді (Ибраһим). «Бұл қалада кім бар екенін біз жақсы білеміз»,-деді періштелер. – Оның өзін де, әйелінен басқа адамдарды да, әрине, құтқарамыз. Тек әйелі ғана (күпірлігі үшін күнәкарлармен бірге) құртылады [29, 32].

Біздің елшілеріміз келгенде Лут оларды қорғап қала алмаймын-ау деп абыржыды, тынысы тарылып, қатты қысылды. «Сен қорықпа да саспа, - деді періштелер. – Біз сені де, әйеліңнен басқаларды да, сөз жоқ, құтқарамыз. Тек әйелің ғана көзі жойылатындар қатарында болады» [29, 33]. «Аллаға бой ұсынбағаны үшін бұл қалаға біз, сөз жоқ, аспаннан пәле жаудырамыз [29, 34].

Адты да, Самудты да тұрған жерлерінде жойып жібергеніміз сендерге мағлұм. Шайтан оларға өздерінің жаман қылықтарын жақсы етіп көрсетті, тура жолға түсуге тосқауыл жасады. Олар ақылды адамдарды алжас-тырды) [29, 38]. Сөйтіп, Алла Ад пен Самуд қалаларына аспаннан астероид жіберіп, екі қаланы, онда тұратын халықпен бірге (олардың ішінде осы жердің тумасы, шыншыл емес Луттың әйелі де бар) жоқ қылады [53, 50 - 51].

Дәл осындай опатты қайғылы жағдайлар бір мезгілде Ад пен Самудтан басқа Өлі теңіздің батысындағы Содом мен Гоморра қалаларында да болады (қараңыз: Коран. Перевод смыслов и комментарии Иман Валерии Пороховой. Издание восьмое. Москва, «Рипол классик, 2005, 703 бет, 768 а түсінік).

Алланың әмірімен қайғылы апатқа ұшы-раған ежелгі палестиналық қалалар туралы адамдар кезінде тек Тәураттың Көне өсиет жазбаларынан хабардар болған еді.

Өлі теңіз маңындағы ежелгі палестиналық қалалардың апат болулары жайлы әңгіме Санкт–Петербург қаласында шығатын «Тайны ХХ века» деген апталық журналдың 2017 жылғы №12 санында да басылған «Содом и Гоморра – удар из космоса» атты мақалада да айтылады, бұл мақалада ғалымдар 1834 жылы астероидтың отынан өртеніп кеткен қалалардың орнында археологиялық қазба жұмыстарын жүргізіп, Содом қаласының шетінде бір мезгілде шамамен 20 мыңдай өліктің жерленгенін анықтайды.

Халқы көп, гүлденген ежелгі палестиналық қалалардың жан түршігерлік апатқа ұшырағандары туралы ежелгі грек тарихшысы және географы Страбон мен ежелгі Рим тарихшысы Корнелий Тациттің жазғандары бар. Мысалы, Страбон: «Қайда қарама сонда қираған үй-жайларды көресің. Сондықтан бір кезде бұл жерде 13 елді мекен болған деген жергілікті тұрғындар арасында көп таралған аңызға да нануға тура келеді. Сол елді мекендердің ішінде ең үлкені – шеңбері 10,5 шақырымнан аса Содом қаласы», - деп жазады. Осы 13 елді мекеннің ішінде Алланың рақымымен трагедиялық апаттан тек Сигор қаласы ғана аман қалғаны туралы жазылған аталмыш мақалада.

Тақуа Лут пен күнәға батқан Самуд тұрғындары жайлы жоғарыда Құраннан мысал ретінде алынған тәмсіл толығымен дерлік сөзбе–сөз тәураттық аңызды қайталайды.

Өлі теңіз жанындағы елді мекендердің аспанда от шашып, жерге түскен астероидтан өртеніп кеткені Ұлыбританиядағы Бристоль университетінің астрономы, физика ғылымдарының докторы Марк Хемпселлдің есебі бойыншы біздің эрадан 5139 жыл бұрын болған.

Жоғарыда сөз болған әңгімелерден Құранның сөзі араб тілінде Мұхаммед (с.ғ.с) пайғамбарға жеткен Алланың сөзі екендігіне нақты бірден–бір дәлелдеме болатын екі ғылыми пікір туындайды. Бірінші пікір: Біздің эрамыздан 5139 жыл бұрын Алланың әмірімен аспаннан түскен астероидтан өртеніп кеткен Ад және Самуд қалалары жайлы деректің пайғамбарымыз (с.ғ.с.) қайтыс болғаннан кейін, яғни 13 жылдан соң 645 жылы ресми түрде қабылданған Құранның алғашқы жазба нұсқасында болуы Құран сөзінің барлығы дерлік Алланың сөзі екендігіне дәлел бола алады. Екінші пікір: Біздің жыл санауымыздың VІІ ғасыры басында Арабия түбегінде өмір сүрген арабатардың арасында Өлі теңіз маңындағы Ад және Самуд қалаларының біздің эрадан 5139 жыл бұрын өртеніп кеткендерін анықтай алатын білімді археолог ғалым болмағаны ақиқат екені күмәнсіз. Бұл жерде тағы бір қаперге алар жайт, Құранда айтылған Самуд қаласының тұрғындары Алланың аяттары тыйым салған іс–әрекеттер жасап, күнәһарлар болғандығы туралы дерек Тәураттың Ескі өсиет кітабында да сөз болатыны белгілі. Осы екі пікірге орай айтсақ, Құран сөзі Алланың сөзі екендігіне көзіміз жетеді. Ал енді, Құранның үш сүресінен ғылымға тікелей байланысты жазылған аяттарды оқып көрелік.

25–фуркан сүресінде: «Ол сондай Алла, екі теңізді қоя берді; бірі тәтті су да, енді бірі ащы (тұзды). Екеуі қосылып кетпеуі үшін араларына бекем бөгесін қойды» деп жазылған [25, 53]. Бұл жерде ерте заманда бәлкім қатарлас екі теңіз болған шығар. Кейін екі теңіз қосылып кетіп, сыртқы көрінісі қазіргідей болған Балқаш көліне айналған деп жорамалдауға болады. Көлге сұғына кіріп жатқан Сарыесік түбегі Балқашты гидрологиялық жағынан бір-бірінен өзгеше екіге бөледі.

Алайда екі бөліктің суы бір-бірімен аралас-пайды. Судың минералдығы мен тұздылығы бұл екі бөлікте екі түрлі. Батыс бөлігінің суы тұщы (0,74 г/л), шығыс бөлігінің суы тұзды (5,21 г/л). Балқаштың батыс бөлігі фаунаға бай. Бұл бөлікте балықтың 20-дан астам түрі бар. Көлдің шығыс бөлігінде балық жоқ.

27–жәміл сүресінде: «...екі теңіздің қосылып кетпеуі үшін (тәтті және ащы сулардың араласып кетпеуі үшін) араларына бөгет жасап, бөліп тастаған кім? Ендеше Алладан басқа қандай құдірет бар? Жоқ. Бірақ олардың (көпқұдайшылардың) дені мұны түсінбейді [27,61]. Осы 61-ші аят бойынша 1962 жылы неміс гидрогеологтары Аден шығанағы мен Қызыл теңіз бірігетін Баб-Әл-Мандеб бұғазында Қызыл теңіз бен Үнді мұхитының сулары бір-біріне араласып кетпейтіндігін анықтаған болатын. 55–рақман сүресінде: «Ол (Алла. – С.Ж.) қосылып кету мүмкіндігі бар екі теңізді қатар ағызып қойды. Бірақ араларына тосқауыл тастады да, қосылдырмады» [19-20]. Дәл осы сүренің аятында шифрланып жазылғандай әлемнің небір құпияларын (Алла жасаған) қазіргі заманғы ғалымдар мұсылмандардың қасиетті кітабы құранның аяттарынан ғылыми жаңалық ретінде тауып жүргені белгілі.

Жоғарыда рақман сүресінің 19-20 аяттарында айтылған қосылып кетпеуі үшін араларына тосқауыл қойылған екі теңіз қай теңіз? Кәнеки, осы сұраққа жауап беріп көріңіз, оқырман. Әрине, оған жауап бере аламаймыз. Осы сүрелерде айтылған сулары бір-біріне араласып кетпейтін Атлант мұхиты мен Жерорта теңізі екендігін құраннан 1317 жылдан кейін алғаш анықтаған француз ғалымы Жак-Ив Кусто (1910-1997). Ж.Кусто Атлант мұхиты мен Жерорта теңізі жанасқан жердегі судың жағдайын тексеруге кіріседі. Сонда ол әуелі Жерорта теңізінің жылылығы, ащылығы, тығыздығы мен суасты хайуандарын анықтайды. Дәл осындай тәжірбиені ол Атлант мұхитында да өткізеді. Бұл екі су алабы Гибралтар бұғазында мыңдаған жылдардан бері бірігетін еді. Мұндай жағдайда екі су алыбы бір-бірімен араласып, олардың ащылық дәрежесі, температурасы, тығыздығы және басқа да элементтері өзара ұқсас, ең болмағанда, өзара жақын болуы керек еді. Бірақ екі теңіз, тіпті ең жақын бөліктері де өзіне тән қасиеттерін сақтап қалған. Яғни, су алаптары қосылған тұста Алланың әмірімен орнатылған ғажайып бір су пердесі екі теңіз суының бір-біріне араласып кетуіне бөгет болады екен. Осы себепке байланысты судың тұз мөлшері ішіндегі тіршілік иелері де мүлдем басқа. Анализіміздің осындай таңқаларлық нәтижесі академик Кустоны Құдайдың барлығына шүбәсіз сендіреді. Сөйтіп, ол христиан дініндегі адам болса да, исламға, оның ішінде Құранның сөздеріне ақкөңілмен, аса құрметпен сенім білдіреді.

«Құранның жүрегі» деп саналатын Йа-син сүресінде: «Бірер затты жаратқысы келсе, (Алла): «Бол!» - дейді, болады» [56, 82]. Бұдан біз Құдайдың құдіретінің шексіз екендігін білеміз. Осы жерде реті келгенде астын сызып тұрып айта кетсек, білім күннен-күнге дамыған сайын Құрандағы ғылыми аяттардың дұрыстығы расталуда.

Бүгінде адам ақылы тарапынан ешқандай өзгеріс пен бұрмалануға ұшырамаған аспан әлемінің қасиетті төрт кітабы ішінде тек жалғыз ғана Құран екендігін жер бетіндегі адамзат баласының барша зиялы өкілдері мойындайды деп күмілжімей айтуға болады.

Құран кәрімнің таң қаларлық ғажабы – мұнда тарихтың өтпелі бүкіл уақытында адамзат баласына шешілуі аса қажет көптеген әлемдік және өмірдің мәніне байланысты сауалдардан бастап, ғылымның эмбриология, физиология, астрономия, геология, биология, океанология, физика, эпидемиология және басқа салаларына дейін әртүрлі мәселелерді де қамтуы. Міне, осыдан болар, қасиетті Құранды құмарта оқыған адамның аяттарда ойлануға, ақылмен сезінуге һәм зерттеуге ашық шақыратын келелі мәселелердің көптігіне көзі жетеді.

Алланың Құран аяттарында мүминдерге ғана емес, жер–жаһандағы барлық адамзат баласына «Құдайдың шектемесінен шығып кетпеңдер» [12, 112] деп жасаған ескертпелері аз емес. Енді сол аяттардан мысалдар келтірелік. «Ей, иман келтіргендер! Өздеріңе жаны ашитындардан басқаны жақын тұтпаңдар. Сендердің бастарыңа машақат келтіру мақсатында олар білген қастығын аямайды. Олардың дұшпандығы сөздерінен де байқалады, ал, іштерінде тіпті сұмдық жат пиғыл жатады. Аңдасаңдар, бұл жағдай біздің көп аяттарымызда баян етілді» [3, 118]. «Аллаға шын ниетімен берілген адам – мықты тұтқадан ұстағанмен бірдей» [31, 22]. «Сендердің өз табиғаттарыңа үйлестіріп (өз қастарыңнан) әйел жынысын жаратқаны да, араларыңа тіршілік ләззаты етіп, сүйіспеншілік, мейірім бергені де Алланың аяттарында айтылған. Шынын айту керек, пенде қамы аятта түгел көрсетілген» [30, 21]. «Бұл дүние қызығына ешқашан масайрамаңдар» [35, 6]. «Құран туралы олар (исламнан теріс айналғандар. – С.Ж.) ойласпайды дейсіз бе? (ойлайды). Бірақ, олардың жүректерінде құлып бар» [47, 24]. «Құранға сенбейтіндерді Алла тура жолға салмайтыны даусыз. Ондайлар ауыр жазаға ұшырайды» [16, 104].

Осы мысалға алынған Алланың көпшілік жұртқа арналып айтылған тәлімді, тағылымды ескертпе уағыздары олардың сана-сезімдерін оятып, әр адамның өз ақылымен аяттардың терең мәнді мағынасын жете түсіну керектігіне ой салады. Енді осы тұста атап айтсақ, Құран туралы ұдайы ойлап, оның рухани шындығына көз жеткізуге ізденіс И.В.Гётены, Наполеон Бонапартты, А.С.Пушкинді, Л.Н.Толстойды, Ж.-И.Кустоны және ХІХ–ХХ ғасырлардың бірсыпыра ғалымдары мен ойшыл саңлақ-тарын Құранды мойындауға алып келді.

Бізге бар белгілісі, Құран мәтіні толық жазылып біткенше, адамдар репродукция (адамның ұрықтан жаралуы) және оның даму үдерістері (процестері) туралы аз білді.

Эмбриология саласы бойынша білімнің дамуы ХVІІ ғасырға шейін, яғни микроскопты ойлап тапқанша елеулі дәрежеде дамымағаны белгілі. Бұрынғы уақытта, атап айтқанда, ХVІ ғасырға дейін эмбрионның дамуы ұйыған қан мен ұрықтың қосылуына байланысты деген пікір қалыптасқан болатын. Бұл қате көзқарас ғасырлар бойы үстем болды. Сол кезде менструалды қанмен эмбрионның пайда болуы басталады деп саналды. Тек микроскоп жаңалық боп ашылғанда ғана ұрықтық сұйықта сперматозоидтың бары белгілі болды.

1694 жылы сперматозоидта болмашы шамадағы адами тірі организм – гомункулус бары туралы пайымдау пайда болады. Осы пайымға илансақ, әйелдің адамның пайда болуына тікелей қатысы оншама емес сияқты. Алайда әйелдің бойына бала бітуіне сперма мен аналық клетка қажеттігі ХVІІІ ғасырға дейін, яғни микроскопты жеткілікті сатыға жетілдіріп, оның оптикалық қасиеттері жақсартылғанша әлі де болса белгісіз қалған–ды. Бұған қоса айтарымыз, Адам ата мен Хауа ананың жұптасуынан кейін адамның ұдайы пайда болу жолы жайында жарық көрген алғашқы көне қолжазбаларды жазған адамдар білместік шарасыздығынан әр түрлі ақиқатқа жанаспайтын мәлімдемелер жасағаны да белгілі. Өйткені ежелгі заманда адамның пайда болуы сияқты күрделі жайды шын мәнінде түсінуі үшін зерттеуші адамдарға анатомияны, биологияны және ультрадыбысты жетік білумен қатар, оларда физиологиядан, эмбриологиядан, гинекологиядан, урологиядан қалыптасқан ғылыми білім және микроскоп пен рентген аппараты болмады.

Құранның келесі аятында адамның құрсақта даму кезеңінің жүйесі көрсетілген: «Алла сендерді құрсақта пайда етті де, одан өзі қалаған түрге (адам түріне) келтірді» [3, 6].

Ұрық ананың ішінде (жатырда) үш жамылғының қорғауында дамып жетіледі. Ол жамылғылар: 1) алдыңғы құрсақ қабаты; 2) жатыр іргесі; 3) амниотикалық мембрана (қоректік орта). Құранда адамның жетілу кезеңдері былайша берілген: «Адамды біз топырақтың ең асылынан жараттық. Одан соң оны ұрықтың тамшысына айналдырып, өте сенімді орынға – (жатырға) орналастырдық. Одан әлгі ұрықты ұйыған қанға айналдырдық, ұйыған қанды бір жапырақ етке айналдырдық. Бір жапырақ етке сүйек бітірдік, одан соң сүйекке ет қондырдық, оған (жан кіргізіп) басқадай жаратылысқа айналдырдық» [23, 12 - 14]. Бұл аяттарда айтылғандай жатырға енген жалғыз тамшыдан (сперматозоидтан) ұрықтың пайда болуы мен өсіп жетілуі төмендегідей басты үш кезеңнен өтеді:

1. Еркектің бойынан атылып шыққан сұйық заттың жатырға ену кезеңі (нутфа).

2. Сұйық заттан жеке–дара бөлінген жалғыз тамшының даму кезеңі (хальк).

3. Эмбрионның өсіп, нәресте пішінді жетілу кезеңі (нашъға).

Қазіргі биология ғылымында «нутфа» деген бірінші кезеңде жатырдағы сперма (ұрық сұйығы) мен аналық клетканың қосылуы нәтижесінде ұрықтану үдерісі басталады (зигота). Сонда ұрық сұйығында бар миллиондаған тамшылар ішінен жалғыз ғана тамшы бөлініп шығып, аналық клетканың мембранасына кіріп кетеді. Бірақ, осыдан соң клеткалық мембранада бірден болған физико-химиялық үдерістер мембранаға кіретін жерді бекітіп, оған басқа тамшылардың (сперматозоидтардың) кіруін мүлдем тоқтатып тастайды. Сосын, клетканың бөлінуі нәтижесінде бластула (ұрықтық көпіршік) қалыптасып, оның жатырдағы имплантация үдерісі өтеді.

Екінші «хальк» деген кезеңде ұрықтану үдерістері қазіргі биологиялық терминдермен атап айтсақ, «алака» (сүлік), «мудга» (әбден шайналған кесек), «изам» (сүйектер) және «ляхм» (ет) деген төрт сатыдан өтеді. Алака сатысы 24-25 күнде аяқталады. Сонда адам эмбрионының сыртқы пішіні сүлікке ұқсас болады.

«Мудга» деген сөз эмбрионның әбден шайналған кесек етке ұқсастығын білдіреді. Бұл сатыда алдағы уақытта пайда болатын сүйек пен бұлшық еттердің орындары біліне бастайды. Мудга сатысы біткенде ұрықта шеміршектің қаңқасы білінеді.

Хальк кезеңінің изам сатысында эмбрион түзуленіп, іштегі нәрестенің тіршілік әрекетін қамтамасыз ететін құлақтар, көздер, тері, сүйектер сияқты мүшелері қалыптасады. Соңғы ляхм сатысында сүйектер етпен қоршалып, нәресте денесінің түзелуі жалғасады. Үшінші «нашъға» деген кезеңде нәресте толығымен жетіліп, оған жан бітеді. Сонымен қатар, нәресте денесінің мөлшерлестігі өзгеріп, дербес кейпі, басқадай ерекше белгілері қалыптасады және оның барлық мүшелері мен жүйелері жетіледі.

Жоғарыда біз сөз қылған жайттар Құранда да жан-жақты бейнеленіп жазылған.

Енді ұрықтың жатырда нәресте болып жаратылуы жөнінде Құраннан мысалдар алып көрелік.

«Адамдар өздерін беталды жаратылған жандар деп ойлай ма? Ол жатырға түскен жалғыз ғана тамшы емес пе еді? Одан соң ұйыған қанға айналады. Содан барып Алла оған сұлу мүсін берді. Сол руһтан еркек–әйел жұп қылып екі жыныс жаратты [75, 36 - 39].

«Ол бөлініп шыққан тамшыдан пайда болған. Тамшы – омыртқа мен төс сүйектің арасынан шығады. Енді Алланың сол адамды қайта тірілтіп, қалпына келтіруге де құдіреті жетеді» [86, 6–8].

«Ана құрсағында сендерді бір түрден екінші түрге (тұлғаға) ауыстырып, соның бәрін үш қараңғылық (құрсақ, жатыр, қағанақ) ішінде жетілдірді [39, 6]. Бұл аятқа қосымша деректеме: Ананың ішіндегі нәрестенің айналасында қазіргі биология терминдері бойынша амнион (су қабық), сероза (нәрестеден тыс қабық), аллантаис (нәрестенің дем алуын, қоректенуін қамтамасыз ететін ерекше мүше) сияқты үш перде болады. Бұл перделер жатырдағы нәрестені су, жарық және ыстықтан қорғайды.

«Алла адамды не нәрседен жаратты? Бір тамшыдан жаратып, сонсоң бірнеше кезең-мен бірте-бірте жетілдірді» [80, 18–19]. «Біз сендерді әуелі Адам атаны топырақтан жараттық. Оның нәсілін (рухтан) жыныстық тамшыдан, кесек еттен құрап жараттық... Осыдан соң өз қалауымыз бойынша құрсақта (жатырда) белгілі мерзімге дейін сақтаймыз да жарық дүниеге нәресте етіп әкелеміз» [22, 5].

Құран кәрімде еркектің зәр шығару түтігі арқылы шыққан жалғыз ғана тамшы (сперматозоид) әйелдің жатырында аналық клеткамен қосылғанда өтетін ұрықтану үдерісінің нәтижесінде болашақ өмірге келетін нәрестенің негізі – ұрықтың (эмбрионның) пайда болуы туралы толық жазылған мағлұмат бүгінде білімдар кісілер түгіл медицина, биология және эмбриология ғылымдарының ғалымдарын да таңқалдырады деп кәміл сеніммен айтуға болады.

VІІ ғасырдың басында адамның көру қабілеті жетпейтін өте кішкене нәрсені көрсете алатын оптикалық аспап (микрос-коп) жоқ болғанда, сол кезде өмір сүрген араб білімпаздары эмбриондық даму жөнінде Құрандағы мағлұматтарды жазулары, шындығына келгенде, мүмкін емес. Сондықтан, қорыта айтқанда, Құранның авторы адамзат баласы емес, Құран сөзі – Алла тағаланың сөзі деген тоқтамға келеміз.

P.S. Бұл мақаланы жазғанда автор 1992 жылы Алматыдағы «Жазушы» баспасында шыққан Рәтбек қажы Нысанбайұлы мен У.Қыдырханұлы аударған Құран кәрім кітабын пайдаланды.

Серік ЖАҚСЫБАЕВ, Екібастұз қаласының Құрметті азаматы, тыл және еңбек ардагері.

saryarka-samaly.kz