Елгезек болу ұят емес

Астанада өткен оқиғаға байланысты қоғамда қызу пікір өрістеп, үлкен шу-шұрқан шықты. Жаңадан ашылған супермаркетке ағылушылар көп болатынын білеміз. Алайда бір сатып алушы өзінің таңдаған тауарының салмағы қағазда көрсетілген мәліметтен әлдеқайда жеңіл екенін, осыған қарамастан кассадағылар ақшаны толық көлемде есептегенін аңғарған. Сөйтіп, шу шығарған. Бұл жағдай тұтынушылар тарапынан кеңінен талқыланып, үлкен наразылық туындағаннан кейін аталмыш супермаркет әкімшілігі кешірім өтініп, мән-жайды түсіндіріп, ақталды. Десе де, бұл жайттан кейін сатып алушылардың да бұрынғыдан қарағанда аздап көзі ашыла бастағанын байқағандай болдық.

Жыл басында Рахат Қаппасов есімді павлодарлық азамат әлеуметтік желіде жергілікті ірі супермаркетте болған оқиғаны жариялады (сауда орнын атап көрсетпеуді ұйғардық). Ол әлгі сауда орнынан «Ариэль» кір жууға арналған ұнтағын акция бойынша 1768 теңгеге сатып алмаққа бекінген. Аталмыш тауардың акция бойынша бағасы осылай көрсетілген. Қызығы сол, кассаға барып есеп айырыспақ болғанда, сатушыңыз тауар бағасы 2515 теңге деп міз бақпаған. Кейін біраз уақытқа созылған текетірестен соң оқиғаның мәліметтер базасында жіберілген қателікке байланысты орын алғаны анықталды. «Бұл гипермаркетте сауда жасағанда абай болыңыздар. Бағаны кассада және чекте тексеріңіздер. Сату орнының әкімшілігі барлық кінәні сатушыға аударған. Мұндай үлкен компания осындай арзан әрекетке барады деп ешқашан ойламайтын едім. Кәсіпкер өзінің дүкенін аралап шығып, бәрін бақылауда ұстаса жақсы болар еді», - деп жазады алданған азамат.

Былай қарасаңыз, тауардың баға айырмашылығы соншалық қомақты емес. Алайда мәселе онда емес. Мәселе – дүкеннің «бағаны арзандаттым» деп клиенттерді көпе-көрінеу тонауында. Әлі күнге ондайды қалыпты жағдай деп түсінетініміз де бармақ шайнатады. Батыс жақта бүйтіп көрсінші, саудагерді түп-тұқиянымен елдің көзінше масқаралар еді. Шындығы сол, біздің қоғамда ондай кемшілікті әшекерелеушіні жақтап, қолдай қоймайды. Керісінше, «айналасы 100 теңгеге бола сонша шу-шұрқан шығарғаны несі, кедейленіп қала ма соған бола, енді кезекті ұзартып жіберді!» деп, жазғыруға бейіл.

- Бұл – нағыз алдау. Біз үнемі чекке қарай бермейміз ғой. Ендеше, қаншама адам тиімді сауда-саттық жасадым деп малданады. Шын мәнінде, өзін алдап соққанын сезбейді де, - деп қостау пікір жазады осыған байланысты қала тұрғыны Әлия Мұхамедьярова.

- Барлық сатып алушылар өзінің құқығын солай қорғағанда ғой. Алаяқтықтың бұл түрі әбден шегіне жетті. Сатушылардың әрекеті кадр жетіспеушілігінен деп білемін. Барлық мамандар бір сауда орнынан екіншісіне «көшіп жүреді». Ал тұтынушыларды алдау мәселесіне келсек, заң бойынша әкімшілік жауапкершілік қарастырылған. Тұтынушы-лардың құқығын қорғау жөніндегі заңды біліп, тауарды көрсетілген баға бойынша сатуды талап ету керек, - дейді осы мәселемен ұзақ уақыт шұғылданған маман, бүгінде ҚР Президенті жанындағы Мемлекеттік басқару академиясының Павлодар облыстық филиалының жетекшісі Гүлнар Исенова.

Пысықайлар ебін табады

Тұтынушыларды алдау оқиғасы тек азық-түлік саласында ғана кездеспейді. Азаматтардың қаржылық, басқа да сауатсыздығын өздеріне оңтайлы пайдаланатын техника сататын дүкендер қаншама. Осыдан біраз жыл бұрын ұялы телефон сатып алған адамға қосымша ақша төлеттіру арқылы антивирус, басқа да қызметтерді қосып берген жайттар болатын. Осыған ұқсас оқиғалар әлі де кездеседі.

- Тұрмыстық техника дүкендерінің адамдарды алдау арқылы пайдаға кенеліп жатқаны туралы бірінші рет естіп отырған жоқпын. Шынын айтайықшы, біз, қазақстандықтар, өз құқығымызды, заңымызды жетік білмейміз, - дейді Даниял Қазанбай есімді тұрғын. Ол тап болған жағдай мынадай: ноутбук сатып алмақ болған, сауда үйінің қызметкерлері техниканы тексеріп іске қосу үшін қосымша 3 мың теңге ақша талап еткен. Сабырлыққа салған ол тексеруге келіскен. Десе де, не үшін екенін сұраған. Қызметкерлердің берген жауабынша, сатып алушылар өздігінен «Виндоус» бағдарламасын қоса алмайды, кейбір ноутбуктерде баптау қызметінде хорват тілі шығуы мүмкін. «Ақылды» қызметкерлер шұқылап көріп, аз уақытта техниканың тілі, жұмысы дұрыс екенін анықтап беріпті. Онсыз да жаңа дүниені «жіліктеп тексеру» арқылы қосымша нәпақа тауып, сатып алушыларды үйіне қайтарған. Д.Қазанбайдың әңгімелеуінше, осыған ұқсас оқиға біраз уақыт бұрын қайталанған. Жасы егде бір адам дүкенге «Айпад» сатып алуға келсе, түріне қараған консультант қызметкер техника тілін білмейтінін өз пайдасына жаратпаққа бекінеді. Сөйтіп, алдап-сулап, қосымша ақша сұрап, «Айпадына» «еш жерде кездеспейтін керемет қызметтерді» қосып беріпті. Сондағы көрсеткен «қызметтері» – электронды «Апп-Стор» жүйесінен тегін көшірілетін қосымшаларды орналастырып берген. Міне, бізде жасына қарап «сыйлаудың» бір түрі.

Мұндай естір құлаққа ерсі оқиғалар, өкінішке қарай, біздің қоғамда жиі кездеседі. Батыс Еуропа елдерінде клиенттерді тонау әрекеті үшін түп-тұқиянымен бірге жұрт көзінше айыптап, есекке теріс мінгізіп қоя берер еді деп ойлаймыз. Бұл жерде кінә тұтынушының өзінде де бар. Егер көп болып талап ете білсе, сатушылар да ырыққа көнеді. Болмаса, заң жүзінде сазайын беруге әбден болады.

Сазайын тарттыру - сіздің қолыңызда

Тұтынушылар құқығын аяқ асты ету оқиғалары жиілеген соң мамандар құқықтық сауаттылықты арттыруға кірісе бастады. Сөйтсе, «көп асқанға бір тосқан» жасайтын заң бізде де бар екен. Тек мән бермей келгенбіз.

ҚР Ұлттық экономика министрлігі Табиғи монополияларды реттеу және тұтынушылар құқығын қорғау комитетінің мәліметінше, кез келген тұтынушы заң бұзушылық бойынша шағымдануға құқылы. Тұтынушылар құқығын қорғау туралы заңның 13-бабы 2-тармағына сәйкес кез келген азамат сатып алынатын тауардың немесе қызметтің сапасын, толық жинақтылығын, салмағын, көлемін, санын және өлшемін тексере алады. Тіпті, сатушылардың көзінше тауарды дұрыс және қауіпсіз қолдануды демонстрациялы түрде көрсетуін талап ете алады. Егер өлшеу, есептеу бойынша, клиентті қасақана алдау бойынша фактілер анықталса, тұтынушы адам құзырлы мекемеге, яғни ішкі істер органына, кінәліні әкімшілік жауапкершілікке тарту мақсатында шағымдану керек. Басқаша айтқанда, полиция қызметкерлерін шақыра алады. Тауарды сатып алу фактісін растау үшін фото немесе бейнеқұралға түсіріп алуға болады. Айтпақшы, сізге ешкім де сауда орталығында фотоға және бейнежазбаға түсіруге тыйым сала алмайды. Ондай шектеу Сауда қатынастарын реттеу жөніндегі заңда да, ҚР Әкімшілік кодексінде де, Ішкі сауда ережесінде де көрсетілмеген.

Тұтынушы шағымданған жағдайда кінәлі дүкен, кәсіпкерлік иелеріне қандай шара қолданылады? Бұл жерде Әкімшілік кодекстің 190-бабы бойынша айыппұл салу қарастырылады. Жеке тұлғаларға 10 айлық есептік көрсеткіш, шағын кәсіпкерлік иелеріне 20 айлық есептік көрсеткіш, орта кәсіпкерлікке – 30, ірі кәсіпкерлік субъектілеріне 50 айлық есептік көрсеткіш көлемінде айыппұлдар салынады. Егер жағдай қайталанса, айыппұлдар көлемі арта түседі. Кейбір жағдайда шығын көлеміне қарай дүкенді жекелеген қызмет түріне байланысты лицензиядан айыру, сондай-ақ әрекетін 3 жылға дейін тоқтатып тастау шарасы да қарастырылған.

Бауыржан Мұса, қала тұрғыны:

– Әсіресе, сауда орнының кассасында отыратын қызметкерлердің көргенсіздігі таң қалдырады. Өз құқығыңды талап ете бастасаң, бірден шамданып шыға келеді. Одан кейін оларға күзетшілер көмекке келеді. Бұл тұтынушыларды ақымақ қылғандары ғой...

Айгүл Жартыбаева, қала тұрғыны:

– Сауда орындарында мұқият болмасаң, алданып қалуың оп-оңай. Өзім де бір емес, бірнеше рет супермаркеттер тарапынан осындай бассыздықтың құрбаны бола жаз-дадым. Тек тауар сатып алған соң үнемі оның чегін талап етіп, оны мұқият тексеретінімнің нәтижесінде ғана алданбай келемін.

Түптеп келгенде, тұтынушыны көпе-көрінеу тонау - үлкен заң бұзушылық. Сауда қызметкерлерінің әрекетін ұятсыздыққа балап, кешіріп қоя салатын уақыт өткен. Көп қорқытады, терең батырады. Ендеше, өз құқымызды біле жүрейік, сауатымызды арттырып, құқығымызды қорғайық. Жем болмаңыз.

Нұрбол ЖАЙЫҚБАЕВ, Данияр ЖҰМАДІЛОВ.

saryarka-samaly.kz