Айгүл ШАЙЫМОВА, ҚР Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі төраға-сының орынбасары:

- Бүгінде мемлекеттік қызметшінің айлық ақысы екі критерийге: бірі – мемлекеттік қызметтегі еңбек өтілі, екіншісі лауазым санатына байланысты есептеледі. Бұл ретте орындалатын міндеттің қиындығы ескерусіз қалып жатады. Ынталандыруы тиіс сыйақылар әдетте бірдей көлемде төленеді. Бұл жүйе осыдан 14 жыл бұрын енгізілгендіктен, қазіргі заманауи талаптарға сай келмей, орталық және аймақтық органдарда, мемлекеттік және жеке секторда еңбекақы төлеуде айтарлықтай айырмашылық пайда болды. Сондықтан сыйақы беруді тоқтатып, оның орнына бонустық жүйені енгізуді жөн деп санаймыз. Бір бонус 4 лауазымдық қызметақы көлемінде есептелуі мүмкін. Жыл соңында сараптама жасалып, он екі ай бойы жақсы жұмыс атқарғандарға сол бонус беріледі.

Жаңа жүйе бойынша, мемлекеттік қызметшінің жалақысы кепілдендірілген лауазымдық қызметақы және бонустарға сәйкес есептелетін болады. Яғни, мемлекеттік қызметшінің өз міндетін жоғары жауапкершілікпен атқаруы, ісінің тиімділігі мен нәтижелілігі назарға алынып, көзге түскен мамандардың еңбегі жоғары бағаланады. Айталық, соның нәтижесінде облыстық деңгейдегі мемлекеттік органда төменгі лауазымда жұмыс істейтін қызметшінің жалақысы 62 мың теңгеден 117 мың теңгеге дейін, орталықта 84 мың теңгеден 136 мың теңгеге дейін өседі. Егер қызметкер қатарынан екі жыл бойы «қанағаттанарлықсыз» деген баға алса, мемлекеттік қызметтен босатылады.

Айдос САРЫМ, саясаттанушы:

- Жалпы, дамыған елдерде 5-6 мамандық өкілдері мемлекеттік тұрғыдан әлеуметтік қорғалуы тиіс. Олардың қатарына ұстаздар мен дәрігерлер, полицейлер мен әскери қызметшілер және мемлекеттік органда еңбек ететін азаматтар кіруі керек. Өкінішке қарай, біздің елде бұл санаттағы мамандардың барлығы бірдей еш уайымсыз қызмет етіп отыр де алмаймыз. Жоғарыда аталған әлеуметтік топ өкілдерінің жалақысы төмен. Сондықтан да болар, бұл салаларда жемқорлық азаймай тұр. Ал мемлекеттік қызметшілердің сыйақысын алып тастау осы күрмеулі мәселені одан сайын өршіте түсе ме деген қауіп бар. Қаржыдан қағылған соң «бармақ басты көз қыстылыққа» басып, ақшаны өзге, теріс жолмен табуды көздеуі әбден мүмкін.

Бұл мәселенің екінші жағы да бар. Мен 12 жыл бойы мемлекеттік органда қызмет атқардым. Сол уақыт аралығында ай сайын, кейде тоқсан сайын сыйақы алып тұратынбыз. Төмен жалақы алатын мемлекеттік қызметшілерге бұл кәдімгідей көмек. Ал енді бонусты жылына бір рет қана берер болса, мамандар материалдық тұрғыдан қиналып қалуы ықтимал. Сондықтан бонусты тоқсанына немесе жарты жылда бір беруді қарастыруды да назарға алу керек шығар.

Мемлекеттік қызметшілердің еңбекақысын есептеудің жаңа жүйесі туралы ақпарат тараған кезде тұрғындар тарапынан наразылықтардың бары байқалып қалды. Себебі бонустар басшының «бүйрегі бұрған» мамандарға еселеніп есептелуі ғажап емес. Мардымды іс атқармаса да «беделі» немесе «көкесі» барлар «ұтып кетеді». Сондықтан мемлекеттік қызметке жаңа орналасқан, тәжірибесі аз мамандардың бұл жаңашылдыққа үрке қарауы – заңдылық. Жаңа жүйе тәжірибе ретінде енгізілгендіктен, күтілетін нәтиже туралы нақты бір ой айту қиын. Десе де, төрт мемлекеттік органда болуы мүмкін кемшіліктер ескеріледі деген ойдамын.

Нұрлан ӘУТӘЛІПОВ, «Павлодар облысының мемлекеттік, банк мекемелері және қоғамдық қызмет көрсету ұйымдары қызметкерлерінің жергілікті кәсіптік одағы» қоғамдық бірлестігінің төрағасы:

- Жаңа жүйеде негізгі бес көрсеткіш бағаланатыны белгілі. Менің ойымша, осы орайда ісінің нәтижелілігімен қоса, мемлекеттік қызметшінің қоғамдық жұмыстарға белсене қатысуы, мекеме мәртебесін арттыруға қосқан үлесі де саралануы керек. Сол кезде мамандар жүктелген міндетіне қатысты жауапкершілікті арттырып қана қоймай, өзін өзге қырынан көрсетіп, көшбасшылық қабілетін жетілдіре түседі. Ал бұл - мемлекеттік қызметте аса қажет қасиет.

Сыйақыны бермеу мәселесіне келер болсақ, бұған дейін мемлекеттік қызметшілер тұрақты түрде мұндай ынталандыру алып келді деп ауыз толтырып айта алмаймыз. Себебі мекеменің қазынасында үнемделген қаражат болған жағдайда ғана ол сыйақы ретінде қызметкерлерге үлестіріліп берілетін. Сәйкесінше, бюджеттік қаржы көлемі аз кей органдарда сыйақы төленбейтін де. Ал ұсынылған жүйеде әр мемлекеттік орган өзінің жеке бонустық қорын құратыны туралы айтылған. Демек, үздік қызметшінің қосымша қаражат алатынына нық сенім бар. Бұрынғыдай «артық ақша қалды ма екен» деп алаңдамайды. Білуімше, қанатты жоба ретінде енгізілген төрт мемлекеттік орган қызметшілерінің жалақысын арттыруға қосымша 2 млрд. теңге қарастырылған. Яғни, жалақы орта есеппен екі есеге артады. Бұл ел игілігі үшін жұмыс істеп жүргендерге айтарлықтай қолдау болары анық.

«Алаңды» үйлестірген – Құндыз ҚАБЫЛДЕНОВА.

saryarka-samaly.kz