Форумда «Қазақстанның киелі жерлерінің географиясы» жобасы бойынша 2017 жылы атқарылған жұмыстардың нәтижелері мен алдағы жылдарға арналған жоспарлары талқыланды. Сонымен қатар «Рухани жаңғыру» атты көрме ашылды. Көрмеге еліміздің атақты тұлғаларының және әулиелердің, билердің, Алаш өкілдерінің тарихи құнды жәдігерлері қойылған. Атап айтқанда, Кенесары xанның қылышы, Шоқан Уәлиxановтың белбеуі мен тапаншасы, Төле би тұрған үйдің маңдайшасы, Бөгенбай батырдың құтысы, Аппақ ишанның жайнамазы, Құнанбайдың Меккеге киіп барған тақиясы, Маxамбеттің домбырасы, Амангелді Имановтың домбырасы мен туы, Ыбырай Алтынсариннің «Шариатул-Ислам» кітабы, Аxмет Байтұрсыновтың кітаптары, Міржақып Дулатовтың ішігі мен өз қолымен түрмеде тіккен тақиясы, Ислам діні туралы арабша кітаптар, Бауыржан Момышұлының xаттары, Қажымұқан Мұңайтпасов туралы материалдар, т.б. құнды мұралар қойылған. Сонымен бірге «Рухани жаңғыру» залына Мәшһүр Жүсіптің Құран кітабы мен Құранның қоржыны көпшілік назарына ұсынылды. Ұлттық музейдің екінші қабатындағы «Рухани жаңғыру» залы кең әрі ерекше безендірілген. Ұлттық құндылықтарымыздың сәулесі боларлық мұралар отандық тарих хронологиясы негізінде бір жүйемен ұсынылған екен. Барлық жәдігерлер музейде алғаш рет қойылып отырғанын ескерте кеткен де жөн болар.

- Біз Қазақстанның киелі жерлерінің географиясын 2017 жылдың мамыр айында өткен бірінші республикалық форумда айқындап алған болатынбыз. Бұл жобаны тиімді жүзеге асыру үшін арнайы жұмыс тобы және жобалау кеңсесі, Ұлттық музей жанынан «Қасиетті Қазақстан» ғылыми-зерттеу орталығы құрылды, - деді сөзінде Мәдениет және спорт министрлігінің жауапты хатшысы Қуатжан Уәлиев. - Бұл жұмысқа елімізге белгілі ғалымдары, тарихшылар, археологтар, қоғам қайраткерлері мен өлкетанушылар тартылды. Киелі орындарды анықтау және зерттеу мақсатында Қазақстанның барлық өңірлеріне экспедиция жасалды. Осылайша еліміздің қасиетті жерлерін түгендеп, жүйелеу тұңғыш рет қолға алынды, - деді ол.

«Киелі Қазақстан» өлкетануды дамыту бойынша ғылыми-зерттеу орталығы басшысының орынбасары Батырxан Жұмабаевтың баяндамасында келтірілген деректерге көз жүгіртер болсақ, былтыр жасалған этномәдени экспедициялар нәтижесінде мемлекеттік, тарихи маңызы бар 100 киелі орын мен өңірлік 500 орын жоба тізіміне алынған. Олардың ішінде Қожа Ахмет Яссауи, Айша бибі, Мәшһүр Жүсіп кесенелері бар. Бұл тізім енді ғалымдар арасында талқыланып, мемлекеттік реестрге алынбақ. Жоба аясында «Қазақстанның жалпыұлттық қасиетті нысандары» кітабы мен «Қасиетті Қазақстан» энциклопедиясы жарыққа шыққан. Сондай-ақ «Алтын адам», «Күлтегін. Жаңа көзқарас» атты фильмдер топтамасы түсірілген. Олар тіпті «BBC World News», «Discovery», «Viasat history», «National Geographic» телеарналарында көрсетілетін болады.

Кездесу барысында тарихи нысандар туралы ақпарат және «Қазақстанның қасиетті жерлерінің географиясы» атты көпфункционалды виртуалды картасы таныстырылды. Фотогалерея, бейнелеу галереясы, қозғалыста қолданылатын белгішелер бар. Бұдан басқа, өзіңіздің смартфоныңыз, планшетіңіз немесе компьютеріңіз арқылы экскурсияға баруға болады. Сондай-ақ, өңірлік маңызы бар объектілер бойынша «Қазақстанның қасиетті жерлерінің географиясы» интерактивті карта халық назарына ұсынылды.

Форумдағы жағымды жаңалық - «Өткен жылы еліміз бойынша Қ.А.Яссауи, Арыстанбаб кесенелері, Бекет ата, Сисем ата қорымдарының нысандары, Көне Тараз, Көне Түркістан, Отырар, Сауран, Сарайшық қалашықтары, Абай Құнанбайұлы мемориалдық кешені тәрізді тарих пен мәдениеттің 25 ескерткіші жөндеуден өткен. Олардың көпшілігі танымал киелі орындарға жатады»,- деп атап өтті ұйымдастырушылар. Биылғы жылы да аталмыш шаралар жалғасын таппақ. Көпшіліктің бас иіп, зиярат етіп келетін Мәшһүр Жүсіп кесенесі мен мұражайына да көңіл бөлінбек. Сонымен бірге Мәдениет және спорт министрлігі жарыққа шығарған «Сакральная география Казахстана» деген жинақтың «Көпшіліктің зиярат ететін діни және мәдени орындары» деген бөліміне Мәшһүр Жүсіп кесенесі мен мұражайы да енгізілген. «Киелі Қазақстан» ғылыми-зерттеу орталығының басшысы Берік Әбдіғалиұлының мына мағлұматы көпшілік тарапынан қолдау тапты. Ол былай деді: «Бүгінде қасиетті жерлердің функциясын түсінгеніміз абзал. Елбасы мақаласында анық көрсетілгендей, бұл - руxани құндылықтар. Мемлекет басшысы соған үлкен мән беріп отыр. Әрине, ең бірінші, ол - тариxи сана. Тариxи ескерткіштер еліміздің мақтанышы, сондықтан отаншылдық сезімді күшейту керек. Мұның барлығы - біздің дәстүрімізді сақтайтын орындар. Ұлттық наным-сенім, дәстүрімізді дамытатын, әсіресе, дәстүрлі дінімізге сай келмейтін дүниелерді таратудан сақтайтын, бізге қорған болатын нысандар бұл. Қазір дәстүрімізді жоққа шығаратын Ислам дінін жамылып келген секталар бар. Міне, бұл жағдай солардан қорғайды, киелі жерлер елдің бірлігін арттырады деп сенеміз. Оны елді біріктіретін, ұлтты ұйыстыратын жоба деп есептейміз. Бұл жерде тек қазақтың нысандары ғана емес, өзге ұлттың нысандары да бар. Өйткені бұл - біздің тариxымыз. Ол бәрімізді біріктіруі керек».

Биыл Мәшһүр Жүсіптің туғанына - 160 жыл. Осы орайда Мәшһүр Жүсіп мұражайы да Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламасын негізге ала отырып, көптеген игі іс-шаралар жоспарын жасаған болатын. Аталмыш жұмыс жоспарында этномәдени экспедициялар, конференциялар мен көрмелер, кездесулер, дәріс сабақтары ұсынылған.

Аталмыш форумда облыстық музей директорлары мен мәдениет қызметкерлері және өлкетанушылар ҚР Мәдениет және спорт министрлігінің Құрмет грамотасымен, Алғыс хаттарымен марапатталды. «Мәдени Мұра» журналының екі саны сыйлық кәде ретінде үлестірілді. Сол журналдарда Мәшһүр Жүсіп мұражайы қызметкерлерінің «Святость Машхура» және «Мәшһүр Жүсіп мұражайы» тақырыптарында орыс әрі қазақ тілінде мақалалары жарық көрді.

Әсет ПАЗЫЛОВ, Мәшһүр Жүсіп мұражайының қызметкері, Баянауыл ауданы.

saryarka-samaly.kz