Хат иесінің айтуынша, кеншілер шаһа-рынан 65 шақырым жерде орналасқан ауылда 500-ге жуық тұрғын бар.

«Осыдан 14 жыл бұрын Елбасының елді мекендерді таза ауызсумен қамту бағдарламасы бойынша су тарататын қондырғы орнатылды. 2008 жылы толық іске қосылды. Содан бері үздіксіз жұмыс істеп келеді. Оған 2017 жылы ауылымызға облыс әкімі Болат Бақауов келген сапарында өздеріңіз де куә болдыңыздар. Енді міне, Павлодар облыстық экономика және бюджетті жоспарлау басқармасының 2018 жылдың ақпан айының 1-інен бастап жекеменшікке беру туралы шешімі шығарылып отыр. Бұл шешімге қарсылық білдіреміз. Осы мәселеге байланысты облыс әкімі Болат Бақауовқа және Екібастұз қаласының әкімі Қ.Нүкеновке хат жолдадық. Біздің хатымызға жауап келген жоқ. Осы өтінішімізді жауапты адамдарға жеткізіп, оң шешімін табуына көмектесулеріңізді сұраймыз» делінген хатта.

Оқырманымызға хабарласып, мән-жаймен толығырақ таныстық. Айтуынша, жолдасы екеуі осы КБМ-де 12 жыл жұмыс істейді. Судың әр флягасын 10 теңгеден босатады. Ауылдықтардың тіршілік көзін алып отырған жалғыз қондырғы. Сондықтан оның жекенің қолына кетсе, құрылғы құрдымға кетеді деп алаңдайды. Себебі айына мардымсыз табыс түсіретін КБМ аз уақыттан кейін кәсіпкерге жақпай қалып, жауып тастауы ғажап емес, дейді Екібастұз қаласының Бесқауға ауылының тұрғыны Гүлбадам Жамайхан. Тілегіміз – құдығымыз бюджетке қарап, бұрынғыша әкімдікпен жұмыс істеу.

Осылай ауылдықтардың айтарын жеткізген бесқауғалық тұрғынның өтініші бойынша, хатта көрсетілгендей шешім шығарды деген мекемеге хабарластық. Яғни, облыстық экономика және бюджетті жоспарлау басқармасының мамандарымен тілдестік. Айтуларынша, мұндай шешім шығаруға басқарманың құзыреті жоқ. Сондықтан «Екібастұз қаласының экономика және бюджетті жоспарлау бөліміне хабарласқандарыңыз дұрыс» деп жөн сілтеді.

Аталған бөлімге қоңырау шалдық. Бөлім басшысы Ізбасар Сәрсенбаев мәселе бойынша жазбаша жауап беретінін мәлімдеді. Содан сауал жолдадық, жауап алдық. Жіберген жауапта былай делініпті:

«Барлық КБМ-дер ауылдық округтер әкімі аппараттарының коммуналдық меншігінде тұр. Бүгінгі күні жекеменшікке беру жоспарланбаған. «ҚР «Жергілікті мемлекеттік басқару және өзін-өзі басқару туралы» Заңының 35-бабы 1-тармағының 19-тармақшасына сәйкес, ауылдық округ әкімі құзыретіне өз құзыреттілігі шегінде елді мекендерді сумен жабдықтауды ұйымдастыру жатады. Осы кезде бағдарлама бойынша КБМ-ді ұстау жөнінде іс-шара, сонымен қатар, қызметкерлерге еңбекақы төлеу жүзеге асырылуда. ҚР «Мемлекеттік сатып алулар туралы» Заңына сәйкес КБМ-ді жеке меншікке бермей, КБМ-ді ұстау жөнінде іс-шараны нақты ортаға беріп, оны қамтамасыз ету және елді мекендерді сумен жабдықтауды ұйымдастыру жөнінде қызмет түрінде сатып алу қажет».

Бір қарағанда, КБМ-дер «тағдырына» еш қауіп төніп тұрған жоқ сияқты. Бірақ төтесінен қойылған сұрақтарымызға нақты жауап, қандай шешім шығарылғанын таппадық. Сондықтан телефон арқылы екібастұздық бөлім мамандарына қайтадан хабарласуға тура келді. Мұнда хатты дайындаған маман Салтанат Егімбайқызымен сөйлестік. Маманның түсіндіргені бойынша бүгінде қалалық бюджеттен КБМ-де жұмыс істейтін-дердің жалақысы арнайы бағдарламаның 131- ерекшелігіне сәйкес төленбеуі тиіс. Олар 159-шы тармаққа ауыстырылуы қажет. Яғни, қызмет үшін деп төлем жасалуы керек. Бұл үшін ауылдардағы КБМ-дерді кәсіпкерлер қарамағына алуы тиіс екен. Бөлім өкілінің айтуынша, бюджеттен қаржыландыру көлемі бұрынғы қалпында қалады. Тек басқа бағытпен ауылдық әкімдікке аударылады. Ол мекеме КБМ-ді қолына алған кәсіпкерге аударады. Жүйе солай жүруі керек көрінеді.

Енді істі оң шешу үшін ауыл әкімі әрекет жасауы қажет. Бесқауға ауылы әкімінің міндетін атқарушы Мәдина Ахметжанова алдағы уақытта конкурс жарияланатынын айтты. Яғни, қызмет көрсету бойынша мемлекеттік сатып алу аясында конкурс жарияланып, соны жеңіп алған кәсіпкер КБМ-нің жұмыс істеуіне жауап береді. Суды сатып отыратын азаматқа ақыны конкурсты жеңіп алған бизнес өкілі төлейді. Ал блок-модульдің қандай да бір құралы істен шықса немесе жөндеу жүргізу қажет болса, мұндай іс-шаралар бюджет есебінен жүзеге асырылады.

- Бәрі, әзірше, жоспар жүзінде. КБМ-ді бәсекелестік ортаға беруге қатысты қалалық бөлімнен хабарлама алдық. Қондырғыны хат жазған тұрғынның өз қолына алуына да ұсыныс жасадық. Ол жеке кәсіпкерлік ашып, өз қарамағына алуына болады. Бірақ, бас тартты. Алдағы уақытта мәселені шешудің жолдары қарастырылады, - деді М.Ахметжанова.

Түйін:

Ұққанымыз, талап бойынша, әйтеуір, бір өзгеріс болуы тиіс. КБМ бәсекелестік ортаға шығарылуы қажет. Бұл толықтай жекеменшікке өтеді деген сөз емес деп түсіндірді мамандар. Бастысы, ауыл әкімінің сөзіне сенсек, елді мекен сусыз қалмайды.

Гүлжайна ТҮГЕЛБАЙ

saryarka-samaly.kz