- Нұрболат Жеңісұлы, елдің дамуын цифрлы форматқа көшіру – күн талабындағы басты міндеттердің бірі. Жолдауда көрсетілгендей, осы жылы «цифрлық дәуір» өнеркәсібін қалыптастыруға арналған индустрияландырудың үшінші бесжылдығын әзірлеу қолға алынбақ. Соның аясында Павлодар облысында қандай жұмыстар атқарылады?

- Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Төртінші өнеркәсіптік революция жағдайындағы дамудың жаңа мүмкіндіктері» Жолдауында 2050 жылға дейін экономиканың жыл сайынғы өсімін 5,5-6 пайыз деңгейіне жеткізіп, әлемнің 30 дамыған елінің қатарына ену міндеті қойылған.

Осы мақсатта Үкімет үшінші жаңғыруды сәтті іске асыруды сипаттайтын 5 негізгі нысаналы индикаторды белгіледі. Еліміз бойынша іске асатын 8 салалық және 4 толассыз бағыт бойынша жобалар (бастамалар) аталмыш бағыттағы істерді жүзеге асыруға ықпал ететін болады.

Айта кетелік, қазіргі таңда облыстық индустриялық-иннова-циялық даму басқармасында жобалық кеңсе құрылып, ол 4 бағыт бойынша жұмыс жүргізеді. Оның бірі – «Экономика салаларын технологиялық жаңарту және цифрландыру». Соның аясында біздің басқарма ірі кәсіпорындармен бірлесіп 2025 жылға дейін іске асатын цифрландыру бойынша жобаларды енгізу жөніндегі жоспарларды әзірледі. Бұл өндіріс орындары қатарында «Қазақстан электролиз зауыты», «Қазақстан алюминийі», «Майқайыңалтын», «Каустик» акционерлік қоғамдары, «Павлодар мұнай-химия зауыты», «Богатырь Көмір» жауапкершілігі шектеулі серіктестіктері бар. Оларды іске асыру нәтижесінде тиімділік пен инвестиция көлемі артпақ.

- Мемлекет басшысы «Кәсіпо-рындарымызды жаңғыртуға және цифрландыруға бағытталған, өнімнің экспортқа шығуын көздейтін жаңа құралдарды әзірлеп, сыннан өткізу қажет» деген еді. Біздің өңірде қандай өндіріс орындары цифрландыру бойынша нақты жобаларды ұсынып отыр?

- Жоғарыда аталған жоспар аясында ауқымды жұмыстар атқарылмақ. Соның бірі де бірегейі – Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы айтқандай, цифрландыруға бағытталған құралдарды қолданысқа енгізу. Бұл ретте біздің аймақтағы өндіріс орындарында цифрлық технологияларды енгізу бойынша 40-тан аса шара жоспарланған. Биыл жыл соңына дейін олардың 17-сі жүзеге асуы тиіс.

- Кей мемлекеттік мекеме өкілдері цифрландырудың қалай жүзеге асатынынан бейхабар екені жасырын емес. Бұл тұрғыдан алғанда сіз басшылық ететін басқарма тарапынан қандай да бір түсіндіру жұмыстары жүргізіле ме?

- 2017 жылғы қарашадан бастап мемлекеттік органдарды цифрландыру, бұл мекемелерде цифрлық технологияларды енгізу бағытындағы жұмысты үйлестіру бойынша функциялар облыстық индустриялық-инновациялық даму басқармасына берілді.

Соның аясында мемлекеттік органдардың цифрландыру жобалары бойынша қызметін үйлестіру және консультациялық сүйемелдеу мақсатында бірыңғай үйлестіру орталығының, С.Торайғыров атындағы Павлодар мемлекеттік университеті жанындағы сараптамалық кеңестің қатысуымен жиындар тұрақты түрде өткізіледі. Оған ғылыми қауымдастықтар мен қоғамдық бірлестіктер өкілдері белсенді атсалысады.

Сондай-ақ «Цифрлы Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасы шеңбе-рінде Назарбаев Университеті, Мемлекеттік қызмет істері академиясы, ҚР Президентінің жанындағы Мемлекеттік басқару академиясы, «Зерде» ҒЗКХ» АҚ негізінде жергілікті атқарушы органдардың цифрландыру офистерін оқыту қарастырылған.

Сұхбаттасқан – Құндыз ҚАБЫЛДЕНОВА.

saryarka-samaly.kz