Осыдан екі ай бұрын ПМПУ-де «Цифрлы Қазақстан» бағдарламасы аясында студенттерге арналған IT HUB ашылды. IT HUB – ақпараттық технологиялардың бірегей торабы. Заманға сай дизайнмен безендірілген орталық OS X операциялық жүйесімен жұмыс істейтін «Apple» компаниясының компьютерлерімен жабдықталған. Мұнда кез келген студент сабақ үстінде және бос уақытында 3D-модельдеумен, түрлі қолданбалы ақпараттық бағдарламалармен шұғылдана алады. Бұл жердегі ақпараттық технологиялардың тілін білетін оқытушылар жастарға жаңа әрі озық дүниелерді үйретіп, түрлі жобаларды жүзеге асыруда.

Әрқайсысының құны жарты миллион теңге тұратын Мас-компьютерлер 3 ауди-торияға бөлініп орналастырылған. «Apple» өнімдерінің әдеттегі өзіміз үйренген «виндоус» жүйесіндегі компьютерлерден ерекшелігі көп әрі өнімділігі жоғары дейді мамандар. Оқу орнындағы зертханашы-техник Бауыржан Қасымовтың сөзінше, әлемдегі IT-мәліметтердің базасы мен технологиялары негізінен OS X операциялық жүйесі арқылы жасалады. Себебі, ол «виндоус»-қа қарағанда жылдам әрі операцияларды түрлі деңгейде орындауға мүмкіндік береді. Жалпы екі жүйенің ұқсастықтары көп.

- Мектепте барлығымыз «виндоус»-пен жұмыс істейтін компьютерлер арқылы ақпараттық технологияны меңгереміз. Бірақ компьютерге алғаш қадам жасаған адам бірден OS X-пен танысса, оны тез игеріп, меңгеріп кетеді. Яғни, ол қарапайым. Мұнда бейнежазбаны монтаждау, интернетке кіруге арналған браузерлер де жылдам жұмыс істейді, - дейді Б.Қасымов.

Бір қызығы, бұл орталыққа информатика факультеттерінің студенттері емес, өзге мамандық бойынша оқып жатқан жастар айрықша қызығушылық танытуда. Мысал үшін, физика-математика мамандығын игеріп жатқан 4-курс студенті Нигина Ерметова мұнда тұрақты келіп тұрамын дейді. «Бізге мектепте «виндоус» жүйесінде үйреткен бағдарламалар Мас-компьютерлерде басқаша құбылады. Түрлі операцияларды, әсіресе слайд-шоулар, жобаларды жасауда басым айырмашылықтар бар. Мәселен, «С шарп», «С++» деген бағдарламалар бар. Оларды түрлі ақпараттық слайд-шоулар, интернет-парақтар құру кезінде пайдаланады. Осыдан бірер жыл бұрын «ЭКСПО» көрмесінің тарихына қатысты байқауға қатысып, осы бағдарламалар көмегімен жоба жасаған едім. Мені бұл бағдарламалар бірден үйіріп әкетті. Ендігісін «С шарп», «С++» бойынша түрлі мүмкіндіктерді тереңдетіп игеріп жатырмын. Себебі онда коллаждарды жасаудың жолдары көп. Бір ғана батырмаға дүниенің ақпаратын сыйдырып қоюға болады. Оның көмегімен электронды оқулықтар да жасап көрдім. Тек ақпаратты енгізудің кодтарын игерсең болады. Ескі жүйедегі «Делфий» бағдарламасымен ұқсастығы көп. Сондықтан маған OS X жүйесіндегі жаңа технологияларды үйрену аса қиындық тудырған жоқ»,-дейді Н.Ерметова.

Студенттің айтуынша, бүгінде жетекшісі Асен Асанбаевтың көмегімен қазақ әріптерін латын графикасына транскрипциялау бойынша дипломдық жұмысты қолға алған. Бұл конвертер-бағдарламаны деріне жеткізіп жасай алсақ, кейбір программалардағы қазақ әріптерін қабылдамайтын кемшіліктер өздігінен жойылар еді, дейді болашақ маман.

Бүгінде осы орталықтың нәтижесінде студенттердің білім деңгейі көтеріліп, жаңа IT-қауымдастық құрылыпты. Жастар жинаған тәжірибелерімен бөлісіп, алдарына жаңа мақсаттар қоя бастаған. Білімге деген құштарлығымыз артты. Оқытушылармен байланыс орнады. Кез келген ақпаратқа жеңіл түрде қол жеткізе аламыз, - дейді олар.

Ендігісін зертхана алдында аймақтың өндіріс орындарымен тығыз байланыс орнату міндеті тұр. IT HUB базасында кәсіпорындардың жұмысын ақпараттық технологияларға көшіру жобасы жетілдірілмек. Бұл жерде конструкторлық жүйе құру жоспарланып отыр.

ПМПУ-дің ғылыми жұмыс және халықаралық байланыстар жөніндегі проректоры Александр Свидерский оқу орнының келешектегі жобалары Елбасының экономиканы цифрландыру бойынша тапсырмалары үдесінен шығады деп отыр. Келесі бағыт - IT-технологияларды Павлодардың өндірістік кәсіпорындары үшін қолжетімді ету. Яғни «Цифрлы Қазақстан» бағдарламасы аясында жастардың тәжірибелік оқуын жетілдіруге мүмкіндік беретін «Fab Lab» цифрлық өндіріс зертханасын құру көзделуде. Онда жас ғалымдардың қолымен болашақтың құрылғылары жасалады. Бұл үшін алдымен зертханалар фабрикасы жасақталып, 3D принтер, 3D сканер және цифрлық бағдарламалармен басқарылатын құрылғылар сатылып алынады. Олар университеттің стартап орталығындағы шағын сериялы өндірістер үшін қажет делінуде.

- Біздің облыс орталығындағы өзге жоғары оқу орындарында түрлі бұйымдардың көшірмесін пластиктен жасай алатын 3D принтерлер бар. Бірақ олардың көлемі шағындау. Бүгінде түрлі мақсатта қолдануға болатын мұндай принтерлердің бағасы 200-300 мың теңгеден басталып, 10-15 миллион теңгеге дейін жетеді. Біз жергілікті нарықты зерттей отырып, көлемі үлкендеуін сатып аламыз ба деген ойға келіп отырмыз. Мәселен, жергілікті бір өндірісте қымбат тұратын құрылғының әлдебір тетігі істен шығып қалды делік. Оны шетелден тапсырыс-пен алдыру қыруар қаражатты қажет етеді. Біз принтер сатып алсақ, оның көшірмесін леп-лезде жасап берер едік. Бұл екі жақ үшін де тиімді болары сөзсіз. Осы арқылы серіктестік қалыптасады. «Fab Lab» зертханасында студенттер мен жас ғалымдар өзінің ойлап тапқан өнертабысын, шығармашылығын дамытып, оны шынайы түрде затқа айналдыра алады, - дейді проректор.

3D принтер мен 3D сканер болашақта археологиялық заттардың көшірмесін жасап, олардың түпнұсқасын жақсы күйде сақтап қалуға да негіз болады екен. Музейдегі экспонаттардың пластик көшірмелерін көрмеге қою әлдеқайда арзанға түседі. Сондықтан бұл технологияның келешегі зор. Александр Свидерскийдің сөзінше, жергілікті ғылыми орталықтар жоғары оқу орындарында топтасуы тиіс. Өнеркәсіптерге арналған инновациялық жобалар да осы жерлерде жасалса, құба-құп. Павлодарда алдағы уақытта үш жоғары оқу орнының атсалысуымен бірлескен ғылыми орталық пайда болуы мүмкін. Оған Ресейдің Томбы қаласындағы IT HUB жүйесін тәжірибе жүзінде пайдалану да көзделуде. Томбыдағы университеттер бірігіп, бүгінде смарт-жүйелердің үлкен тораптарын қалыптастырған. Қалада осы ғылыми орталықтар ойлап тапқан «Ақылды бағдаршам», «смарт-сити», «скверлерді жабдықтау» секілді жобалар кеңінен жүзеге асуда. «Ақылды технологиялар» бүгінде Томбының барлық саласына енгізілуде екен. Мұндай жаңашылдықтар Павлодарға жетсе, өмірімізде түрлі өзгерістер пайда болатынына күмән жоқ.

Атап өтерлігі, бүгінде ПМПУ базасында робототехника зертханасы жұмыс істеп тұр. Онда түрлі сайыстар өткізілуде. Биыл киберспорт бойынша өңірлік біріншілік өткізу жоспарланған. Мұның барлығы жасөспірімдер мен жастарға жаңа технологиялардың тілін үйретіп, олардың смартшыл болып өсуіне әсер етеді дейді мамандар. Тағы бір жаңалық, университет Қытайдың Шанхай политехникалық университетімен «2 дипломдық білім беру жүйесі» бойынша арнайы меморандумға отырған. Яғни, келер жылдан бастап ПМПУ-ге түскен студенттер шет тілі мен информатика бойынша 2 жыл осында, 2 жыл Қытайда оқып, нәтижесінде 2 бірдей диплом алып шығады. Бұл оқу түрі толықтай тегін болмақ. А.Свидерский сөз арасында оқу орнының кітапханасы бүгінде цифрлану жүйесіне де толықтай өтіп жатқанын айтып өтті.

Көріп отырғанымыздай, ПМПУ-де қолға алынған іргелі бастамалар инновациялық-цифрлы экономиканы қалыптастыруға бағытталған. 2050 жылға қарай бәсекеге қабілетті 30 елдің қатарына қосылу және қоғам мен өндірісті жаңарту, сол арқылы заманауи технологиялық әлемнен тысқары қалмау мақсатына қол жеткізуге қажетті бір-бірімен тығыз байланыстағы шаралар кешені қарастырылған. Уақыт күдік пен сенімсіздікті көтермейді. Ендеше цифрлы болашаққа қадам басу керек!

Мұрат АЯҒАНОВ

saryarka-samaly.kz