Швейцарияның Лозанна қаласында өткен бұл жеребе тарту жылдағыдан өзгеше. Себебі Ұлттар Лигасы бұрынғы құрамалардың арасындағы жолдастық кездесулерді маңызы жоғары ойындарға ауыстырмақ. Қауымдастық ұлттық құрамаларға деңгейі тең қарсыластармен ойнауға мүмкіндік беріп отыр. Одаққа кіретін 55 елдің командалары өздерінің жинаған рейтингі бойынша A,B,C,D төрт лигаға бөлініп, жеребе тартылды. Қазақстан Андорра, Латвия және Грузия құрамаларымен ойнайды. Алғашқы турдың ойындары биылғы жылдың 6-8 қыркүйегінде өткізіліп, іле финалдық кезеңнің жеребесі тартылады. Ақтық ойындар 2019 жылдың 5-9 маусымы аралығында өтеді деп жоспарланған.

Қазақстан бір топқа түскен командалардың барлығымен бұған дейін кездесулер өткізген. Сондықтан әбден сыналған сыралғы қарсыластар деуге болады. Әсіресе, Латвиямен 5 ойын өткізіппіз. Оның біреуінде жеңсек, екеуінде тең түсіп, қалған ойындарда ұтылған екенбіз. Ал Грузиямен болған төрт кездесуде екі мәрте тең ойнап, бір рет жеңгеніміз белгілі. Осы лигадағы ең күрделі төрттік болып шықты деп те айтуға болады. Грузия мен Латвияның осал еместігі белгілі. Андорра да өзіне келген мүмкіндікті құр жібермесі анық. Жанкүйер қауымды қызыққа әрі тартысқа толы ойын күтіп тұр.

Әзірше футбол қауымдастығы ұйымдастыратын халықаралық матчқа біздің құраманы кімнің дайындайтыны белгісіз болып тұр. Осыдан бірер күн бұрын Қазақстан футбол федерациясы құраманың бас бапкері Александр Бородюктің отставкаға кеткенін мәлімдеген. Ендігісін команданың тізгінін жаңадан ұстайтын жаттықтырушының есімі ақпан айының басында белгілі болып қалар. Федерацияның басшысы Сейілда Байшақов осы айда өз еркімен орынтағын босатқаны мәлім. 10-ақпанда оның орнына жаңадан президент сайланады. Сол тұста жаңа бапкер де тағайындалып қалар деген үміт зор.

Естеріңізге сала кетейік, Ұлттар Лигасы әр екі жылда ұйымдастырылып, оның жеңімпазы Еуропа және Әлем чемпионаттарының финалдық ойындары өткізілмейтін тақ санды жылдарда (2019, 2021, 2023 және тағысын-тағылар) анықталады. Төрт лигаға бөлінетін командалар өз рейтингтеріне сай жайғасады. Мәселен, А лигасына 12 үздік команда іріктеліп алынса, В лигасына 12, С-ға – 15, Д-ға 16 құрама енді. А дивизионындағы төрт топтың жеңімпаздары 2019 жылдың маусым айында өтетін финалда жүлдені сарапқа салады. Ал В,С,Д лигаларындағы топтар өз дәрежелерін ұлғайтуға тырысады. Сұрыпталып шыққандары алдағы турнирлерде жоғары топтарға жайғасса, А, В, С лигаларында соңғы орынға ие болған құрамалар төменгі дивизионнан орын алады.

Мұрат АЯҒАНОВ

saryarka-samaly.kz