Сапаржайға асыға жеткен Қисық ауылға кеткелі тұрған сары автобусқа секіріп мінді. Аузы-мұрнынан шығып, адамға толған ескі автобус ыңырана қозғалып, тас жолға түсті. Тамыр-таныс, дос-жаранды көрген Қисықтың екі езуі екі құлағына жетіп, көңілі көк жүзінде шарықтап жүр. Бірақ ауылдастарының барлығы бүлдіріп қойған баладай, төмен қарап, әлденеге шұқшиып отыр. Ес білгелі бірге ойнап, тай-құлындай тебісіп өскен Сәрсембайдың өзі құдды бір жер жаралғалы Қисықты көрмеген адамдай теріс қарап, бұқпантайлап отыр. Бажайлап қараса, барлығының екі көзі ұялы телефонда. Тіпті жаулық жамылған әжелердің өзі немерелерін бақыртып қойып, телефонға телміріп отыр. Тас қалада қалтафоннан әбден жалыққан Қисықтың құсқысы келгендей болды. Жүрегі қысылды.

Не керек, көне автобус күн ұясына батарға таяп ауылға келіп тоқтады. Автобустан түскен Қисық қоқиланып жан жағына қарады. Әншейінде ләңгі теуіп, доп ойнап, бұзау мініп жүретін жүгірмектердің біреуі де көрінбейді. Амал жоқ, ала сөмкені арқасына артып, үйге қарай басып келеді. Сиыр мөңіреп, жылқы кісінеп, қой маңырап, төрт түліктің өрістен келіп жатқан кезі. Ала сиыр адам көрмегендей Қисыққа алая қарады да, құйрығын көтеріп қорасына тура тартты. Ол аң-таң. Ауыл ішінде төрт түліктен басқа тірі жанның болмағаны қалай? Анадайдан шопан қартты көзі шалды. Қуанып кетті де «Ассалаумағалайкум», деп алыстан айқайлай сәлем беріп еді, қойшы қарамады. Бір қолын көтеріп алған ол өзімен өзі күбірлеп сөйлеп келеді. Шопан қарт алжиын деген-ау деп түйді ішінен. Не керек, үйге жақындады. Есік алдында екі өкпесін қолына алып, бұрқылдап қайнап тұрған самауырдан басқа ешкім Қисықты қарсы ала қоймады. Үйдің іші жым-жырт. Көшіп кеткен бе, қалай? Төргі бөлмеге енген Қисықтың көзі шарасынан шығып кете жаздады. Тайлы-таяғымен жиналған ет жақындарының қолында бір-бір ұялы телефон. Барлығы салқын амандасты. Тек кәрі әжесі ғана:

- Ә, Қисықжан, келдің бе? Барлығының қолы тимей жатыр. Мал келіп жатқан уақыт қой», - дейді. Қисық қарқылдай күлді. Айналайын, әжетай! Бұлардың барлығы үйде отыр ғой. Мал сыртта емес пе?

- Балам-ау, сен ештеңе түсінбеген сияқтысың. Ауылда қазір ешкім сыртқа шығып, ала шаңда малдың алдынан шықпайды. Барлығы мына ұялы телефонның ішінде. Қисықтың інісі Жүніс те мән-жайды түсіндіре бастады. Сөйтсе, әлеуметтік желідегі «Ватцап» желісі арқылы ауылдықтар тірліктерін тындырып отыр. «Қой кезек», «Бөтен қой бар ма?», «Айхай, абысындар», «77-лер», «88-дер», «Кемпірлер кеңесі» секілді топтарды көріп, Қисықтың қаладағы тірлігі есіне түсіп кетті. Оның жұмысында да әлеуметтік желіде дәл осындай бірнеше топ бар. Тіпті, жұмыс қызған кезде желідегі хаттарды оқуға Қисық байғұстың шамасы да келмей қалады. Дегенмен, уақыт тауып, бір көзіңізді салып отырмасаң, жаңалық атаулыдан мақұрым болып, өткен ғасырда қалып қоясың. Жұмыс істеу үшін де желіге желімше жабысып, қарап отыруың керек. Әйтпесе, әріптес-тердің алдында қайтып келген қыздай болып, бет-беделің түсіп қалады. Кенет Жүніс: «Өй, бәле, біздің көк қошқар Сәрсембайдікінде тұр», дейді желіден суретін көрсетіп.

Тікелей желіде отырған Шопан қарт: «Қисық шырақ, қашан келдің? – деді жарқын үнмен. Не дерін білмей қалған Қисекең аңтарылып тұрып қалды...

Алпысбай ӘБДІЛҰЛЫ.

saryarka-samaly.kz