Қалалық жұмыспен қамту және әлеу-меттік бағдарламалар бөлімінің басшысы Балжан Құсайынованың сөзінше, 2017 жылдың бірінші тоқсанында 6 әлеуметтік нысанның кіреберісі мүгедек жандардың емін-еркін кіріп шығуына бейімделіп жасалған. Қазіргі күні барлығы 199 ғимараттың кіреберісі осы талапқа сай.

- Бүгінде облыс орталығында мүмкіндігі шектеулі жандардың кіріп-шығу ыңғайына қарай кіреберісіне пандустар қарас-тырылмаған 143 мекеме бар. Атап айтқанда: 105 білім беру, 17 мәдениет, 6 денсаулық сақтау, 2 дене шынықтыру және спорт, 4 мемлекеттік, 2 әлеуметтік және 7 жеке нысанды бейімдеу қажет етеді. Міне, жоғарыда аталған олқылықтың орнын толтыру мақсатында осы аталған мекемелерге жауапты тұлғаларға, яғни, облыстық мәдениет, құжаттама және архивтер, дене шынықтыру және спорт, денсаулық сақтау және білім беру басқармалары басшыларына бірнеше мәрте хат жолданып, 2018-2020 жылдарға арналған бюджеттен қаржы бөлуге өтініш жасадық. Өкінішке қарай, мүмкіндігі шектеулі жерлестеріміздің денсаулық жағдайларына орай нысандарды бейімдеу жұмыстары көп қолға алынбай жатыр, - дейді Балжан Құсайынова.

2017 жылы қалалық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімі мемлекеттік әлеуметтік тапсырыс шеңберінде «Инватакси» қызметін іске қосты. Мақсаты – өздігінен жүруге шамасы жоқ жандарды арнайы көлікпен тасымалдау. Арбаға таңылғандарға «Жаратылыс-ПВ», «Көмектес» және «Ерекше таңдау Павлодар» корпоративтік қорлары қызмет көрсетеді. Аталған ұйымдардың барлығының балансында арбамен жүретін адамдарды көтеретін құрылғы орнатылған арнайы техникалар бар. Әрбір мекеме айына 100-150 адамға қызмет көрсете алады.

- Өткен жылдың желтоқсан айында осы қызметке байланысты мәселелер туындаған болатын. Яғни, қаржы тапшылығы орын алды. Бірақ биыл ондай мәселе болмайды деп ойлаймын. Қызмет көрсетуші компаниялармен 31 желтоқсанға дейін келісімшарт жасадық, - дейді бөлім басшысы.

Қалалық мәслихат хатшысы Зәуреш Мұқашеваның сөзінше, мүмкіндігі шектеулі балаларды ауруханаға жатқызу және емдеу де түйінді мәселе болып тұр. Мысалы, облыстық балалар аурханасының талабы бойынша үш жастан асқан бүлдіршіндердің ата-анасына қасына бірге жатуға рұқсат етілмейді. Егер ол өздігімен жүріп-тұра алмаса, шай-тамағын іше алмаса және басқа да қажеттілігін өтей алмаса ше? Бұл сұраққа қатысты облыстық денсаулық сақтау басқармасының бөлім басшысы Айгүл Мүкішова жауап берді.

- Облыстық балалар ауруханасына үш жасқа толмаған бала келіп түссе, оның қасына әкесі мен шешесінің біріне орын беріледі. Ал үштен асқандарға ондай мүмкіндік жоқ. Егер емделушінің жағдайы тым төмен болса, яғни, туа бітті сал ауруы сияқты сырқат болған жағдайда басшылыққа хат жазу арқылы қосымша бір орын алуға болады. Бірақ, екінші адам көмекші ретінде жататын болғандықтан ауруханаға ақы төлейді. Бұл – аурухана басшылығы мен ата-аналар арасында шешілетін мәселе. Дегенмен, алдағы уақытта бақылауға алатын боламыз, - деді Айгүл Мақанқызы.

Павлодар қаласы әкімінің әлеуметтік мәселелер жөніндегі орынбасары Саян Мұқановтың сөзінше, мүгедектердің кіріп-шығуына орай бейімделмеген нысандар мәселесі 2020 жылға дейін шешіледі деп күтілуде.

- Қазір кейбір нысандар пандустың орнына көтергіш құрылғы орнатып жатыр. Биыл бюджет қаражаты есебінен мұндай құрылғы екі жерге қойылады. Бірі – спорттық, екіншісі – әлеуметтік нысан. Сонымен қатар, жылдық бюджеттен үнемделген және демеушілер арқылы түскен қаржыға тағы бірнеше мекемеге орнатуымыз мүмкін. Ол алдағы уақытта белгілі болады. Бұдан басқа, күрделі және ағымдағы жөндеу жұмысы жүргізілген ғимараттардың есіктерін кеңейту, бірінші қабатына қол жуатын және басқа да қажетті бөлмелер салу жөнінде ұсыныстар береміз, - дейді Саян Назымұлы.

Жиын соңында жылдың аяғына дейін осы бағытта бірлесіп жұмыс істейтін арнайы комиссия құрылды. Комиссия құрамында мәслихат депутаттары, мемлекеттік мекеме өкілдері, мүгедектер қоғамдық бірлестігі мен қалалық қоғамдық кеңес мүшелері және БАҚ өкілдері бар. Енді олар мүмкіндігі шектеулі жандарға қатысты орын алған күрделі мәселелердің барлығын есепке алып, оның оң шешімін табуға атсалысып отырады.

Тілеуберді САХАБА

saryarka-samaly.kz