Соңғы жылдар дересінде ел көлемінде осы жүйеге басымдық беріліп отырғаны белгілі. Бұдан қос тарап та ұтады: бюджеттен бөлінуі керек шығындар азаяды, ал кәсіпкер табыс табады. Сондықтан біздің облыста да мемлекеттік–жекеменшік әріптестікті дамытуға ден қойылуда. Өткен жылы бұл бағытта бірталай іс атқарылды. Жүзеге асқан жобалардың бірі – жоғарыда аталған Павлодар ауылындағы дәрігерлік амбулаторияны сатып алу құқығынсыз сенімді басқаруға беру. Соның нәтижесінде аталмыш емдеу мекемесіне 14,5 млн. теңге инвестиция тарту көзделіп отыр. Келісімшартқа сәйкес, кәсіпкер 2017-2022 жылдар аралығында Павлодар ауылындағы амбулаторияны басқарып, мерзім аяқталған соң мемлекетке қайтарады. Бұдан кейін «қайтарар болса, кәсіпкерге не пайда?» деген заңды сауал туындайды. Мәселе мынада: қазіргі уақытта тегін медициналық көмектің кепілдендірілген көлемі аясында ауыл-қаланың әр тұрғыны үшін қазынадан қаржы қарастырылады. Әзірге Павлодар ауылы облыс орталығына қарайтындықтан, мұндағы бір адам үшін айына 744,90 теңге төленеді. Егер елді мекен Павлодар ауданының аумағына ауысса, ай сайынғы төлем 1400 теңгені құрайды. Енді есептеңіз, Павлодар ауылындағы дәрігерлік амбулаторияда 6255 адам тіркеуде тұр. Олардың дәрігерлердің көмегіне тегін жүгінуі үшін мемлекет емдеу мекемесінің есепшотына шамамен 4 млн. 660 мың теңге, Павлодар ауданының құрамына енсе, 8 млн. 757 мың теңге аударады. Ал бұл қомақты соманы қалай, қайда жұмсау керек екенін сенімді басқаруға алған инвестор шешеді. Әлбетте, қаражаттың жеке бас пайдасы үшін ғана жұмсалмауы қадағаланады. Бұл қаржы қызметкерлердің жалақысын беруге, коммуналдық қызметтер мен басқа шығындарды өтеуге пайдаланылады. Оған қоса, кәсіпкер өзінің инвестициясын да салуы тиіс. Оның жұмсаған шығындары жоғарыда аталған кепілдендірілген көлем есебінен өтеледі. Бүгінде Павлодар ауылындағы дәрігерлік амбулаторияның жағдайы біршама жақсарды деуге болады. «Медпроект» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің директоры Жұмагүл Жапарханованың айтуынша, тіпті штатты кеңейтуге мүмкіндік туды.

- Бұған дейін бір дәрігер емдеу мекемесінде науқастарды қабылдап әрі шақырту түскен кезде үйлерге баратын. Таяуда тағы бір фельдшерді қызметке алдық. Нәтижесінде дәрігер еш алаңсыз амбулаторияда қабылдау жүргізеді, ал жаңадан келген маман шақыртуларға барады. Бұл уақытты едәуір үнемдеді. Оған қоса, инвестициялық қаржыға санитарлық көлік алдық, жуық арада физиоаппарат сатып аламыз. Сол кезде ақылы қызметтер енгізілуі мүмкін. Ал әзірше бұрынғыдай тегін медициналық көмек көрсетіледі. Көктем кезінде ағымдық жөндеу жұмыстарын жүргізу де жоспарда бар. Дәрігерлік амбулаторияның сенімді басқаруға берілуі тұрғындарға кері әсер етпейтіні анық. Керісінше, қызмет сапасы арта түседі, - деді Ж.Жапарханова.

Сенімді басқаруға өткен емдеу мекемесі бұл ғана емес. Павлодар қаласына қарасты Кенжекөл ауылындағы дәрігерлік амбулаторияны 2022 жылға дейін кәсіпкер басқарады. Сол арқылы 24,8 млн. теңге инвестиция тартылмақ. Екібастұз қаласындағы №1 емхана да сенімді басқаруға өтті. Жобаның құны – 173,5 млн. теңге. Оның аясында рентген мен ультрадыбыстық зерттеу аппараты алынып, емхана күрделі жөндеуден өтті. Сөйтіп, жоспарлы қуаттылық күніне келушілер саны 600-ден 750-ге дейін көбейді. Инвесторлар құрылыс-монтаждау жұмыстарын осы жылдың мамыр айында аяқтауы тиіс.

Денсаулық сақтау саласындағы мемлекеттік–жекеменшік әріптестік мұнымен шектеліп қалмайды. Облыстағы бірқатар емдеу мекемесінде жаңғырту жұмыстарын жүргізіп, заманауи аппараттар сатып алу қажет екені жасырын емес. Кейбірінде бар аппараттар бүгінгі күн талаптарына сай келмей, тіпті істен шығып қалып та жатады. Ал мемлекеттік қазынада оны алар қосымша қаражат қарастырылмаған. Қайтпек керек? Бұл ретте де әріптестіктің тиімділігі айқын аңғарылады. Сондықтан өткен жылы облыс аумағындағы бірнеше аурухана инвестордың қаржысы есебінен жаңа құралдармен толықты. Мәселен, Павлодар қалалық №1 ауруханасы мен Екібастұз қалалық ауруханасы жаңғыртудан өтіп, компьютерлік томографтар орнатылды. Сонымен қатар облыстағы 12 денсаулық сақтау нысаны жаңғыртудан өтті. Атап айтқанда, анестезиология, реанимация және интенсивті терапия бөлімдеріне жаңа құралдар сатып алынды. Жалпы сомасы 1 585 млн. теңге болатын жоба аясында 72 медициналық құрал-жабдық алынды, олардың қатарында 26 наркоздық–тыныс алу мен 46 жасанды желдету аппараты бар. Нәтижесінде облыстағы барлық мекеме осындай құралмен толық қамтылды. Ал бұл өз кезегінде медициналық көмекті жедел көрсетіп, өлім-жітімнің айтарлықтай азаюына әсер етеді. Облыстық денсаулық сақтау басқармасының стратегиялық даму және инновациялық технологиялар бөлімінің басшысы Алмагүл Ахметжанованың айтуынша, денсаулық сақтау саласында мемлекеттік-жекеменшік әріптестіктің іске асуы тиімді. Мысалы, заманауи медициналық аппараттарды қолдану есебінен ем-домның сапасы жақсарады, емдеу орындарының қуаттылығын арттырады.

- Былтыр осы бағытта 6 жоба жүзеге асты. Қысқа мерзім аралығында оң көрсеткіштер байқалды. Биыл да бірнеше жобаны қолға алу жоспарда бар. Атап айтқанда, Павлодар қаласындағы №3 және №4 емхана, Екібастұздағы №2 емхана сатып алу құқығынсыз сенімді басқаруға беріледі. Құрал-жабдықтармен қамтуға қатысты да жоба-жоспар әзірленуде. Оның бірі – облыстағы 6 медициналық ұйымды 12 эндоскопиялық құралмен қамтамасыз ету, екіншісі - Ғ.Сұлтанов атындағы облыстық ауруханаға компьютерлік томограф алу. Алғашқысы шамамен 600 млн. теңгені қажет етсе, соңғысына 200 млн. теңгеге жуық қаржы керек, - дейді А.Ахметжанова.

Енді әріптестіктің экономикалық бөлігіне ауыссақ. Алдымен мына бір жайтты көз алдыңызға елестетіңізші. Үйіңіздегі тоңазытқыш кенет істен шығып, азық-түлікті сақтай алмайтын жағдайға жеттіңіз делік. Жаңасын алуға қалтаңызда көк тиын жоқ. Мұндайда сауда орындарына барып, қалағаныңызды таңдап, қаржылық институттармен белгілі бір мерзімге дейін бөліп төлеу туралы келісімшарт жасайсыз. Осылайша, керек затыңызды алып, кейін сомасын қайтарып бересіз. Бұл жерде де солай. Айталық, облыстық ауруханаға компьютерлік томограф аса қажет. Ол - ауру-сырқауды уақытылы анықтап, сырқат жандарды емдеуде таптырмас құрал. Бағасы да арзан емес. Бірақ мемлекеттік қазынаның оны дәл қазіргі уақытта сатып алатын қауқары болмай тұр. Осындайда инвесторлармен мемлекеттік–жекеменшік әріптестік аясында келісімшарт жасалып, кәсіпкер қажет құрал алады, мемлекет бірнеше жыл көлемінде ақшасын өтеп, қарызынан құтылады. Артық пайыздық үстемеақы төлемейді. Мысалы, компьютерлік томографты 200 млн. теңгеге алды делік. Дәл осы соманы 3 жыл аралығында өтеуі тиіс. Оған қоса, инвестор тағы екі жыл сервистік қызмет көрсетеді. Осылайша, кәсіпкер құралын сату әрі ақылы қызметтер көрсету арқылы пайда табады. Келісімшарт мерзімі аяқталған соң мемлекет меншігіне береді.

Облыстық экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасының басшысы Мақсат Тұрлыбаевтың айтуынша, былтыр денсаулық сақтау саласында жүзеге асқан жобалар нәтижесінде бюджетке түсетін жүктеме 2,2 млрд. теңгеге азайды. Әріптестік арқасында қомақты қаржы ғана емес, уақыт та үнемделеді. Егер мемлекет меншігіндегі құрал істен шықса, оны жөндеу үшін тиісті құжаттар дайындалып, қосымша қаражат қарастырылуы қажет. Бұл біраз уақытты алады. Ал жеке кәсіпкердің иелігінде болса, ол қалаған уақытта ақша бөліп, жөндейді.

Жалпы, әріптестіктің бұл түрі екі түрлі бағытта басталуы мүмкін. Бірінде мемлекет, екіншісінде кәсіпкер бастамашы бола алады. Өкінішке қарай, мемлекеттік-жекеменшік әріптестікті инвесторлар өздері алғашқы болып ұсынуды қалағанымен, кей талаптарға сай болмағандықтан, ойы жүзеге аспай қалып жатады. Атап айтқанда, кәсіпкердің сенімді басқаруға берілетін нысанға меншік құқығы мен интеллектуалдық жобасы болуы керек. Ал олар екінің бірінде кездесе бермейді. Облыстық экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасының мемлекеттік–жекеменшік әріптестікті дамыту бөлімінің басшысы Ернар Тешубаевтың айтуынша, бұл жүйеге сай жұмыс істеуге бейімделу керек. Себебі дамыған елдерде мұндай әріптестік әлдеқашан оң жолға қойылған.

- Жаһандық бәсекеге қабілеттілігімізді арттырып, озық отыз елдің қатарына қосылу үшін мемлекет пен кәсіпкер бірлесіп жұмыс істеуі керек. Ол үшін екі жаққа да тиімді тұстарды анықтап, келісімшартта атап көрсетеміз. Мемлекеттік–жекеменшік әріптестік аясында іске асатын жобалар алдымен облыстық мәслихаттың бюджеттік комиссиясында қаралып, кейін мәслихаттың сессиясында талқыға түседі. Халық қалаулылары қолдау білдірсе, қос тарап келісімшартқа қол қояды. Осы орайда ҚР Экономика министрлігі тарапынан әр аймаққа белгілі бір көлемде шектің белгіленетінін атап өткім келеді. Павлодар облысы үшін белгіленген меже – 28 млрд. теңге. Яғни, міндеттемелердің жалпы құны осы соманы құрауы тиіс, - дейді Е.Тешубаев.

Осы орайда біздің облыстың әріптестікті дамыту бағытындағы жұмыс көрсеткіші артып келе жатқанын атап өту керек. 2017 жылдың басында республикалық рейтингте 12-сатыда болсақ, жыл соңында 7-орынға тұрақтадық. Әрине, әлі де ауқымды іс атқарылып, көш басына шығамыз деген ой бар. Ол үшін білек сыбана еңбек ету керек. Мамандар сөзіне сенсек, билік пен бизнес біріксе, әлеуметтің әлеуеті жақсара түседі.

Құндыз ҚАБЫЛДЕНОВА

saryarka-samaly.kz