Ал Ұлыстың ұлы күнінде әр шаңырақ жеті дәм қосып әзірлейтін Наурыз көжеге қазақ қандай салт-жоралғы ұстанған? Кей аймағымызда «көп көже» дейтін дәмі тіл үйіретін бұл тағамның қандай емдік қасиеті бар? Әлбетте, Наурыз көжеге қосылатын 7 дәм сәттілік, байлық, атақ, кемеңгерліктің белгісі болып табылады.

Көженің негізі - су. Өмір-өзен тіршіліктің белгісі. «Ұрпақ өрбіп, судай тасып, көбейе берсін» дегенді білдіреді. Екінші дәм - қазақтың «ұзынсарыға» сақтайтын, көжеге қосатын ең маңызды тағам - жылқының сүр еті. Алдымен осы жылқы еті туралы сөз қозғайық.

Жылқы етінің ең басты қасиеті - жүрек, қан тамыр ауруларына, бүйрек жұмысын жақсартуға, буын сырқатын емдеуге, ішкі ағзаның дұрыс жұмыс жасауына тигізер әсері. Ағза жасушаларын жаңартып отырады, бұл - қартаймаудың басты қағидасы. Ілгеріде жылқы еті жуылған суға қыз-келіншек басын жуған екен. Бұл шаштың берік болуына, оның түсіп, қурап кетпеуіне сеп болатын бірден бір «табиғи бальзам» екен. Жылқы еті жуылған сумен шомылу тері ауруын емдейді, белсіздіктен қорғайды.

Жылқы етінде негізінен минералды заттар, оның ішінде темір көп. Әсіресе, жылқы бауыры темірге, А1, В2, В12 дәрумендеріне бай. Бұл дәрумендер адамның есте сақтау қабілетін жақсартады, жылқы жүрегі мидағы миллиондаған жасушаларды жаңартып, есте сақтау қабілетіне жауап беретін талшықтарға көмек береді. Ал қақталған сүр ет бүйрек жұмысына пайдалы. Сүрленген етті әбден пісіріп, сүтпен бірге ішіп-жеу бүйрек пен несеп жолдарына оң әсерін тигізеді. Бұл - дәрілерден жүз есе пайдалы. Тек үзбей жеу керек.

Қан қысымының алдын алғыңыз немесе емделгіңіз келсе, жылқы етін жеп, майынан ас дайындаңыз. Ол инфаркт сырқатын тудыратын холестериннің мөлшерін азайтып, қан қысымының жоғарылауын тежейді. Сүйек сынып, буын былқылдап тұрса жылқының майын жағу керек. Оның құрамында тін жасушалары мен жілік майын жақсартатын пайдалы элементтер бар.

Көжеге қосатын дәмнің бірі арпа. Ежелгі шығыс емшілері арпаның емдік қасиеттері туралы көп айтады. Білетіндердің айтуынша, арпаны тағам ретінде жиі пайдаланатын адамдардың қаны бұзылмайды әрі бұл - тойымды ас. Ирак тәуіптері арпаны «ғажап құтты дән» деп атайтын көрінеді. Наурыз көжеге, сонымен қатар, тары қосылады. Мұның негізінде «бір тамырдан өсіп-өнген дәндер секілді ұрпағымыз жайылып, көбейсін» деген мағына жатыр. Тары дақылының шығу тарихы өте ерте 5-7 мың жылдыққа барады. Жер шарында тарының 500-ден астам түрі өседі екен. Жалпы, тары да - аса құнды тағам. Тарының сабанын жеген сиырдың сүтінің өнімі, құнарлығы артады екен. Сабанының сапасы қыс күнінің өзінде көктемдегі көк майсадан кем түспегені дәлелденген. Тары жеген тауықтар көп жұмыртқалайды. Тарының емдік қасиеті жоғары, ол - күш-қуат берумен қатар, бауырдың, бөтегенің жұмысын жақсартып, терлетеді, сүйекті нығайтып, жарақаттың жазады, теріні әрлендіріп, қан қысымын реттейді және ішек-қарын жұмысын жақсартады. Қазіргі медицинада бұл дақыл адам денесінен антибиотик қалдықтарын жоятынын айтады. Халық тарыны «жауынгер дақыл» деп атайды. «Кеспе көже күн батқанша, бидай көже ел жатқанша, тары көже таң атқанша» дейді. Ұзақ аурудан әлсіреген адамды ашыған көжемен көтерген. Тары көже әрі сусын, әрі тамақ болады. Ақталған тарыдан кей аймақтарда жент жасайды. Бұл бұзылмайтын, ұзақ сақталатын, дәрумендерге бай, тоқ тамақ болып есептеледі.

Наурыз көжеге қосатын тағы бір дәм бар, ол - құрт. Біз құрттың пайдасы туралы өткен нөмірлердегі «Зейін» арнайы бетінде тоқталған болатынбыз. Осы жолы толықтырып айта кетейік. Құрт түрлері көп. Мысалы, жас құрт. Сүзбедегі құртты сары маймен жентектеп, шаймен бірге дастарханға қояды. Кепкен құртқа, бауырсаққа тісі өтпейтін үлкен кісілер үшін өте кенеулі ас саналады. Ертеректе жас құртты мипалауға, құйрық бауырға қосқан.

Ыстық құрт. Қайнап жатқан құртты алып, май қосып сапырып ішетін ас. Өкпе ауруына, суық тиіп ауырған сырқаттарға ем саналған. Езген құрт. Сорпаға, тұздыққа, көжеге және басқа тағамдарға қосу немесе сұйық күйінде ішу үшін кепкен құрт ыдысқа салынып, ұнтақталады. Онымен қыз келіншектер шашын, басын, бетін, қолын жуған. Міне, Наурыз көжеге осы езілген құртты қосады.

Наурыз көжеге құртпен бірге айран да қосады. Айран ұйытылғаннан кейін құрамы өзгеріп, пайдалы бактериялардың саны артады. Олар ағзадағы зиянды бактерияларды жойып, иммундық жүйені нығайтады. Дәрі-дәрмек ішу, укол алу - ішек қызметін бұзып, қарын түктерін қабындырады. Бұл асқазанға зиян. Дәрі-дәрмекті айранмен бірге қабылдаған адам тез жазылады. Себебі айран ағзадағы зат алмасуға қатысып, иммундық жүйенің жұмысын жақсартады. Майлылығы аз айранның пайдасы мол. Оның құрамында кальций мен калий, кальциферон бар. Бұл сүйектің беріктігін қамтамасыз етіп, буындарды нығайтады. Онымен қоса артық салмақтан арылтады, ауыр және майлы тағамдардан кейін айран ішу көп калорияны жойып жібереді. Құрамындағы фосфор түрлі инфекциялардың алдын алып, ағзаның күшін арттырады.

Әлбетте, көжеге тек осы тағамдарды қосу керек деген талап жоқ. Әркім өз халінше қолындағы барын сала береді. Бастысы, тағам саны жетеу болса, болғаны.

Ертеректе әйелдер өздерімен бірге көже толтырылған ыдыс ала жүрген. Қонақтап барған жеріндегі көжеге өздерінің дәмін де қосып, араластыру дәстүрі болған. Бұл - дәм-тұзымыз араласып, ынтымағымыз жарасып, бірлікте болайық деген ниет. Көжені құйып беруде де үлкен мән бар. Әдетте, бұл дәмді ыдысқа толтыра құяды. Бұл несібеміз ортаймасын, дәм-тұзымыз мол болсын деген мағынаны білдіреді. Құйылған көжені тауысып ішу - әркімнің міндеті. Себебі, берілген ырзықты қалдырмай ішу жақсылықтың бастауы ретінде бағаланады.

Наурыз көже ішілерде қариялар қол жайып:

Қарық қып құтты Наурыз,
Қазанға толсын сары уыз.
Қайнасын Наурызкөже де,
Толтырып ішкей кесеңе.
Ұлыстың ұлы күнінде,
Көппенен бірге күлімде.
Көбейсін жаңа достарың,
Молайсын елге қосқаның.
Жарасып көңіл хоштығы,
Бекісін халық достығы.
Ішінде жүрсе азғана,
Шайылсын өкпе, наз-нала.
Алдыға сыймай сәбилер,
Құшағын жайсын жаңа үйлер.
Жастардың самсап отауы,
Мейірім төксін Отаны.
Әспеттеп ата дәстүрін,
Әсем боп өссін жас буын.
Кірбің тартпасын кәрілер,
Барыңның дәмді нәрін бер! - деп бата берген.
Ырысымыз ортаймасын, ағайын! Әр шаңырақта қазан толы Наурыз көже болсын!

 

Әзірлеген - Сая МОЛДАЙЫП.

saryarka-samaly.kz