Павлодар қаласына іссапары барысында шетелдік делегация болашақ диагностика орталығына лайықты болатын ғимарат таңдады. Бірнеше аурухананы аралап шыққан олар бұрынғы Павлодар аудандық емханасының ғимаратына тоқталды. Болашақ диагностикалық орталық жайғасатын ғимаратты инвесторға сатып алу құқығынсыз сенімді басқаруға беру жоспарлануда.

- Павлодарда диагностикалық орталықтың тұсауын кескеннен кейін диагностикаға Қазақстанның өзге қалаларынан ғана емес, сондай-ақ, жақын шетелдерден де емделушілер келетініне сенеміз. Біз ауруды емдегеннен гөрі оның алдын алып, сырқатты ертерек анықтаған әлдеқайда тиімді екеніне сенімдіміз. Диагностикалық орталықтың басты ұстанымы да осы болады, - деді оңтүстік кореялық аурухананың басшысы.

Диагностикалық орталыққа орнатылатын құрал-жабдықтар құны шамамен 90 миллион теңге болмақ. Оны сатып алуға кететін шығындарды оңтүстік кореялық тарап өз мойнына алып отыр. Шетелдік делегация облыс билігінен бір ғана нәрсеге қол ұшын беруді сұрады. Яғни, біздің тарап медициналық жабдықтарды тасымалдау және кеденнен өткізуге көмектесуі керек.

Жабдықтарға келетін болсақ, шетелдік мейманның айтуынша, олар – заманауи рентген жабдығы, ультрадыбыстық диагностика жүйесі, мидың қан айналымын өлшеуге арналған жабдық, пациентке арналған мониторлар және тағы басқалары.

- Бұл техниканың бәрі қапталып, дайын тұр. Қазақстанға кез келген уақытта жеткізуге болады. Әлбетте, орталықта жұмыс істейтін мамандарды дайындау аса маңызды. Сондықтан жақын арада павлодарлық дәрігер-лерді тағылымдамадан өтуге шақы-рамыз, - деді Хо Дже Так.

Аймақ басшысы Б.Бақауов жоба бастамашыларына барынша қолдау көрсетуді және шетелдік қонақтарға мемлекеттік-жекеменшік әріптестік шеңберінде одан әрі ынтымақтастық орнатуды ұсынды. Облыс әкімі осылайша павлодарлықтар медициналық қызметті өңірден тыс жерлерден іздемей, өзімізде емделетін болады, деді.

- Мемлекет басшысы өңірлерге, оның ішінде медицина саласына инвестиция тарту міндетін қойып отыр. Оңтүстік Кореяда медицина қаншалықты цифрландырылғанын білемін. Өз денсаулығыңның жағдайын планшет арқылы-ақ білуге болады. Осы тұрғыда біздің медицинамызға да жаңашылдық әкелесіздер деген ойдамын, - деді Б.Бақауов.

Облыс әкімінің баспасөз қызметі.

saryarka-samaly.kz