Ауылың көшіп келеді, ауылың көшіп,
Алдынан Атамекен самалы есіп.

Ақын Алақанұлының бұл өлең жолдары «Қаратаудың басынан көш келеді, Көшкен сайын бір тайлақ бос келеді...» деген кер заманның зарын еске түсірді. Бұл – соның жалғасындай, бірақ Тәуелсіз елге – Атамекенге көш бұрған бүгінгі ұрпақтың әлдеқалай мұңға және қуанышқа толы шаттық жыры.

Әлбетте, Ақын Алақанұлының шығар-маларының өзегі де осы тақырып, халықтың басынан өткен қиын күндер, ел ішіндегі әлеуметтік мәселелер. Алмағайып заманда жат жерге ауа көшкен қазақ шет елде жүрсе де ана тілін, бабалар ғұрпын жоғалтпай сақтап келгенін, сол сарынмен ғұмыр кешкенін қаламгердің әр туындысынан аңғаруға болады. Бұған дейін А.Алақанұлының «Ала айғырдың ақыры», «Қарасай мен Қызылсай» атты туындыларын тұщынып оқып едік. «Ала айғырда» да қазақы тірлік, атадан балаға үзілмей жалғанып келе жатқан мал басының ақыры амалсыздан пышаққа ілінгені - сарсаңға түскен халықтың кешегісі мен бүгінгі өмірі, өзек өртеген өкінішін кейіпкерлердің ішкі толғаныстарын автор (адамдардан басқа, жылқы, қасқыр мен ит) лиризммен шебер суреттеген. «Қара байталдың қасіреті» де тап осындай туынды.

Кітапқа енген өлеңдер де туған жер, ауыл, табиғатқа арналған, әрқайсысы бір–бір төбе деуге болар.

Ақын Алақанұлы – Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында атамекенге көш бастаған зиялы қауым өкілінің бірі. Оның моңғол тілінде жазған шығармалары да баршылық, яғни екі тілдің әдеби сарынын жетік меңгерген жазушы.

«Ауылың көшіп келеді» кітабында адамдар тағдыры, туған жер, ұлттық рухани құндылықтар, адамгершілік тақырыптары кеңінен қамтылыпты. Кітаптағы «Кісі ұсталған жыл» атты әңгімесі ойға жетелейді. Отызыншы жылдардың соңына таман Моңғолиядағы қазақтардың арасына жеткен «жынды судың» партияның «құрметті асы» деп дәріптелуі, онымен «достаса бастаған» қазақ жігітінің тағдыры қарапайым оқиға арқылы дәуірдің ащы шындығын – қарама-қайшылықты, заман ағымының қалыптан ауып бара жатқанын астарлы оймен шебер жеткізген. Қаламгердің бала кезінде көрген қиындығы, жетім-жесір ана мен бала тағдыры, ананың сәбилері үшін жанұшырған қарекеті Шерхан Мұртазаның «Ай мен Айшасын» еске түсіреді. Жалпы, адам мен табиғат, жан-жануар, тағы аңдар психологиясы, олардың өмір үшін күресі жайлы қалам тартқан М.Әуезов, («Көксерек»), Ш.Айтматовтың («Аққұртқа») еңбектері қай заманда да өміршеңдігін жоғалтқан емес. Ақын Алақанұлының да туындылары сол ізбен келе жатыр...

Бұл – әдеби-көркем дүниеге айналған «Елім-айлаған» халықтың кешегі тарихы!

Жазарыңыз азаймасын, Ақын аға!

Сая МОЛДАЙЫП

saryarka-samaly.kz