Қазақстан Тәуелсіздік алған жылдардан бері қарай осымен жетінші рет қысқы олимпиада ойындарында бақ сынамақ.

1994 жылы еліміз Норвегияның Лиллехамер қаласында өткен олимпиадаға тұңғыш рет дербес мемлекет ретінде қатысқан еді. Алғашқы олимпиадада көк Туымызды трамплиннен секіруші, Қазақстанның төрт дүркін чемпионы, ТМД елдері кубогының иегері Қайрат Биекенов ұстап шықты. Ол осы жарыста 90 метрлік трамплиннен секіру бойынша 49-шы орынға табан тіресе, 120 метрлік трамплиннен секіруде 58-ші болып аяқтады. Дәл қазір ол трамплиннен секіруден еліміздің ұлттық құрамасында шәкірт тәрбиелеуде.

Араға төрт жыл салып, Жапонияның Нагано қаласында өткен дүбірлі додада шаңғышы Владимир Смирнов Қазақстанның байрағын жапон жерінде желбіретті. Ол мұндай құрметке әбден лайық еді. Себебі Лиллехамерде өткен қысқы олимпиадада қанжығасына үш бірдей жүлде байлаған бірден-бір спортшы. Ту көтерген Смирнов бұл жолы да елімізге қола жүлдені еншілеп берді. Отандық қысқы спорт тарихында Қазақстанның қоржынына 4 бірдей медаль салған саңлақ спортшы 1999 жылы үлкен спортпен қоштасты. 2000 жылдан бері қарай Халықаралық Олимпиада комитетінің атқару комитетінің мүшесі, Қазақстан биатлон федерациясының президенті, «Астана» президенттік кәсіби спорт клубының бас директоры секілді жауапты қызметтерді атқарды.

Нагано олимпиадасында жерлесіміз Людмила Прокашева конькимен жүгіру сайысы бойынша қола жүлдені қоржынымызға салғанын айта кеткен жөн.

Ал 2002 жылы қысқы олимпиада ойындары АҚШ-тың Солт-Лейк-Сити қаласында өтті. Бұл жолы күн астында қыраны қалықтаған көк Туымызды конькимен жүгіруші Радик Бикчентаев алып шықты. 1999 жылы қысқы Азия ойындарында алтыннан алқа таққан спортшының ақ олимпиадада жолы болмады. Ол - 1994, 1998, 2002 жылдары қатарынан үш мәрте олимпиадаға қатысқан спортшы. Ең үздік нәтижесі 1994 жылы Лиллехамерде өткен олимпиадада тіркелген. Конькиші 5 мың метрлік қашықтықта 16-орынды еншілеген. Тәжірибесі толысқан жампоз бүгінде Қазақстанның конькимен жүгіру федерациясының атқарушы директоры қызметін атқарады.

2006 жылы Италияның Турин қаласында өткен олимпиада ойындарына Қазақстанның көк туын хоккейші Александар Корешков алып шыққан еді. Өкінішке қарай, Туриндегі ірі бәсекеде хоккейшілеріміз іріктеу кезеңінен әріге аса алмады.

Араға төрт жыл салып 2010 жылы Канаданың Ванкувер қаласында өткен қысқы олимпиада ойындарында Көк Туымызды алып шығу құрметі биатлоншы Диас Кенешовке бұйырды. Диастың бағы жанбады ма әлде бабы келіспеді ме, айтулы додада айтарлықтай сәтті өнер көрсете алмады.

2014 жылы Ресейдің Сочи қаласында өткен олимпиадада ойындарында төрткіл дүние шаңғышы Ердос Ахмадиевтің қолынан қазақтың көк Туын көрді. Шаңғымен 15 шақырымға классикалық стильде жүру сайысында Ердос 54-ші орыннан жоғарыға көтеріле алмады.

Алдағы ақ олимпиадада ту көтеретін Абзал Әжғалиевті де осал спортшы деп айта алмаймыз. Ол былтырғы жылы Алматыда өткен Қысқы Универсиадада екінші орын алған. Ол - Американың Солт-Лейк-Сити қаласында өткен әлем кубогы кезеңінде алтыннан алқа таққан спортшы. Абзал - Қазақстан тарихындағы қысқы олимпиада ойындарында Ту ұстаған төртінші қазақ жампозы. Ту көтерген толағай ұлға сәттілік жолдас болсын!

Алпысбай ХОНЖ

saryarka-samaly.kz