Мәселен, №25 жалпы орта білім беру мектебінде аталмыш бағдарлама төңірегінде көптеген жұмыстар жүргізілуде. Өткен жылдың қараша айында мектебіміздің жас ұстаздары арасында «Ұстаздың бүгінгі күндегі беделі» тақырыбында пікірталас алаңы ұйымдастырылды. Мұғалімдер жан-жақты ізденіп, өз ойларын ортаға салды. Екі топтан құралған мұғалімдер сауалдарға нақты жауап беріп, тақырыптың мазмұнын толық аша алды.

Желтоқсан айында 7-сынып оқушыларына тарих пәнінің мұғалімі Әсел Бейсенбекова мен алғашқы әскери дайындық пәнінің мұғалімі Жақсылық Мұхтардың бастамасымен «Рухани жаңғыру - ұлт болашағы» атты тарихи-патриоттық тәрбие сағаты өткізілді. Шарада ата-бабамыздың өткен өмірі, халқымыздың салт-санасы, ұлттық әскеріміздің ерекшеліктері туралы жан-жақты мәлімет берілді. Сонымен қатар, «Ана тілім, күмбірле сарайымда» атты тілдер күні мерекесіне арналып өткізілген концерттік бағдарлама да - «Рухани жаңғыру» бағдарламасының бір бағыты. Ақындық, сахналық көрініс, мәнерлеп оқу, әншілік, күйшілік өнерді тоғыстырып, мәні мен мазмұны жағынан ұлттық мәдениетімізді насихаттаған бұл іс-шара оқушыларды адамгершіліктің түрлі асыл қасиеттеріне баулитын бағдарлама болды. Егемендігіміздің құндылығын, ана тіліміздің қасиетін, ұлттық болмысымыздың қадірін түсінуге септігін тигізе алды деп толық айтуға болады.

«Рухани жаңғыру» аясында халқымыздан мирас болып қалған ұлттық асық ату ойыны өтті. Қала мектептері арасында ұйымдастырылған ойында оқушыларымыздың ептілік, икемділік қабілеттерін дамытып, ұлттық салт-дәстүр, әдет-ғұрыптарды қастерлеуге шақырдық. Мектепте «Асық ойыны» үйірмесі ашылып, оған бастауыш және орта буын оқушыларының қамтылуы бойынша жұмыстар жүргізілуде.

«Рухани жаңғыру» бағдар-ламасы аясында халықаралық, республикалық, облыс көлемінде өткізіліп жатқан түрлі іс-шараларға мектеп оқушылары қатысып, жүлделі орындарға ие болуда. Атап айтсақ, Талғат Хандсурен жетекшілік ететін «Салтанат» би ансамблі Астана қаласында өткен халықаралық «ЭКЗЕРСИС» байқауына қатысып, бас жүлдені жеңіп алса, Майра Ханафияның жетекшілік ететін ән тобы Алматыда өткен республикалық «Ақ көгершін» байқауының І және ІІІ орын иегерлері атанды. Жуырда Гауһар Мұзафар Астана қаласында өткен «Бала шабыты» атты халықаралық конкурстық жобаға қатысып, бас жүлдемен бірге Ресейде өтетін «Дельфи ойындарына» жолдама ұтып алды. Ал жас таланттың жетекшісі Жанұзақ Балкенов ұйымдастырушылар атынан Алғыс хатпен марапатталды.

Елбасымыз Н.Ә.Назарбаев: «Біз ХХІ ғасырдың жаһандық картасында ешкімге ұқсамайтын, дербес орны бар ұлт боламыз десек, әлем бізді мәдени жетістіктерімізбен тануы керек», - деген. Сондықтан да мектеп мәдени құндылықтарымызды жаңғырту жолында жаңа серпінмен жұмыс жасауда.

Нәзира ЖАНҒАБЫЛОВА, Павлодар қалалық №25 мектептің тәрбие ісі жөніндегі орынбасары.

saryarka-samaly.kz