Жарыс Елбасының «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында Павлодар облысының 80 жылдығы мен Астана қаласының 20 жылдығы құрметіне Ленин кенті әкімдігі мен «Қамқор» мүгедектер орталығының қол-дауымен ұйымдастырылды.

Ақтүтек боран мен сықырлаған сары аязға қарамастан дала кезіп, табиғаттың тағысын аңдыған аңшылар бұл күні ауыл маңына топтасып, қыран құстарының қырағылығы мен тазы иттерінің жүйріктігін көрсетті.

Қыс келсе қансонарға шығып, із кесетін-дердің бірі – Марат Исенов. Ол бес жылдан бері аңға ит жүгіртіп, құс салумен айналысып келеді. Осы уақыт ішінде талай сайысқа қатысып, талай жүлделі орыннан көрінді. Жақында Шығыс Қазақстан облысының Үржар ауданында бүркітшілер арасында өтетін республикалық чемпионатқа барып, мұзбалақтың бағын тағы бір сынап көрмек.

- Қыста бүркітті аңға кем дегенде екі күнде бір шығарып тұру керек. Түз құсы орында қонақтап отыра алмайды. Себебі бұл нағыз қансонар уақыты екенін біледі. Біздің өңірде қасқыр көп кездеспейді, сондықтан түлкі мен қоянға ғана саламыз. Жалпы, осындай сайыс жиі болып тұрса, нұр үстіне нұр болар еді. Себебі бүгін алдағы ел чемпионатына дайындығымызды бір пысықтап алдық. Ұйымдастырушыларға алғысымызды білдіреміз, - дейді Марат Исенов.

Ұйымдастырушылардың бірі «Қамқор» мүгедектер орталығының директоры Салтанат Сәрсенбаеваның сөзінше, сайыс екі бөлім бойынша өткен.

- Аңшылар бірінші бөлімде бүркіт шақыру және қолға қондыру өнерін көрсетсе, екінші бөлімде қыран құстары мен құмай тазыларын аңға салды. Осы күні қатты аяз тұрса да, бүркітшілер өнерін тамашалаушылардың қарасы көп болды. Әсіресе, балалардың қызығушылық танытқаны қуантады. Болашақта олар осы ағаларының ізін жалғап, ұлттық өнерімізді жаңғыртатынына сенім мол. Сайыс соңында ерекше өнер көрсеткен аңшыларға ақшалай сыйлықтар берілді, - дейді ол.

Тілеуберді САХАБА

saryarka-samaly.kz