Павлодардағы Майра Шамсутдинова атындағы ән өнері мұражайында айма-ғымыздан шыққан белгілі өнер иелері тұтынған, пайдаланған жәдігерлер жинақталған. Олардың арасында әсіресе музыка аспаптарын жасаудың хас шебері Қамар Қасымов, әйгілі әнші, композитор Естай Беркімбайұлы, Майра Уәлиқызы мен оның шығармашылығын зерттеген музыка зерттеушілері жайлы мәліметтер мен фотосуреттер баршылық. Сондай-ақ, көне пианино, ХХ ғасырдың 1920-1940 жылдарында халық арасына кеңінен тараған «Патефон» (Пате - фирма-өндірушінің атымен байланысты шыққан дейді) сынды жәдігерлер бар. Олардың арасында көзге түсетіні төрдегі шкаф-шынының астындағы өнер бұлбұлы Майра Уәлиқызының жібек матадан кестелеп тігілген қызыл түсті сәнді шапаны. Әнші өмір сүрген заманда қыз-келіншектер ашық-шашық емес, қазіргіге қарағанда қарапайымдау киінгені белгілі. Дегенмен Майра киген қызыл шапан сол кездегі көзқараспен бағалағанда аса сәнді болған. Бұл киімді әнші үлкен жеңгесінен сыйға алса керек. Қызыл шапан мұражайдағы қымбат жәдігердің қатарынан орын алған.

Биыл туғанына 150 жыл толатын Естай Беркімбайұлы жайлы мәліметтер мен фотосуреттер де Майра мұражайында баршылық. Мұнда ақынның отбасы пайдаланған ағаштан жасалған ет табақ, жез құмған, жез леген және піспе шелек бар. Сонымен қатар, жүзімнің сабағынан иіп жасаған ас сақтайтын ас сандықты да (мұндай дүниені қазақтар салқындатқыш ретінде пайдаланған дейді) Естай Беркімбайұлының туыстары әкеліп тапсырған екен. Өте бір нәзіктікпен, ептілікпен тоқылып жасалған көненің көзіндей бұл сандықшаға 100 жылдай уақыт болыпты. Қандай шебер жасады екен? Ол заманда біздің жақта жүзім өсті ме? Әлде оңтүстік жақтың шебері тоқыды ма екен?

Әйтеуір осы заттардың қай-қайсысы да көзге ыстық көрінеді, осыдан ғасыр бұрынғы қазақ тұрмысын көзге елестетеді. Бұлар - біздің өміршең қазынамыз, кешегі күннің белгісі, ескерткіші, жақсылардың көзі!

Сая МОЛДАЙЫП

saryarka-samaly.kz