Мәселе мынада

Жекпе-жек, белдесу қазақтың қанына сіңген. Жанына жақын. Сондықтан болар, әлемде зор қызығушылыққа ие спорттың бұл түрі елімізде де күн санап қарқынды дамып келеді. Тек аймағымызда ережесіз жекпе-жектің «бағы байлануда». Олай дейтініміз, редакция-мызға Павлодар облысының аралас жекпе-жек (ММА), панкратион және грэпплинг федерациясының президенті Алтынбек Рысжанов келіп, ұйымның «тағдыры» қыл үстінде тұрғанын айтты.

- Үстіміздегі жылдың 15 қаң-тарында федерация атына облы-сымыздың дене тәрбиесі және спорт басқармасының басшысы Марат Айдашевтің қолы қойылған ресми хат келді. Онда спорттық ұйымымыздың аккредитациясы тоқтатылатыны жазылған. Ал себебі дұрыс түсіндірілмеген. Бұл хатты көргенде төбемізден жай түскендей болды. Жылдар бойғы төккен тер, еткен еңбегіміздің еш кеткені ме? - дейді А.Рысжанов.

Мәселенің анық-қанығын білмекке редакциядан Павлодар облысының дене тәрбиесі және спорт басқармасының басшысы М.Айдашевтің атына ресми сауал жолдадық. Өкінішке қарай, «бұл шешімге ҚР Мәдениет және спорт министрлігімен бекітілген спорттық федерацияларды аккредитациялау туралы ереженің 29-бөлімінің орындалмауы себеп болды» дегеннен басқа мардымды жауап ала алмадық. Сірә, мемлекеттік мекеме тәтпіштеп жауап жазуды жөн санамаса керек. Амал жоқ, толыққанды ақпарат алу үшін аталмыш басқармаға аттандық. М.Айдашевті жолықтырудың сәті түспеді. Есесіне, спорттық федерацияларды аккредитациядан өткізу жұмысына тікелей жауапты маман, бұқаралық дене тәрбиесі бөлімінің басшысы Айнұр Қоспақовамен жүздестік. Ол бүгінде басқарма жанынан спорттық федерацияларды аккредитациялау жөнінде арнайы комиссия құрылып, облысымыздағы барлық 56 федерацияның жұмысы тексеріліп жатқанын айтты. Дей тұрғанмен, сол 56 спорттық федерацияның ішінде мемлекеттік мекеме өкілдері аралас жекпе-жекті дамытып отырған осы ұйымға ғана шүйліккені байқалады. Оның мәнісін Айнұр Мейрамқызы былай түсіндірді:

- Спорттық федерацияларды аккредитациялау жөніндегі комиссия облысымыздағы аралас жекпе-жек (ММА), панкратион және грэпплинг федерациясының өздеріне жүктелген міндеттемелерін тиісті деңгейде орындамай отырғанын анықтады. Дәлірек айтсақ, спорттық федерацияларды аккредитациялау туралы ереженің 29-бөліміндегі талаптарды сақтамаған. Мониторингті аталған ұйымның атқарған жұмыстары жөнінде басқармаға тапсыратын есеп құжаттарын негізге ала отырып жүргіздік. Федерацияға тиесілі үш спорт түрінің, яғни аралас жекпе-жек (ММА), панкратион және грэпплингтің екеуі бойынша жұмыс жақсы жолға қойылған болса, үшіншісі өз деңгейінде емес, - дейді А.Қоспақова. Федерацияда аталған «Нақты қандай спорт түрі бойынша жұмыс нашар жүргізілуде?» деген сауалымызға дәл осы мониторингті жүргізген комиссия төрағасының орынбасары Айнұр Мейрамқызы мардымды жауап бере алмады. Бірақ спорттық федерацияның өткізген әрбір жарыстың ережесі басқармада жеке бекітілуі тиіс екенін айтты.

Алайда А.Рысжановтың сөзіне сүйенсек, А.Қоспақова әкелген ережелердің көпшілігін түрлі себептермен бекітпей, қайтарып жіберетін көрінеді. Бұл үрдіс бірнеше жылдан бері жалғасып келеді. Ал Айнұр Мейрамқызы болса, «федерацияның өткізген спорттық шараларын растайтын ережелерді көрмедім», деп отыр.

Сондай-ақ, басқарманың бұқа-ралық дене тәрбиесі бөлімінің басшысы өз сөзінде «Біз аралас жекпе-жек (ММА), панкратион және грэпплинг федерациясын жауып жатқан жоқпыз. Тек аккредитациясын тоқтатамыз» деп атап өтті. Аккредитация тоқтағаннан кейін федерация жұмысы да шектелетіні белгілі. Себебі ресми рұқсаты жоқ мекеме түрлі деңгейдегі жарыс-тарды өткізуге құқысыз. Онымен қоса, А.Рысжановтың айтуынша, ережесіз жекпе-жек қауіпті спорт түрі саналады. Егер алда-жалда жаттығу немесе жарыстар кезінде қандай да бір спортшы жарақат алар болса, онда таяқтың бір ұшы федерация басшылығына тиері сөзсіз. Ондай жағдайда «Аккредитациясы жоқ бола тұра, спорттық жарыс өткізген» деген жалаға қалатыны белгілі. Демек, басқарманың бұл қадамы аталған спорттық ұйымның жұмысын шектейтініне күмән жоқ.

29-бөлім

Енді, басқармадағылардың пайымдауынша «бәленің бәріне себеп болып отырған» спорттық федерацияларды аккредитациялау туралы ереженің 29-бөліміне тоқталайық. Ерінбей аталған ережені тауып, оқыдық. 29-бөлімде «бекітілген спорт түрлері бойынша кешенді мақсатты бағдарламада қарастырылған шараларды өткізбеу» делінген. Яғни, облысымыздың аралас жекпе-жек (ММА), панкратион және грэпплинг федерациясына «спорттық жарыстар өткізбеді» деген кінә артылуда.

- Бұл - ойға қонымсыз жағдай. Біз тиісті аккредитацияны 2015 жылдың соңында алдық. Сол кезден бері жыл сайын қалалық, аймақтық, республикалық, тіпті халықаралық деңгейдегі жарыстарды ұйымдастырып келеміз. Біздің спортшыларымыз республиканы айтпағанда, әлемдік деңгейдегі додаларда топ жарып жүр. Былтырдың өзінде Павлодар қаласында екі облыстық жарыс және әлем біріншілігіне іріктеу турнирін өткіздік. Осы жұмыстың барлығын қалай жоққа шығаруға болады? – дейді облыстық федерация президенті А.Рысжанов.

Жоғарыда сөз еткен комиссияның төрағасы облысымыздың дене тәрбиесі және спорт басқармасының басшысы М.Айдашев екенін атап өткен жөн. А.Рысжановтың айтуынша, басқарма өкілдері федерацияның атқарып жатқан жұмысы туралы білмеуі мүмкін емес. Себебі спорт ұйымы әр жылдың басында алдағы кезеңге арналған жарыстардың күнтізбелік жоспарын бекітеді. Биыл аталған федерация 10-нан астам спорттық шара жоспарлап, ол жауапты орган мақұлдаған күнтізбелік жоспарға енгізілген. Оның ішінде панкратион, грэпплинг және ММА-дан қалалық, облыстық және республикалық чемпионат бар. Сондай-ақ, павлодарлық спортшылар Азия, әлем біріншіліктеріне қатыспақ. Бұл құжатты Павлодар облыстық дене тәрбиесі және спорт басқармасының басшысы М.Айдашев бекіткен.

«Осылайша, біздің қандай спорттық шаралар ұйымдастырып жатқанымыз әрдайым тиісті мемлекеттік мекеме өкілдерінің көз алдында», дейді А.Рысжанов. Дәл осындай күнтізбелік жоспар өткен 2016 және 2017 жылдарға да құрылып, бекітілген. Бірақ басқарманың федерациялар жұмысына тікелей жауапты өкілі А.Қоспақова бұл туралы білмейтін болып шықты. Тіпті, облыстық федерацияның президенті тағы бір мәселенің бетін ашты.

- Федерациямыздың аккредитациясын тоқтату туралы мәселе өткен жылдың соңында айтыла бастаған еді. Облысымыздағы жауапты мекеменің бұқаралық дене тәрбиесі бөлімінің басшысы А.Қоспақова республикадан облыстағы ММА спортын, яғни ережесіз жекпе-жекті жабу туралы бұйрық келгенін айтты. Бірақ «бұл әңгіме жөнінде екеумізден басқа ешкім білмеуі тиіс» деп ескертті, - дейді А.Рысжанов. Айнұр Мейрамқызы болса, мұндай әңгіменің арада болмағанын айтып отыр.

Кімнің «көзі түсті»?

«Жел тұрмаса, шөптің басы қимылдамайтыны» белгілі. Бұл мәселені зерттеу барысында ҚР Еңбек сіңірген бапкері, еліміздің Аралас жекпе-жек, панкратион және грэпплинг бойынша Ұлттық федерациясының президенті Сағындық Микеевке хабарластық. Ол Павлодар облысында ережесіз жекпе-жек, яғни ММА спортына белгілі біреулердің «көзі түсіп» жүргенін айтады. Бар гәп осында болуы мүмкін.

- Павлодар облысының аралас жекпе-жек (ММА), панкратион және грэпплинг федерациясының аккредитациясын тоқтатуға мүлде басқа жайттар себеп болуы мүмкін. Елімізде спорттың бұл саласына көлденеңнен қосылған, спортқа тән емес әрекеттерімен аты шығып жүрген ҚР ММА федерациясы бар. Естуімізше, олар Павлодарда өз өкілдіктерін құруға тырысуда. Бірақ аккредитация ала алмай жүрген көрінеді. Себебі ол аккредитация А.Рысжанов басқарып отырған ұйымға тиесілі. Атап өтерлігі, ҚР ММА федерациясы басшылығының «қолы ұзын». Олар өз пайдасын күйттеп, мақсатына жету үшін түрлі әрекеттерге баруы ықтимал. Әйтпеген жағдайда, Павлодардың аралас жекпе-жек (ММА), панкратион және грэпплинг федерациясының жұмысына шүйлігетіндей басқа себеп жоқ. Облыстық ұйым осы күнге дейін жергілікті бюджеттен бір тиын да қаражат алып көрмеген. Өз күшімен жұмыс істеуде. Павлодардың ережесіз жекпе-жек шеберлері үлкен жетістіктерге қол жеткізуде. Бүгінде елімізде панкратион, грэпплинг және ММА спорты Павлодар мен Қарағанды облыс-тарында қарқынды дамып келеді. Ертіс-Баян өңірінің спортшылары әлемдік деңгейдегі әуесқой жарыс-тарда топ жарып жүр. Мұның өзі көп дүниеден сыр шертеді. Атап өтерлігі, Қазақстанның басқа облыстарындағы осы тектес федерациялар спорт басқармаларының қаржылай қолдауымен жұмыс істеп келеді. Ал павлодарлық жауапты мекеме басшылары қолдау көрсеткеннің орнына, аяқтан шалуға тырысуда. Аймақтың дене тәрбиесі және спорт басқармасының бұл әрекеті ұят деп есептеймін, - дейді С.Микеев.

Сондай-ақ, Сағындық Махметұлы облыстағы спорт саласына жауапты шенеуніктердің аралас жекпе-жек, панкратион және грэпплинг федерациясына деген көзқарастары әуелден түзу болмағанын айтты.

- Мысалы, 2016 жылы Павлодарда ережесіз жекпе-жектен ел чемпионаты ұйымдастырылды. Оған республиканың 14 облысы мен Астана, Алматы қалаларынан 300-ге жуық спортшы қатысты. Ол жарысқа арнайы бардым. Бірақ өз жерлерінде жоғары деңгейдегі шараның өтіп жатқанына қарамастан, жергілікті дене тәрбиесі және спорт басқармасынан басшысын айтпағанда, қатардағы маман да келмеді, - дейді С.Микеев.

Спортшылар алаңдаулы

Бүгінде облысымыздың аралас жекпе-жек (ММА), панкратион және грэпплинг федерациясында жүзге жуық спортшы жаттығады. Соңғы 2-3 жылдың ішінде көптеген спорт шеберлігіне үміткерлерді, спорт шеберлерін тәрбиелеп шығарды. Оларда да «федерация жабылып, далада қаламыз ба?» деген үрей бар. Панкратион және ММА бойынша әлем чемпионы Қуанышбек Мажитовтің айтуынша, егер жоғарыда аталған спорттық ұйымның аккредитациясы тоқтатылатын болса, онда талай жылғы еңбек зая кетпек.

- Өз басым болашағымды спорт, соның ішінде ережесіз жекпе-жекпен байланыстырамын. Бүгінде әлемдік деңгейде көзге түсіп жүрген қазақтың білекті жігіттері аз емес. Солардың қатарын толықтырсам, ел намысын биікке көтерсем деген арманым бар. Біз облыстық аралас жекпе-жек (ММА), панкратион және грэпплинг федерациясының жанынан құрылған «Абылай» спорт клубында жаттығамыз. Осы күнге дейін спортта жеткен үлкенді-кішілі жетістіктеріміз болса, ол – осы ұйымның және оның басы-қасында жүрген бапкеріміз Алтынбек Рысжановтың арқасы. Егер аталмыш федерацияның аккредитациясы тоқтатылып, ол жабылар болса, онда біздің жылдар бойғы төккен тер, еткен еңбегіміз зая кетпекші, - дейді Қ.Мажитов.

Панкратион бойынша спорт шебері, ҚР Чемпионы Арман Сыздықбаев та осы мәселеге қатысты алаңдаушылығын білдірді.

- Облысымыздың аралас жекпе-жек (ММА), панкратион және грэпплинг федерациясының аккредитациясы тоқтатылуы мүмкін деген хабарды естігенде барлығымыз таңқалдық. Әрі болашағымызға деген алаңдаушылық пайда болды. Республикалық жарыс-тарда «облысымыздың намысын жерге жықпаймыз» деп барымызды салатын едік. Бірақ бізді қолдауы тиіс спорт басқармасының мұндай әрекеті бар еңбегімізді жоққа шығарып отырғандай, - дейді А.Сыздықбаев.

Ережесіз жекпе-жек – нағыз жүрек жұтқан жігіттердің алапат айқасы. Сондықтан бұл спортта сайдың тасындай іріктелген сайыпқырандар сайысқа түседі. Оның басы-қасында жүрген азаматтардың намысшыл болатыны сондықтан. Павлодар облысының аралас жекпе-жек (ММА), панкратион және грэпплинг федерациясының президенті А.Рысжанов осы уақытқа дейін «мемлекеттік мекеме қолдамайды» деп қол қусырып отырған жоқ. «Қаражат бер» деп алақан жайып, сұрап жатқан жоқ. «Керісінше өз күштерімен, еңбегімен облыс атын шығарып отырған ұйымды демеуге болмас па?» деген заңды сұрақ туындайды.

Түйін:

Павлодар облысының дене тәрбиесі және спорт басқармасы жоғарыда аталған федерацияға 1 ай уақыт бергенін айтып отыр. Яғни, егер басқарма талап еткен барлық құжаттарды қайта әкеліп, тапсырар болса, мәселе оң шешілуі мүмкін. Оны спорттық федерацияларды аккредитациялау жөніндегі комиссия қарайтын көрінеді. Әділ шешімге үміттенеміз. Редакция аталмыш мәселені соңына дейін назарда ұстайтын болады.

Данияр ЖҰМАДІЛ

saryarka-samaly.kz