- Қайрат Махметұлы, төрт жылдың айтулы бәсекесі - қысқы олимпиада ойындары басталатын уақыт жақындап қалды. Олимпиадаға біздің өңірден кімдер қатысады? Спортшылардың дайындығы қалай? Әңгімемізді осыдан бастасақ.

- Естеріңізде болса, Сочидегі олимпиада ойындарына біздің мектепте тәрбиеленген 2 спортшы Дарья (Усанова) Климина мен Антон Пантов қатысқан еді. Алдағы Ақ олимпиадаға 3 спортшымыз барады. Шаңғы жарысынан біздің мақтанышымыз - Анна Шевченко бәсекенің барлық қашықтықтарында сынға түсуге дайын. Максим Браун мен Дарья Климина биатлон жарысы бойынша барлық қашықтықтарда шеберліктерін сынға салуға ниетті. Айтпақшы, 2017 жылдың соңында Швецияның Эстерсунд қаласында өткен Әлем кубогының аралас эстафетасында шәкіртіміз Максим Браун мен Шығыс Қазақстан облысының спортшысы Галина Вишневская қола жүлдені қоржынға салды. Бұл - биатлоншылар-дың Қазақстан тарихындағы алғашқы медалі.

Олимпиада ойындарына екінің бірі қатыса бермейтіні анық. Лицензия жеке спортшыларға емес, федерацияға беріле-тіндіктен, федерация басшылығы бәсекеде бақ сынайтын спортшыларды өздері анықтайды.

Облыс атынан шорт-трекшілер Денис Никиша мен Ким Ионг А, сондай-ақ Еркебұлан Шамуханов пен Мерсайд Жақсыбаевтар да Оңтүстік Кореяға баратын мықтылардың қатарына қосылған. Олар өзге облыстан келген спортшылар болғандықтан, кәсіби шеберліктері мен дайындығы туралы ештеңе айта алмаймын.

- Басқа өңірдің спортшыларын облыс атынан олимпиада ойындарына қатыстыру қаншалықты қисынды? Әлде бұл амалсыздан қабылданған шешім бе?

- Аталған спортшылардың барлығы да - әлемдік бәсекелерге қатысып, жақсы нәтиже көрсетіп жүрген жандар. Бірақ олардың өзге облыстармен жасаған келісімшарттары бұзылған. Осыдан біраз уақыт бұрын облыстық дене тәрбиесі және спорт басқармасына оларды қабылдау туралы ұсыныс келіп түскен еді. Жергілікті билік спортшыларды қанатының астына алды. Неге десеңіз, біздің өңірде шорт-трек спорты дамымаған. Спорттың бұл түрін дамыту үшін қыруар жұмыс атқаруға тура келеді. Ол үшін ең алдымен арнайы қауіпсіздік ережелері сақталған жабық мұз айдынын салу керек. Бүгінде облыс бойынша жалғыз ғана жабық мұз айдыны жұмыс істейді. Аймақта шорт-тректің қыры мен сырын жетік білетін мықты мамандар да жоқ. Облыс атынан қатысатын спортшылар жоғары көрсеткіштерге жетсе, жастардың да шорт-трекке деген қызығушылықтары артып, жергілікті билік те бізге таңсық спорт түрін дамытуға көңіл бөледі деп ойлаймын.

- Павлодардың жоғары спорттық шеберлік мектебі өзге өңірлердегі шеберлік мектептерімен бәсекелесе ала ма?

- Шеберлік мектептерінің қайсысы қай орында екендігі туралы арнайы сараптама жүргізілмейді. Алайда көрсеткішіміз жаман емес деп ойлаймын. 2017 жылы өткізілген Ел чемпионатында спорттың 20 түрі бойынша біздің ұландар 111 алтын, 83 күміс, 74 қола медаль еншіледі. Өткен жылғы әлем чемпионаттарында 25 спортшымыз бақ сынап, 5-уі чемпион атанды. Азия чемпионатында спорттың 6 түрінен сынға түскен шәкірттеріміз барлығы 26 медальді қанжығасына байлады. Жапонияның Саппоро қаласында өткен VIII қысқы Азиада ойындарында биатлоншы Дарья Климина мен Максим Браун аралас эстафета бойынша алтыннан алқа тақты. Антон Пантов осы жолы күміске қол жеткізген еді. Айта берсек жүлделі спортшылардың тізімі мұнымен аяқталмайды. Жеткен жетістіктерімізге қарап, Алматы, Астана, Қарағанды, Оңтүстік Қазақстан, Шығыс Қазақстан секілді өңірлерді өкшелеп келеміз деуге болады.

Әрине, бәрі керемет деп айтудан да аулақпын. Кемшін тұстарымыз да жоқ емес. Мәселен, жеңіл атлетшілеріміздің қыс айларында спортпен айналысуға мүмкіндіктері жоқ. Оларға жабық әрі жылы ғимаратта арнайы жүгіру жолағын салу қажет. Болашақта ипподром аумағы маңында әлемдік стандартқа сай жеңіл атлетикалық заманауи манеж салынады деп жоспарлануда. Сондай-ақ, биатлоншылардың нысана атуға арналған талапқа сай орны жоқ. Спортшыларымыз бұл жаттығумен амалсыздан жабық орындарда айналысуға мәжбүр. Ал бұл биатлоншылардың жарыс жолына шығу кезінде көрсеткіштеріне кері әсер етері анық. Жабық алаңда дайындалған спортшылар сайыс кезінде жел мен жарықтың әсерінен жиі қателеседі. Ал спортшылардың дайындықтарын шыңдау үшін өзге өңірлерге жіберу қыруар қаражатты қажет етеді. Бүгінгі таңда мәселені шешу жолдары қарастырылуда. Усолка шағын ауданында арнайы нысана көздеу алаңы салынбақ. Жоспар жүзеге асса, биатлоншылардың көрсеткіштері жақсаратынына сенемін. Сондай-ақ, мергендерді дайындайтын нысана ату орны да алаңдатарлық жағдайда. Бүгінге дейін облыс биатлоншылары мен мергендері «Отан» тир ату орнында жаттығып келеді. Бұл жерден аймақ намысын табысты қорғаған талай спортшы тәрбиеленіп, жаттыққан. Мәселен, әлем чемпионатының қола жүлдегері Вячаслав Подлесный да осы жерден шыққан. Аталмыш тирді жалға алып отырғанымызды атап өткеніміз жөн. Өкінішке қарай, ғимарат иесі оны сатуды жоспарлап отырғанға ұқсайды. Сондықтан спортшылар жабық алаңда жаттығу мүмкіндігінен де айырылу қаупі бар. Осындай олқылықтардың орнын толтырсақ, болашақта біздің өңір спортта көш бастауы әбден мүмкін!

- Әңгімеңізге рақмет!

Сұхбаттасқан - Алпысбай ХОНЖ

saryarka-samaly.kz