Мұны түсінген инвесторлар да жиі-жиі кеншілер шаһарына барып, түрлі бағытта кәсіп ашуға ниетті. Ашып та жатқандары жетерлік. Жуырда облыс әкімдігінде өткен жиындардың бірінде өнеркәсіп өсімі жағынан Екібастұз ерлеп тұрғанын тағы айтқан еді. Өңірімізде өнеркәсіп өсімінің негізгі үлесі тау-кен өндірісі секторына тиесілі. Бұл саладағы өндіріс көлемі 9,1 пайызға өскен. Оның ішінде бұл өсімге көмір көлемі мен металл кендерін өндіру көлемінің еселенуі себеп болған. Аталмыш өнеркәсіп тармақтарының көбі Екібастұзда екенін ескерсек, кеншілер қаласының қосқан үлесін айрықша атауға әбден болады.

Жаңа жобалар демекші, өткен жылы индустрияландыру картасы аясында екі ірі жоба іске қосылды. Бірі ет өңдейтін комбинат болса, енді бірі - елде жоқ қысқы дизельді отын өндіретін кәсіпорын. Қаланың кәсіпорындары 522,2 млрд. теңгенің өнімін шығарған. Бұл 2016 жылғы көлемді 1,5 есеге орап кетеді.

Екібастұз қаласы әкімінің баспасөз қызметінің берген мәліметтеріне сүйенсек, өткен жылы кеншілер шаһарының экономикасына 172,1 млрд. теңге инвестиция тартылыпты. Бірақ бұл 2016 жылғы көлемнен 20 пайызға төмен көрінеді. Десе де, көрсеткіштің төмендеуіне қарамастан екібастұздықтардың жалпы облыстық құрылымында 2-орында тұр. Яғни, облысқа құйылған жалпы инвестицияның 34,8 пайызы екібастұздықтарға тиесілі.

Облыс әкімі Болат Бақауов алқалы жиындардың бірінде Екібастұзда қолға алынбақ жобалардың салмақтығын Павлодар арнайы экономикалық аймақ аумағындағы кәсіпорындармен салыстыра отырып, айқын аңғартқаны тағы бар. Мәселен, кеншілер қаласында «Проммашкомплект» ЖШС-нің өндіріс ауқымын кеңейту көзделген. Мұнда вагондарға арналған үлкен дөңгелектер шығарылмақ. Жаңа дөңгелектер жүк және жолаушылар тасымалымен айналысатын вагондарға арналмақ. Ірі жобаның құны – 52 млрд. теңге. Ал Павлодар арнайы экономикалық аймағындағы барлық жобаларға салынған инвестиция көлемі – 56 млрд. теңге. Демек, Екібастұзда жүзеге асатын жобаның ауқымы айтарлықтай. Осыны меңзеген аймақ басшысы ірі жобаны ілгерілетуге мән беруді ескерткен еді. Себебі, бұл жоба іске асса, кеншілер қаласында теміржол кластері толық қалыптасады.

Бұған дейін Екібастұзда теміржол осьтері, жол бұрғыштары, бөренелері мен өзге де бөлшектері шығарылатын өндіріс орындары ашылғаны белгілі. Ал кластерді толықтыру үшін дөңгелектер шығару қажет болды. Осыны ескерген «Проммашкомлект» кәсіпорны жобаны іске асыруға кірісіп кеткен. Серіктестік алғашқы өнімдерін жөнелтетін бірқатар елдердің кәсіпорындарымен алдын ала келісімдер жасап үлгерген. Атап өтсек, Қазақстан, Қырғызстан, Ресей, Өзбекстан, Тәжікстан және тағы бірқатар тасымалдаушы компаниялармен уағдаластыққа келген.

Кәсіпорын биыл жыл ортасында алғашқы өнім сатылымға шығады деп жоспарлауда. Енді қараңыз, жоба сәтті жүзеге асса, 400 жұмыс орны құрылады. Яғни, экономикалық тиімділігінен бөлек, әлеуметтік әлі де әлдеқайда жоғары. Жобаға облыс билігінің «бүйрегі бұрып» отырғаны – осыдан.

saryarka-samaly.kz