- Нұрлан Максимұлы, Елбасы баса назар аударған тақырыптың бірі - электронды еңбек биржасы. Аталмыш жүйе өткен жылы пилоттық жоба ретінде қолданысқа енгені мәлім. Өңірімізде бұл электронды еңбек биржасы қалай іске асырылуда?

- Президент былтырғы Жолдауында еңбек нарығын модернизациялауды айрықша тапсырған болатын. Осыған орай өткен жылы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі интернетте электронды еңбек биржасының жаңа жүйесін іске қосты. Ол enbek.kz деп аталады. Жаңа пилоттық жобаға Астана, Алматы қалаларымен бірге, 2 мыңнан астам бос жұмыс орны бар Павлодар қаласы да кірген еді.

Президент көтерген электронды еңбек биржасы мәселесі біздің қоғам үшін шынымен де өзекті болып отыр. Себебі қазіргі таңда қазақстандықтардың жаңа жұмыс көзін іздестіруі, өзінің мамандығы мен тұрмыс-салтына сай жұмыс орнын тезірек табуы аса маңызды. Осы процесті мейлінше оңайлатуға мүмкіндік беретін бірыңғай электронды еңбек биржасында – бос жұмыс орындары мен жұмыс іздеушілер туралы ақпарат жинақталып тұруы тиіс. Осылайша, азаматтар үйде отырып тест тапсырып, оқу курстары мен мемлекеттік қолдау шаралары жайлы хабардар болып, өзінің ыңғайына келетін жұмыс табу мүмкіндігін иеленеді. Қазақстандықтарға enbek.kz порталы жұмыс табуға өз септігін тигізіп отыр деуге толық негіз бар.

- Электронды еңбек биржасына тіркелу үшін не істеу керек?

- Электрондық еңбек биржасына тіркелу еш қиын емес. Ең бастысы, үміткер өзінің электрондық мекенжайын, жариялайтын мәліметтердің растығын нақтылап, электрондық цифрлық қолтаңбасын көрсетуі шарт. Сайт шарты бойынша, жұмыс іздеушіге арнайы сынақ уақыты беріледі. Ол – үміткердің қарапайым және кәсіптік бағдарлау тестінен өтіп, нәтижесін алып, өзіне ең жақын мамандықты айқындауына мүмкіндік сыйламақ. Сынақ «Джим Барреттің кәсіптік бағдарлау тесті» деп аталады.

- Бұл жүйенің біз біле бермейтін тағы қандай артықшылықтары бар?

- Жалпы, электронды еңбек биржасы бұған дейін интернетте бос жұмыс орындарын іздеуді қолданбаған жұмыс іздеушілер мен жұмыс берушілерді және жеке жұмыспен қамту агенттіктерін біріктіруге ықпал етеді. Бұл еңбек нарығындағы барлық мүдделі тұлғалар: халықты жұмыспен қамту орталықтары, ізденушілерден, кәсіпорындардан, персоналды таңдаумен айналысатын реккрутингтік компаниялар мен барлық меншік түрдегі ұйымдардан жиналған ақпараттың тегін бірыңғай қоры болмақ. Осылайша, бұл онлайн алаңды құру дәстүрлі еңбек делдалынан персоналды бос жұмыс орнын қараудың дербес түріне өтуді білдіреді.

Онлайн еңбек биржасының интерфейсі өте қарапайым. Ол жерде бос жұмыс орындары жайлы сұраныстар жарияланып, іздеуші мен жұмыс беруші арасында тікелей байланыс орнайды. Осы жобаның арқасында 2025 жылға дейін қызметке орналасатындардың саны 10 пайызға көбеймек. Электронды биржадағы мәлімет жеке тұлғалардың мемлекеттік базасына жіберіліп, министрлік әр адамның мәртебесі туралы кеңінен біліп отырады. Бұл жаңа жүйе өз кезегінде қағаз жүзіндегі еңбек кітапшаларынан бас тартуға да алып келетін болады. Жаңа электрондық алаңда жұмыссыздар мен өзін-өзі жұмыспен қамтитындарға жекелеген агенттіктер тікелей көмектеседі.

- Электронды жүйеге көшу халықты жұмыспен қамту орталығының жұмысына кері әсерін тигізбей ме?

- Жоқ, бұл жұмыспен қамту орталығының жұмысын жеңілдетпесе, кері әсерін тигізбейді. Тіпті, алдағы уақытта бұл мекемеге қызмет көрсетудің жаңа стандарттарын енгізу көзделіп отыр. Алдағы уақытта жұмыспен қамту орталықтары HR-қызметіне көшіріледі. Олар қажетті кадрларды профильдеумен айналысады және жұмыс беруші ұсынатын бос жұмыс орнына сай түйіндемелерді жолдайды. Әрі жұмыспен қамту орталықтарын жаңа компьютерлермен жабдықтау, министрліктің барлық ақпараттық жүйелеріне қол жеткізуді қамтамасыз ететін бағдарламалық кешендерді құру жоспарлануда. Қызмет көрсетудің сервисін жақсарту үшін облыстың жұмыспен қамту орталықтары «Электрондық кезек» жүйелерін сатып алып, құрып жатыр. Бүгінгі күні облыстың барлық қалалар мен аудандарында бұл жұмыс жүргізіліп жатыр.

- Павлодар қаласы бұл жүйені алғашқылардың бірі болып қабылдады дедіңіз. Осы уақытқа дейін неше адам жұмыспен қамтылды? Қанша бос жұмыс орны тіркелді?

- Электронды еңбек жүйесінің көмегіне жүгінген қала тұрғындары аз емес. Мәселен, 2017 жылдың 5 қазанынан 31 желтоқсанына дейін Павлодар қаласының Халықты жұмыспен қамту орталығына 249 ізденуші жүгінсе, оның 74-і тұрақты жұмысқа орналасты. Осы күнге дейін қала тұрғындары арасынан 175 адам жұмыссыз ретінде тіркелген болатын. Олардың 111-і кәсіптік оқытумен қамтылды. Осы уақыт аралығында еnbek.kz порталы арқылы өздігінен 107 адам жұмысқа орналасқанын байқаймыз. Ал жалпы бұл жүйе қолданысқа енгеннен бері республика бойынша 37 956 бос жұмыс орны тіркелсе, 27 706 түйіндеме келіп түскен. Осылардың ішінен 16 910 адам жұмысқа орналасса, 7304 жұмыс беруші электронды еңбек биржасының көмегіне жүгінген екен. Алдағы уақытта да біз осы қарқынымыздан танбаймыз.

- Әңгімеңізге рақмет!

Сұхбаттасқан - Қарлығаш ХАШЫМҚЫЗЫ.

saryarka-samaly.kz