Облыстық энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқар-масы басшысының орынбасары Мұрат Абылқалықов ел Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың биылғы Жолдауында кәсіпорындардың энергия тиімділігі мен энергия үнемдеуге, сондай-ақ энергия өндірушілер жұмысының экологиялық тазалығы мен тиімділігін арттыру бағытында міндеттеген тапсырмаларына тоқталды.

Айтуынша, елімізде энергия ресурс-тарын пайдалану тиімділігі бүгінгі күні 30 пайыздан аспайды. Яғни, тұтынылатын энергияның үштен екісін ысыраппен пайдаланып отырмыз деген сөз. Астанада өткен ЭКСПО-2017 көрмесі баламалы энергия саласындағы дамудың қарқынды екенін көрсетті. Бүгінде әлем бойынша өндірілетін электр энергиясының төрттен бірі жаңарты-латын энергия көздеріне тиесілі. Болжам бойынша, 2050 жылға қарай бұл көрсеткіш 80 пайызға жетпек. Еліміз 2030 жылға қарай Қазақстандағы баламалы энергия үлесін 30 пайызға жеткізу міндетін қойды. Қазіргі кезде елімізде жалпы қуаттылығы 336 МВт болатын жаңартылатын энергия көздерінің 55 нысаны жұмыс істейді, деді ол.

Жиында «Электр энергетикасы және энергия үнемдеу институты» АҚ мемле-кеттік энергетикалық тізілім орталығының директоры Алмат Қабыкенов облыстағы 2017 жылы атқарылған жұмыстарға тоқталды. Айтуынша, өңірімізде 2012-2015 және 2015-2017 жылдарға арналған энергия үнемдейтін кешенді жоспарлар толықтай жүзеге асырылып, бүгінде 2018-2021 жылдарға арналған кешенді жоспар құрылуда. Мұнда 143 шарадан тұратын 8 негізгі бағыт қарастырылмақ. Айта кетейік, үш жылдың қорытындысы бойынша облысымыз 200-ден астам іс-шара өткізген. Бұл 35 мың тонна шартты отын үнемдеуге, соның ішінде, сағатына 50,4 млн. кВт электр энергиясын және 77,7 мың Гкал жылу энергиясын үнемдеуге мүмкіндік берген. Мұның экономикалық тиімділігі 617,4 миллион теңгені құраған. Сонымен қатар, ресурс үнемдеу әлеуетін арттыру үшін мемлекеттік энергетикалық тізілімге енгізілген ең ірі 20 энергия тұтынушысына энергия аудиттері өткізілген. Бұдан басқа, 14 кәсіпорын ИСО 50001 халықаралық энергияны басқару стандартының талаптарына сәйкестігін растау үшін сертификатталған аудиттен өткен.

Айта кетейік, Елбасы Н.Назарбаевтың «100 нақты қадам» Ұлт жоспарында энергия үнемдеу саласына стратегиялық инвес-торлар тарту қажеттілігі көрсетілген. Бұл бағытта 2017 жылы Ақсу ферроқорытпа зауыты қарағандылық «ProLUX» ЖШС-мен өзара келісімшарт жасасқан. Нәтижесінде, 11,5 мың шам жарықдиодты түріне ауыстырылған. Бұл электр энергиясын тұтыну мөлшерін 60 пайызға төмендетуге мүмкіндік берген.

Өткен жылы өңірімізде энергия үнемдеу бойынша ауқымды шаралар жүзеге асырылған. Нақтылай кетсек, квазимемлекеттік сектордың 486 объектісінде энергия аудиті өткізіліп, 45 мың шаршы метрден астам терезе қапсырмасы ауыстырылған. 50 шаршы метр жабын қайта жаңартылып, 8,8 мың шаршы метр сыртқы қабырға жылытылған. Осы шаралар нәтижесінде бюджет секторында 1 млн. кВт.сағ. астам электр және 3 мың Гкал жылу энергиясы үнемделген. Сонымен қатар, 2017 жылы «Қазақстанда энергия тиімділігін арттыру» жобасы бойынша халықаралық Қайта құру және Даму Банкі арасында грант туралы келісімге қол қойылған. Нәтижесінде, Екібастұз қаласының, Ақтоғай және Май аудандарының мектепке дейінгі білім беру нысандарында жаңа технологиялар мен материалдарды қолдана отыра жаңғырту жұмыстары жүргізілген.

Сондай-ақ 2017 жылы Павлодар және Екібастұз қалаларында көше жарықтарын жаңғырту бойынша мемлекеттік-жекеменшік әріптестік ретінде келісімшарт жасалған. Биыл аталмыш келісімшарт аясында жекеменшік кәсіпорындар 16 мың бірлік көше шамын жарықдиодты шамдарға ауыстырмақ. Сыртқы жарықтандыру бойынша - 70, автоматтандырылған жүйеде 61 қондырғы шкаф, сондай-ақ, 82 шақырым сым өздігінен оқшаулау сымына ауыстырылады. Сонымен қатар, диспетчерлік пунктімен көше жарықтандыруды басқарудың интеллектуалды жүйесі енгізілетін болады. Осы жобаларды іске асыру нәтижесінде өңірдегі электр энергиясын тұтыну мөлшерін 60 пайызға төмендету жоспарланған.

Мереке АМАНТАЙ

saryarka-samaly.kz