Бір қарағанда, егіншілік - көктем мен жаздың, жерге шыққан өнімді жинап алатын күздің ғана шаруасы сияқты көрінуі әбден мүмкін. Диқаншылық кәсіптің қыр-сырын білмейтіндерге қаңтардың ішінде астық туралы сөз қозғау үйлесімсіздеу естілері хақ. Алайда ауыл өмірімен біте қайнасқан адамдар егіншілік жұмыстың жыл - он екі ай жалғасатынын жақсы біледі. Мысалы, ақпан мен қаңтар айында даланы қар көмкеріп, мүлгіген тыныштық орнайды. Бірақ алдағы өнімнен үмітті шаруалардың егін танаптарында ешқашан тыныштық болмайды. Қардың түсуіне қарай егістік жерлерге қар тоқтату жұмысы басталады. Біле білгенге, бұл - астық шығымының тағдырын шешетін үлкен науқан.

Биыл Павлодар облысының шаруалары осынау маңызды науқанды жылдағыдан кеш бастады. Оған жауған қар мөлшерінің аздығы себеп болып отыр. Облыстық ауыл шаруашылығы басқармасы өсімдік және механикаландыру бөлімінің бас маманы Байболат Рахымжановтың айтуынша, аталған бағыттағы жұмыстарға ауа райы біраз қолайсыздық тудырған.

- Өкінішке қарай, ауыл шаруашылығы саласы табиғатқа тәуелді. Биыл облыста егістік алқаптарында қар тоқтату жұмыстарының қарқыны былтырға қарағанда сәл төмендеу. Қардың түсу мөлшері аз. Онымен қоса, өткен апталардағы аязды күндер шаруалардың жұмысына кедергі келтірді. Ондай жағдайда техника қалыпты жұмыс істей алмайтыны түсінікті. Қазір қардың қалыңдығы облыс бойынша орташа есеппен бар болғаны 25 сантиметрді құрап отыр, - дейді Б.Рахымжанов.

Атап өтерлігі, масағы ғана жиналып, сабағы қалған егістіктердегі қардың қалыңдығы кей жерлерде 33 сантиметрге жетіп отыр. Мұндай алқаптардың жалпы көлемі 52 мың гектарды құрайды. Мамандардың айтуынша, қар тоқтатудың аталған әдісі қыс мезгілінде өз тиімділігін дәлелдеуде. Жайқалып тұрған бидайдың сабағы қар ұстайды. Сондықтан қыста ауыл шаруашылығы техникасын қолданып, жанармай шығындап, қар тоқтату жұмыстарын жүргізудің қажеті жоқ. Егін жинаудың жаңаша әдісін аймағымыздың бірнеше ірі шаруа қожалығы ғана қолданады екен. Олардың мүмкіндіктері осыған сай келуде. Себебі бидайдың масағын ғана орып алу үшін арнайы техника қолданылады.

Қазір аймақ шаруаларының алдында егін алқаптарындағы қарды жел ұшырып алып кетпей тұрғанда молырақ жинап алу мақсаты тұр. Б.Рахымжановтың сөзіне сүйенсек, биыл аймағымыз бойынша жалпы көлемі 410 мың 500 гектар алқапқа қар тоқтату жұмыстарын жүргізу жоспарланған. Бүгінгі таңда аталған меженің 36 пайызы орындалып, 149 200 гектар аумақта қар тоқтатылды.

Данияр ЖҰМАДІЛ

saryarka-samaly.kz