Облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы Марат Айдашевтің сөзінше, ел намысын қорғайтын жерлестеріміздің дайындығы жоғары деңгейде. Барлығының медальдан үміті бар.

- Жарыс жолына шығатын спортшылар қатарындағы Дарья Климина мен Максим Браун биатлоннан және Анна Шевченко шаңғы спорты бойынша ел намысын қорғайды. Сонымен қатар, шорт-трекші-лерге де зор сенім артып отырмыз. Мысалы, Денис Никиша, Еркебұлан Шамұханов, Мерсаид Жақсыбаев пен Ким Йонг А сынды атлеттер Павлодардың атынан барады. Жалпы, біздің спортшылардың қай-қайсысы болса да медальдан үмітті. Атап айтсақ, Максим Браун - ел тарихында алғаш рет әлем Кубогында қола медаль еншілеген жігіт. Сол секілді Анна Шевченко да осал емес. Ол 2017 жылғы Дүниежүзілік қысқы универсиада ойындарында өзі қатысқан сайыстардың барлығында жүлде еншіледі, - деді Марат Айдашев.

Еске сала кетсек, осыдан біраз уақыт бұрын аймағымыздағы «Аралас жекпе-жек, панкратион және грэпплинг федерациясы» аккредитациясын тоқтатуы мүмкін деген әңгіме тараған болатын. Бұл туралы облыстық «Сарыарқа самалы» газетінің өткен бейсенбілік санында арнайы мақала жарияланды. Мақалада аталмыш федерацияның жабылуына облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасының өзі түрткі болып отырғаны жазылған. Басқарма басшысы журналистермен кездесу барысында «Абылайдың» алдағы «тағдыры» туралы пікір білдірді.

- Иә, Павлодар облысының аралас жекпе-жек (ММА), панкратион және грэпплинг федерациясына қатысты туындаған мәселеге алаңдаушылық білдірген журналистер тарапынан сауалдар түсті. Менің ойымша, бұл сіздер ойлағандай шу шығаратын мәселе емес. Негізі, федерацияның аккредитациясын уақытша ғана тоқтатамыз дегеніміз рас. Себебі басқарма жанынан спорттық федерацияларды аккредитациялау жөніндегі арнайы комиссия облысымызға қарасты 56 федерацияны тексеріп, оның 20-сына талапқа сай жұмыс істемегені үшін аккредитациясын тоқтату туралы шешім шығарды. Егер аталған федерация басшылары бұған дейін өткізген іс-шаралары мен спорттық жарыстары туралы құжаттарды толықтырып алып келсе, мәселені оң шешуге болады. Облысымыздағы аралас жекпе-жек (ММА), панкратион және грэпплинг федерация-сына келер болсақ, жақында олардан ережесіз жекпе-жектен республикалық чемпионат өткізу туралы ұсыныс келді. Бұл бастаманы біз де қолдап отырмыз. Сондықтан алдағы уақытта қаржыландыру мәселесі де шешілуі мүмкін, - дейді Марат Сұлтанбекұлы.

Тілеуберді САХАБА

saryarka-samaly.kz