Үйіңіздегі 3 жасар балаңыздың қолына смартфоныңызды беріп, сырттай бақыласаңыз, ол сіздің көмегіңізсіз-ақ қажетін сол жерден тауып алары ақиқат. Тіпті, кейбір жас ата-ана баласы жылап, мазасын алмас үшін қолына телефонды беріп, жүре береді. Бұл - қоғам үшін үлкен қауіп.

Смартфоннан таксиді де тез табасыз, тамаққа да тапсырыс бересіз. Киім де бар, дос та бар. Тіпті, арнайы кәсіби білім арттыру үшін де смартфоныңызға бірлік салсаңыз болғаны, сіз қалаған тіліңізді үйренесіз. Түрлі ас мәзірі, өсімдік, бау-бақшаны баптау, денсаулық, сұлулық құпиялары, үй жануарларының күтімі, кітапхана, құрылыс, техникамен жұмыс жасау, тарих - бәрі-бәрі осында. Кез келген адамды да, қажетті ақпаратты да бірнеше минутта тауып үлгересіз. Бірақ адамзаттың смартфоннан бас алмауы, бүгінгінің қасіретіне айналып келе жатқан тәрізді.

Әлемнің дамыған елдерінің жастары бұл құрылғыны өзінің пайдасына жаратып жүргені қашан? Сауда көзіне айналдырып, тың идеяларын жоба ретінде таныстырып та жүр. Соңғы жылдары осындай үрдіс қазақстандық жастар арасында да кең тарап келеді. Мысалы, павлодарлық Ернар Шамбаев өткен жылы жұртшылыққа «Мастер тоғызқұмалақ» атты бағдарламасын ұсынды. Ұялы телефонға бейімделген қосымшаны бұқараға ұсынуға маманның 10 жыл уақыты кеткен.

- Бұған дейін жазылған бағдарламалар техникалық және зияткерлік жағынан әлсіз болды. Алғаш рет 1999 жылы тоғызқұмалақтың ойын бағдарламасын жасадым. Алайда, компьютерлердің әлсіздігінен қолдау таппады. Әлемде «Тоғызқұмалақ» ойынына қызығушылық танытқан адамдар миллионнан асады. Қазақстанда ғана емес, Еуропа елдерінде, тіпті Қытайда жоғары сұранысқа ие. Себебі, бұл зияткерлік ойын балалардың физикалық және ойлау қабілетін дамытуға зор үлесін қосады. Мен ойлап тапқан дүние алғашқы қосымша емес, көптеген ұқсас бағдарламалар бар. Дегенмен, тоғызқұмалақшылардың сөзіне сенсек, бұл бағдарлама өте ыңғайлы және кез келген деңгейдегі ойыншы қарсыласымен күш сынаса алады. Төрт мың жылдық тарихы бар тоғызқұмалақтың бағдарламасын Америка немесе Кореядан келген мықты программист болсаңыз да, жаза алмайсыз. Мәселен, мұнда «Тұздық» деген ұғым бар. Оны компьютерге бейімдеу үшін біраз тер төктім. Ойынның мобильді нұсқасын жасау үшін бірнеше күн ұйықтамаған сәттер болды. Кез келген ойында «эншпиль» базалары деген ұғым бар, яғни ойынның соңы деген сөз. Сонымен қатар, бұған математикалық мән беруім керек, - дейді Е.Шамбаев.

Ернардың ізін жалғап, бүгінде уақытын тиімді пайдаланып, заманауи техникалық құрал-жабдықтарды мейілінше қазақ қоғамына икемдеп жүрген жастар еліміздің әр жерінен табылады. Алайда олар саусақпен санарлық қана.

Бұл ретте психолог мамандар смартфон жасөспірімдерді қатігездікке бейімдеуде деп дабыл қағуда.

- Смартфондағы соғыс ойындары – баланың санасына егілген қатыгездіктің дәні. Міне, содан барып балалар біреуді ұрудан, соққыға жығудан қаймықпайды. Алғашқы әсерлердің бәрі смартфонда ойын ойнап отырған кезде өтті. Яғни, баланың психологиясы қатыгездікке бейімделді, - дейді психолог Гүлжазира Пернебай.

Ұялы телефонға тәуелділер үшін бүгінде «Бізде ақысыз ғаламтор желісі қызмет көрсетеді», «Wi-Fi бар» деген жазулар тамақтанатын орындардың ең өтімді жарнамасына айналған. Өйткені ғаламтор, Wi-Fi зор сұранысқа ие. Дегенмен уақыт жеткен дүниені қазақ мүддесі үшін қолдануды үйренетін кез келген тәрізді. Тәуелділіктен арылып, жаңашылдыққа бет бұру бәрімізге ортақ міндет екенін ұмытпайық!

«Жас times»-тың жауапты шығарушысы - Қарлығаш ХАШЫМҚЫЗЫ

saryarka-samaly.kz