Көзі қарақты оқырманға Семей қаласындағы «Шығыс» өңірлік 28738 әскери бөлімдегі жауынгерлік жасаққа еніп, саланың қыр-сырын меңгеруге көшкен, сақадай сайланған сарбаздардың тыныс-тіршілігін ұсынбақпыз. Кейіпкеріміз Әділет Дәуітжанов - сол сарбаздардың қатарында борышын өтеп жүрген азамат. Оның арманы - сарбаздар сапында салмақты орны бар әскер атану. Сардар болуды мақсат тұтпаса да, сары даланың төсінде жүрер сақа сарбаздардың бірі болу.

Патриотизм, ұлтжандылық, отансүйгіштік қасиеттерсіз ұлт болып, халық болып, мемлекет болып қалыптасу әсте мүмкін емес. Содан болар, сан ғасыр бұрынғы бабаларымыз өздерінен кейінгі буынға жердің киесін ұқтырып, елдің жанын сүюді үйретті. Кейіпкеріміз Әділет те бойындағы әке қанымен, ана сүтімен дарыған осындай қасиеттермен Отан алдындағы өз міндетін адал атқаруға бел буған.

– «Ер жігіттен не пайда, қолына қару алмаса. Елін, жарын, туғанын дұшпаннан сақтап қалмаса» деген бұрынғылар. Біздің заманымыз тыныш, бейбітшілікте өмір сүріп жатырмыз. Сондықтан қолға қару алып, ерлік жасау шарт емес. Ал әскерге бару - әрқайсымыздың Отан алдындағы ортақ парызымыз, - дейді Ә.Дәуітжанов.

Әділет әскер қатарына алынысымен, ҚР азаматы ретінде Қарулы Күштердің қатарына кіре отырып ант қабылдады. Қазақстан халқы мен оның заңды сайланған Президентіне ақтық демі қалғанша адал болуға, өзінің егемен мемлекетінің Конституциясы мен зандарын қастерлеп сақтауға, өзіне жүктелген міндеттерді, әскери жарғыларды және командирлер мен бастықтардың бұйрықтарын бұлжытпай орындауға, әскери қызметтің ауыртпалықтары мен қиыншылықтарын табандылықпен көтеруге ант етті. Көп алдында өз Отанымның, тәуелсіз Қазақстанның мемлекеттік мүдделерінің ержүрек әрі батыл қорғаушысы болуға серт берді.

Кейіпкеріміз борышын өтеп жатқан «Шығыс» өңірлік қолбасшылығының әскерилері дайындықтарын күн санап арттырып келеді. Бөлім жауынгерлері артиллериялық дивизия ретінде тапсырмаларға сақадай-сай. Мұнда олар өздерінің біліктіліктерін үнемі шыңдап тұрады. Сарбаздар теориялық жағынан алған білімдерін тәжірибемен ұштастырады. Бөлім заман талабына сай барлық қажеттіліктермен қамтамасыз етілген. Әскери база жаңарып, заманауи үлгідегі әскери техникалардың қатары толыға түскен. Сонымен қатар, қару-жарақтармен қамтамасыз етілуі де оң жолға қойылған.

Әділет бірнеше айдың ішінде әскери тәртіпке төселіп, қатал ережелерге үйреніп қалдым дейді. Бойынан әскери дағды, шымыр да, ширақ қимыл байқалады. Үстіндегі әскери киімі де құйып қойғандай. Әскер сапындағы сарбаздың ұйқысы таңғы алтыда, кезекшінің «Рота, оян!» деген қатты дауысымен ашылатыны белгілі. Бұл бұйрықтан кейін атып тұрмау мүмкін емес. Жауынгерлер аяғына шұлғауларын орап, керзі етіктерін киіп, бойды қыздырып, ширату үшін таңғы жаттығуларын жасауға сыртқа шығады. Таң сәріден әскери қызметкердің саулығы сарапталады екен. Артынша тәртіппен тізіле тік тұра саптық жүріске жұмылдырылады. Жауынгерлік өмір тек қана тәртіптен тұратындығы белгілі. Бұл жерде қару-жарақ, әскери дайындық, сап түзеумен қатар, күнделікті іс-әрекеттің өзі қатаң бақылауда. Қызығы сол, мұнда жатар орныңды жинай білудің өзі осал талап емес. Жауынгер үстіндегі киіміне қаншалықты көңіл бөлсе, төсек орнына да сонша мұқият болуы шарт. Тіпті, шұлғау ораудың да шеберлігін үйренуге тура келеді.

Иә, сарбаздың әр таңы осылай бастау алады. Қатардағы әскери қызметкерлер түгенделіп, жасақтың алдағы уақытқа атқаратын жұмыс қызметі мен бұйрық тапсырмасы бекітіледі. Теориялық білімін тәжірибемен ұштастырады. Ұрыс амалдарына жаттығады. Жалпы, алып та жығатын, шалып та жығатын қауқардың бар екендігін ұғындық. Шапшаңдық пен шымырлық, дәлдік пен мықтылықты қажет ететін бұл қимылды сарбаздар мүлтіксіз орындауға дағдыланған. Жауынгерлердің асынан да дәм таттық. Бір сөзбен айтқанда, әскери әлемнен өзгеше әсер алдық.

Әскери бөлімдегі демалыс күндер әдеттегідей бір сарынмен өтпейді. Әділет те өзге қатарластары сияқты демалыс күндерін асыға күтеді. Себебі сенбі, жексенбіде сарбаздарға еркіндік берілген. Оларға ұялы телефондары беріліп, ата-аналарына хабарласуға мүмкіндіктері болады. Әділет үшін бұл күндер ерекше. Казармада достарын жинап алып, қосыла ән шырқайды. Кітапханаға барып, рухани азық жинайды. Газет-журналдарды ақтарып, хабар-ошармен танысады. Туған ауылы, ата-анасына деген сағынышы да бар. Көкіректі сағыныш кернеген сәтте көңілдегісін қағаз беттеріне түсіреді. Әділеттің айтуынша, төзім мен тәртіпті, жауапкершілікті осы жауынгерлік мектептен артық еш жер үйрете алмайды.

Ант қабылдау - Отаныңа, халқыңа ақтық демің шыққанша адал болу деген сөз. Ант – адалдық рухы. Халқымыз «Анттан аттағаны – ардан аттағаны», - дейді. Яғни, адамзат нормаларының қалыптасқан шегі ар болса, оны бұзу опасыздыққа жатады. Талай ғасыр халқының еркіндігін сыртқы жаулардан қорғаған батыр бабаларымыз аманаттаған Отанымыздың тәуелсіздігін қырағылықпен күзету - ең ұлық қызмет. Сарбаз болып, сап түзеп жүрген әр азаматқа осы қызметті абыроймен атқаруды тілейміз.

Мереке АМАНТАЙ

saryarka-samaly.kz