Ақтау, Атырау, Шымкент, Қызылорда, Қарағанды, Орал, Семей, Ақтөбе... тіпті сонау Қарақалпақстанның Нөкісінен де білім қуған қыз-жігіттер Алматыдан табылатын. Әр аймақтан келген жастардың сөйлеу диалектісі, тамақ пісіруі, киім киісі әрқилы. Бірақ бәрінің де мақсаты бір, ойы ортақ, ол білім алу еді. Тапшылық, үй-ордаңнан қашықта жүру дегеннің өзі жоқтан бар жасауға, еңбектенуге, білім алуға кәдімгідей тәрбиелейді екен. Стипендиядан қағылмау керек, ол үшін күндіз-түні оқу керек. Ашқұрсақ жүріп, кеш батқанға дейін сарылып, кітап оқып, конспекті жазу, шетел классиктерінің романын оқып, талдау жасау оңай емес-ті. Біздің қатты қиналатынымыз дене шынықтыру пәні еді. Қатысу - бәріне міндет. Аптасына екі рет. Босатсаң, сессияға жібермейді. Ал ол пәннен зачет тапсыру – Алматының ортасындағы ат шаптырым орталық стадионды бірнеше рет айналып жүгіру деген сөз. Кеудең күйіп, басың зырқырап, қол-аяғың салдырап, өкшең тесіліп... ауыр, әсіресе, қыздарға. «Физкультура ағайға» жалыну артық, «зачеткаңды» қолына ұстап, аспанға қарап тұрып, «Жүгіріңіз» дейді. Болды, бітті.

...Сабақ ауыр. Тапсырма көп. Франция, Германия, Англия жағынан білім алып, дүниенің оқуын тауысып келген, тіпті сол жақтың жоғары оқу орындарында жұмыс істеген өзі де, сөзі де ірі профессорлар сабақ берді бізге. Тарих, педагогика, философия, латын, саяси экономиядан беретін қазақстандық оқытушылардың өзі - сайдың тасындай оқымысты ғалымдар. Қатал бәрі де. Еңбекқорлық, білімге ұмтылыс, кешікпеу, уәдеде тұру, жалтақтамай турасын айту, әділдік дегеннің басым бөлігін өз басым, міне, сол адамдардан үйрендім. Олардың бойынан басы артық сөз, талапсызды өрге сүйреу, «бармақ басты, көз қысты» дегенді көрмедік. Таза білім, таза еңбек талап етілетін. Содан да болар, ол адамдарды қатты сыйлап, құрметтедік, айтқандарын екі етпейтінбіз. Қиындығы да, қызығы да домбыраның қос ішегіндей қатар тартылған студенттік жылдарда біз қазақтың (өзге ұлттардың да) сөз ұстаған небір әйгілі адамдарымен жүздестік, әңгімелерін естідік, тіпті тәрбиесін көрдік. Институт басшылығы ақын, жазушы, әйгілі артис-термен кездесулерді жиі ұйымдастыратын. Ондай шаралар өте қызықты, думанды өтетін. Тек біздің шетел тілдер институтында ғана емес, ЖенПи, Ауыл шаруашылығы институты, ҚазПИ, теміржолшылар, спортшылар, политтехникалық институт, басқа да жоғары оқу орындарында осындай кештер өтіп жататын. Әйгілі адамдармен жүздесу, дауысын есту, суретке түсіп, қолтаңба алу... студенттер үшін бір қуаныш, бір бақыт болатын. Менде қазір сол кітаптардың біразы бар...

Әлі есімде, бірде бізге кездесуге белгілі ақын-жазушылар Тұманбай Молдағалиев, Қадыр Мырзалиев, Фариза Оңғарсынова және Сәкен Жүнісов келді. Институттың акт залы лық толды, түрегеп тұрғандардан да ине шаншарға орын жоқ. Қаламгерлер бірінен соң бірі сөйлеп, поэзия, шығармашылық әлемдері жайлы мәнді әңгімелер айтты. Студенттер ақындардың өлеңдеріне жазылған әндерді шырқады гитара, домбырамен. Одан соң Сәкен аға, Сәкен сері сөз алды. Оқушы кезде «Ақан серісін» қайта-қайта оқып, ойда қалған көркемсөз шебері Сәкен Жүнісов! Ақан сері, Ақтоқты, Жалмұқан... одан соң жұлымыр Біршек қасқырдың әрекеті... Алғаш осы романды оқығанда Біршекпен бірге қиналып, «шіркін-ай, құтылып кетсе игі» деп бірге уайым қылып отыратыным есте. Сері жігіттің серіктерімен ай астында Ақтоқтының ауылына алғаш келе жатып, түнгі аспанды сұлуға теңеп, суреттеген тұсы көкейде жатталып қалды.

Сол кездесуде қаламгер «Ақан серіні» қалай жазғанын кеңінен әңгімеледі. Жазушыға: «Сәкен аға, «Ақан серінің» 3-ші томын жазасыз ба? Қашан шығады?» деп сұрақ қойдым. «Ақанның үшіншісі басымда жазылып жатыр. Бұйыртса оқисыңдар» деп жауап берген еді.

Арада көп жылдар өтті... 2005 жылдың желтоқсан айында Сәкен Жүнісов бастаған бір топ қаламгер облысқа келді. Жерлесіміз, белгілі жазушы Рамазан Тоқтаровтың 70 жылдығын атап өту үшін. Құрметті қонақтар «Сарыарқа самалы» газетінің редакциясында болды. Кездестік. Әңгімелестік. Сұхбат барысында мен: «Сәкен аға, сексенінші жылдардың ортасында студенттермен бір кездесуіңізде Сізге «Ақан серінің» 3-ші кітабын қашан жазып, жарыққа шығарасыз?» деп сұрақ қойған едім. Сол жолы: «... басымда жазылып жатыр, бұйыртса оқисыңдар» деп едіңіз» дедім. Таңырқап, ойланып қалды. Сосын: «Сауалың дұрыс. «Ақан серінің» 1-2-томын жазған соң 3-ші томы ойда тұрды. Жоспарым бойынша ол социализм кезінде шығуға тиіс еді. Сол кітапта серінің өміріне байланысты оқиғалар, мысалы, Науан хазіреттің сотталуы, орыс колонизаторларының әрекеті, дін жағдайы қамтылуы тиіс еді. Ақан өміріне төнген қасірет соларға байланысты болатын. Ал ол кезде соларды жазу мүмкін бе еді?» дей келіп, Тәуелсіздік алғаннан кейінгі жылдары Абылай ханды қолға алғанын әңгімеледі. «Бірде Нұрсұлтан Назарбаевпен сапарлас болдым, самолетте бірге ұштық. Әңгіме үстінде: «Не жазып жүрсіз?» деп сұрады. Ойымды айттым. «Дұрыс, Абылай ханды жазу керек» деді. Содан өзіме қуат алғандай болдым, сөйтіп, Абылайды жазуға отырдым» деді. «Ақан серінің өмірі қалай аяқталды екен? 2-ші кітабыңыздың соңында «адуынды жастық шағымен, орны толмас арманымен, туып-өскен мекенімен үнсіз қоштасып, алыстағы сағымдай елестеген бұлдыр тіршілікті бетке алған Ақан...» деп соңын көп нүктемен аяқтадыңыз» деп сұрадым, әңгіме арасында. Сонда Сәкен аға: «Ақтоқты мен Жалмұқан аштан өлді. Бірақ кеңестік кезеңде оны жазуға болмайтын еді. Сосын Ақанның мылқау баласы Ыбан. Ақан осы баласын күтемін деп жүріп, өзі өліп кетті. Ыбан кейін башқұрт қызына үйленді, 2 баласы болды. Бәрі де аштықта қырылды. Ақан серінің артында біраз поэмалары да қалған. Ыбан оларды кезінде зиратқа апарып, көміп тастапты. Әйтсе де, біздің жақта Ақан поэмаларынан қалған үзік-үзік өлеңдер айтылып жүр» деді. «Бұйыртса «Ақан серінің» жалғасын жазамын, жарыққа шығады, ондай тарихи тұлға ұмытылмауы тиіс қой. Хабарласарсың» деп телефоны жазылған есімхатын (визитка) берді. Қаламгермен арадағы сұхбат сол жылдың желтоқсан айының соңына қарай газетте жарияланды.

Арада үш ай өтті. 2006 жылдың сәуір айында Сәкен Жүнісов дүниеден өтті деген қаралы хабар естілді. Орны толмайтын өкініш болды бұл. Сәкен сері уәде еткен Ақан сері бірден еске түсті.

Иә, қазақ әдебиетіне «Аманай мен Заманай» секілді классикалық туынды әкелген, «Ақан сері», «Жапандағы жалғыз үй», басқа да романдар, көптеген повес-терге қоса, «Қызым, саған айтам», «Қысылғаннан қыз болдық», «Жаралы гүлдер» атты көптеген пьесалар жазып, шетел классиктерінің ірі-ірі туындыларын аударған қаламгер ағамыз... жалғанға сыймай кетіпті. Драмалары М.Әуезов атындағы мемлекеттік академиялық қазақ драма театрында аншлагпен өтетін. Қалмайтын едік, көретінбіз, неше рет көрсек те жалықпайтынбыз.

Сәкен аға өмірден өткеннен кейін Павлодарға бірге келген белгілі қаламгер Ұлықбек Есдәулет «Қазақ әдебиеті» газетіне қазанама жазды. «Павлодардан келе жатып та, келгеннен кейін де Сәкен ағамыз: «Енді Ақан серіге кірісемін, жазамын» деп қатты құлшынып, көңіл-күйі көтеріліп, қайта-қайта айтып еді. Ол күнге жете алмады, қайырымсыз ажал арманына жеткізбеді» деп жазды. Әрине, орны толмас өкініш болды. Сәкен аға Ақан серіні өзімен бірге алып кетті.

Айтпақшы, биылғы 11 ақпанда Сәкен Жүнісовтің туғанына 84 жыл толмақ. Тірі болса, теледидардан әңгімесін естіп, газет-журналдардан шығармаларын оқыр едік.

...Ақан серінің жалғасын енді кім жазар екен деген сауал жиі еске түседі. Жүнісовтің сарынымен жазылар ма екен? Әлде басқа қырынан ба? Мүмкін, жазылып жатқан болар.

Міне, патша көңіл кей-кейде шарқ ұрып, кейде қоңылтақсып, кейде рухани дүниені қажетсінгенде сонау жылдардағы сол бір кездесу санада жаңғырығады.

Соның бірі де бірегейі - Ақан сері мен Сәкен сері!

Екеуі де тарихқа айналды.

Сая МОЛДАЙЫП

saryarka-samaly.kz