Өткен жыл елді мекен үшін табысты әрі қуанышты жаңалыққа толы болды. Ең бастысы, ауыл тұрғындары жылдар бойы күткен ұялы байланыс қызметі іске қосылды. Енді халық кез келген уақытта қалтафонынан қалаған бағытқа емін-еркін қоңырау шала алады.

Ауылдың белсенді жастары былтыр «Zhasproject» жастар корпусын дамыту жобасы бойынша республикалық үйлестіру агенттігінің 2 бірдей жобасына қатысып, гранттар ұтып алған еді. Соның алғашқысы – былтыр тамыз айынан бастап ауыл жастарының күшімен мұнда жасыл белдеу құрыла бастады. Екінші жоба елді мекенде волейбол, стритбол және «стрит воркаут» спорттық алаңдарын құруға арналған. Әр жобаға Дүниежүзілік банк 1 миллион теңгеден қаражат бөлді. Жобаларды іске асыратын аумақтар белгіленіп, топ мүшелері арнайы оқудан өткізілді. Барлық жұмыстар «АЛАУ Павлодар» ЖШС-нің және «Женщины – за будущее нации» қоғамдық бірлестігінің көмегімен жүзеге асырылып, жыл соңына дейін толықтай аяқталды.

Атап өтерлігі, ауыл маңында құрылып жатқан паркке бүгінге дейін 250 түп сібір алмасы мен татар үйеңкісі отырғызылды. Аудан әкімі Оразгелді Қайыргелдинов те күзде ауылға келіп, жасыл желек егуге қатысты.

Өткен жыл соңына орай ауыл тұрғындары бас қосып, салтанатты жиын өткізді. Онда zhasproject жобасы бойынша жасыл белдеулі алқаптың құрылуына атсалысып, әрдайым ұйымдастыру жұмыстарына үлес қосып жүретін Омаров Мұрабек пен Ибраев Амангелдіге ауыл әкімі Таңат Сағынтаев көпшіліктің ризалығын жеткізе отырып, Алғыс хатпен марапаттады.

Сондай-ақ Дархан Әбдікәрімовке аудандық ішкі саясат бөлімінің, Кенжебай Жаңбырбайға жастар орталығының Алғыс хаттары табыс етілді. Ал Сүтіш Кәрімов басшылық ететін «Әнет» шаруа қожалығы 2017 жылдың қорытындысы бойынша ауданда үздіктердің қатарынан орын алып, аудан әкімінің номинациясы осы жиында табыс-талды. Сондай-ақ ауыл тұрғындары Бейсеков Дүйсенбай, Сәрсенбаев Ерсін, Бұланбаев Қанат, Бушанов Еркінбай, Әбдікәрімов Дастан, Тілеубаев Файзолла, Шахметов Сержан, Закариянов Талғат, Сәдуақасов Айбек, Динабеков Асан, Ғалымжан Бауыржан, Мұхамеджанова Маржан, Сәдуақасова Айгүл, Смағұлова Рымгүл және Жүсіпбаева Рабиғаға жергілікті жастардың атынан марапаттар жасалды.

Бұл күні жасыл белдеулі алқап пен волейбол, стритбол және «стрит воркаут» спорттық алаңдарының ашылуы өтті.

Осындай мәдени іс-шаралар мен жарыстарды ұйымдастыруға атсалысқан барша азаматтарға алғысымыз шексіз.

Аян ЕҢСЕБАЕВ, Баянауыл ауданы, Жұмат Шанин ауылы.

saryarka-samaly.kz