Көрмеге алғашқы болып кеншілер шаһары саналатын Екібастұз аймағының музей экспонаттары әкелінді. Тарихи жәдігерлер көрмесінің ашылу салтанатына Жандарбек қожаның ұлы Қанат Жандарбекұлы мен Исабек Ишан бабаның ұлы Нұрмағамбеттің ұрпақтары қатысты.

- Баршамызға белгілі, біздің облыс бойынша айқындалған 78 сакралды орынның бесеуі республикалық тізімге енді. Олар - Қоңыр әулие үңгірі, Жасыбай белгі тасы, Мәшһүр Жүсіп кесенесі, Исабек Ишан Хазіреттің кесенесі және Ақкөл жайылма қалашығы. Мұндай жәдігерлерді жұртшылық назарына ұсыну үшін ұйымдастырылған шараның мақсаты зор. Туған жердің әр тасын, көлі мен шөлін, ойы мен қырын бүгінгі жас ұрпақ санасына сіңіріп, соны мақтан етіп жүрсе дейміз. Бүгінгі шараны рухани құндылықтарымызға немқұрайлы қарамайтын азаматтардың игілікті ісі деп білемін, - деді облыстық мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының басшысы Ардақ Райымбеков.

Оның айтуынша, аталмыш шара жыл бойы жалғасады. Шара аясында музейде әрбір аудан өзінің киелі жерлері туралы мағлұмат беретін көрме ұйымдастырады. Жыл соңында облыс тарихы туралы жинақ шығару жоспарланып отыр. Бірінші бөлімде әрбір ауданның киелі орындары қамтылса, екінші бөлімде елді мекендердің этимологиясы, үшіншісінде әрбір елді мекеннің жер-су аттарының шығу тарихы енгізіледі.

Екібастұз қаласындағы тарихи-өлкетану музейінің директоры Салтанат Ордабаеваның сөзіне сүйенсек, шараға Ақкөл-Жайыл-мадан Жандарбек қожаның жеке заттары жеткізілген. Бұл жәдігерлер Исабек Ишан Хазіреттің кесенесінен және музей қорынан алынған. Оның ішінде Жандарбек қожаға тиесілі шапан мен тымақ, тақия, қалта сағаты, бәкісі, мойын орағышы бар. Сонымен қатар, келушілер назарына «Екібастұздың атақты тұлғалары», «Ақкөл Жайылма және Исабек Ишан» деген кітаптар ұсынылып отыр.

Бұдан басқа, жоба аясында этнографиялық экспедиция және Байдалы мен Железинде, Кенжекөлде археологиялық қазба жұмыстары ұйымдастырылмақ.

Мереке АМАНТАЙ

saryarka-samaly.kz