Бота Машраповтың қиялынан туындаған сан алуан тақырыптағы картиналары бір бөлек, өнер иесі Ертіс-Баян өңірінің атақты тұлғаларына арнап 20-ға тарта ескерткіштер мен бюсттер жасаған. Олардың ішінде ауған соғысының құрбандары және Антон Павлович Чеховқа арналған ескерткішті ерекше атап өтуге болады. Көрмеге келген қонақтар туындыларын тамашалап қана қоймай, ондағы әр суреттің тарихымен танысты. Ұлттық болмысты көрсетіп, келер ұрпаққа отансүйгіштік сезім ұялататын алуан түрлі шығармашылық жұмыстардың әрқайсысы - қайталанбас туынды.

- Бота Қабыкенұлы көркемсуретпен айналысып, мұражайлардың, мектептер мен клубтардың, мәдениет сарайларының қызықты интерьерлерін жасап шыққан. Астанадағы «Семей-Невада», «Денсаулық - халыққа», «Этноауыл» сияқты бұқаралық көріністердің қоюшы режиссері ретінде де көп тер төкті. Бірақ оның басты әуестігі – мүсін, - дейді өнердегі әріптесі Әнуар Игембаев.

Көрмеге суретшінің өткенге көз салатын көне суреттерімен бірге соңғы уақыттарда жарық көрген жаңа туындылары қойылды. Бұл мәдени кеш суретшінің 65 жылдық мерейтойы мен шығармашылық жолына 45 жыл толуына орай ұйымдастырылды.

 

Біздің анықтама:

Суретші 1952 жылы 1 қаңтарда дүниеге келген.

1978-1983 Алматы театралды-көркемсурет институтын, қазіргі Т.К.Жүргенов атындағы қазақ ұлттық өнер академиясын тәмәмдады.

Мүсінші, дизайнер, кескіндемеші, сызбашы.

1992 жылдан бастап ҚР сурет-шілер Одағының мүшесі.

 

 

Қарлығаш ХАШЫМҚЫЗЫ

 

saryarka-samaly.kz