- Қанат Қайыржанұлы, туризмді дамыту бағытында атқарылған жұмыстарды қорытындыласақ...

- Павлодар облысының туризмі туралы сөз қозғалғанда алдымен Баянауылдың ойға оралатыны – заңдылық. Табиғаты көз тартар тарихы терең мекен туралы тек отандастарымыз емес, шетелдіктер де жақсы біледі. Бірақ бұған дейін меймандарды қарсы алу, оларға қызмет көрсету сапасы көңіл көншітерлік болмағаны рас. Осы олқылықтың орнын толтыру үшін өткен жылы ауқымды іс атқарылды. Туристік нысандардың инфрақұрылымы жақсарып, Жасыбай көлінің жағасы жаңа кейіпке енді. Баянауыл ауданындағы Торайғыр ауылында «Ақжанна» туристік-ақпараттық орталығы ашылды. Мұнда қазақ халқының салт-дәстүрін, тарихы мен құндылықтарын дәріптейтін музей-киіз үй, ұлттық тағамдардың сан түрін ұсынатын шайхана-киіз үй бар. Сонымен қатар келушілер катамаран, велосипедтерді жалға алып, экскурсия жүргізетін гидтердің көмегімен сол жердің тарихымен танысады. Туристерге мұндай мүмкіндікті «Бизнестің жол картасы-2020» бағдарламасы аясында мемлекеттік грантқа ие болған кәсіпкер беріп отыр.

Аталған жұмыстар Баянауылға келушілер қатарының артуына оң ықпалын тигізді. Айталық, өткен жазда Торайғыр көлінде 10 мың адам болған, олардың қатарында Америка Құрама Штаттары, Румыния, Моңғолия, Қытай, Ресейден келген 119 шетелдік турист бар. Жалпы, Баянауыл туристік аймағында 136 мың 635 адам демалды. Оған 560 шетелдік турист пен көл жағасында тынығып қайтқан жергілікті 20 мың тұрғынды қосыңыз. Сонда былтыр 156 мыңнан астам турист келді деп есептеуге болады. Бұл 2016 жылмен салыстырғанда 8 мыңға көп.

- «Баянауылға бәсекелес болар туристік аймақ» деп қай нысанды айта аласыз?

- Туристердің сұранысына байланысты саралайтын болсақ, Шарбақты ауданындағы Маралды көлінің әлеуеті жоғары. Былтыр инвестор табылып, «Курорт Маралды» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі көл жағасын көріктендіріп, су құбырын тартып, пирс, жазғы дәмхана, басқа да нысандарды салды. Сонымен қатар 66 марал мен бұғы сатып алды. Осылайша, туристердің демалуы үшін барлық жағдай жасалды. Бұл демалушылардың да көңілінен шыққанға ұқсайды. Себебі еліміздің түкпір-түкпірі мен көршілес Ресей елінен 50 мыңнан астам адам келді.

- Ал биыл облыс туризмін не күтіп тұр? Кенжелеп қалған саланы дамыту үшін қандай шаралар жүзеге аспақ?

- Жоғарыда аталған Баянауыл мен Маралды аймақтары ары қарай да дамиды. Сабындыкөлде көріктендіру жұмыстары жалғасады.

Туристер енді қыста да Баянауылда тыныға алады. Осы мақсатта Мырзашоқы тау-шаңғы кешені ашылмақ. Қазіргі уақытта инвестиция тарту бойынша агенттік өкілдерімен бірлесіп, Мырзашоқы тауында туристік қызметтер инфрақұрылымын салатын инвесторларды іздестіріп жатырмыз.

Өткен жылы демалушылардың қарасы қалың екенін ескеріп, кіші авиацияға арналған аэродром құрылысы басталған еді. Сынақтар сәтті орындалды. Сөйтіп, биыл 1 маусымнан бастап Астана-Баянауыл, Павлодар-Баянауыл, Қарағанды-Баянауыл бағыттарында қатынайтын рейстер тұрақты түрде жолға шығатын болды. Бұл да ішкі туризмге деген қызығушылықты арттыра түседі.

Сол сияқты Маралды көлінің жағасы да көркейеді. Үлкен пирс, аквапарк, балаларға арналған ойын алаңдарын салу, ауызсу тарту, демалушыларға қосымша жағдайлар қарастыру жоспарланған. Тіпті, «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында туристердің түнеуі үшін 20 киіз үй тігілетін болады. Пантоемдеу орны мен қонақүй құрылысын қолға алу да ойда бар. Елбасы биылғы Жолдауында «...әлемдегі әрбір оныншы жұмыс орнын ашып отырған сырттан келушілер туризмі мен ішкі туризм кез келген өңір үшін перспективалық табыс көздерінің бірі болып саналады» деген еді. Шынымен, туристік аймақтардың көптеп ашылуы жергілікті қазынаны толықтыруымен ғана емес, қосымша жұмыс орындарының ашылып, қарапайым халықтың әлеуетін арттыруымен де маңызды. Бұл тұрғыдан алғанда Баянауыл мен Маралдыда іске асатын жаңа жобалар есебінен табыс көбейіп, жергілікті жұртшылық тұрақты қызметпен қамтылады деген ойдамыз.

- Осы орайда сырттан инвестор тарту да маңызды. Облысымыздың ішкі туризмін өркендетуге үлес қоса алатын кәсіпкерлермен іс қалай жүргізіледі?

- Әлбетте, туризмді дамытуға қомақты қаражат қажет. Осы мақсатта отандық және шетелдік инвесторлармен байланысып, ортақ келісімге келуді қалаймыз. Аймағымыздың кез келген өңірінде туристік нысандар салып, өз кәсібін ашуға ниетті кәсіпкерлерге жергілікті билік тарапынан жан-жақты көмек көрсетіледі. Ал сырттан меймандарды тарту мақсатында биыл «Туризм PVL-2018» аймақтық көрмесін ұйымдастырамыз. Оған Қазақстанның ғана емес, Ресейдің де шекаралас аймақтарынан қонақтар келеді деп күтілуде. Сонымен қатар Павлодар облысы атынан Ресейдің Барнауыл қаласында өтетін «VisitAltai» халықаралық туристік форумына, Астана қаласындағы «AstanaLeisur 2018» халықаралық көрмесіне, Алматыда өтетін «Туризм және саяхат KITF2018» халықаралық жәрмеңкесіне қатысамыз. Мұндай шаралардың барлығы туристерді шақырып, инвесторлармен байланыс орнатуда жоғары маңызға ие. Үмітіміз ақталып, кездесулер нәтижелі боларына сенім мол.

- Туризмді дамытуда қандай түйткіл бар?

- Күрмеулі мәселе көп. Туристік қызметтер сервисі сапасының сын көтермеуі, туристік және көліктік инфрақұрылымның талаптарға сай келмеуі сияқты өзекті мәселелер бар. Десе де, осы олқылықтардың орнын толтырып, кемшіліктерді жоюға бағытталған жоспар жасалды. Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев биылғы Жолдауында Үкімет инфрақұрылымды дамытуды және туризм саласындағы кедергілерді алып тастауды қамтитын кешенді шаралар қабылдауы керек деген тапсырма берген еді. Бізге жүктелген ендігі міндет – соның аясында облыстың туристік беделін арттыру.

- Сұхбатыңызға рақмет!

Сұхбаттасқан – Құндыз ҚАБЫЛДЕНОВА.

saryarka-samaly.kz