Жаңа жүзу бассейнінің құрылысы өткен жылдың сәуір айында басталған болатын. Жобаға сәйкес спорттық нысан үстіміздегі жылдың қазан айында пайдалануға берілуі тиіс. Десе де, мердігер кәсіпорын өкілдері құрылыс жұмысын 2-3 айға ерте аяқтаймыз деп бекініп отыр. Яғни, биыл тамыз айында облыс орталығында олимпиадалық талаптарға сай келетін алғашқы бассейн іске қосылады. Оның ені 25 метр, ал ұзындығы 50 метрді құрайды.

Бұдан бөлек, көрермендерге арналған 300 орындық трибуна жабдықталмақ. Басқа да қажетті бөлмелері қарастырылған әкімшілік ғимарат салынады. Қысқасы, жүзу спортын дамытуға барлық жағдай жасалмақ. Соның ішінде, мүмкіндігі шектеулі жандар үшін де қолайлы жағдайлар қарастырылған. Жобаның жалпы құны – 1,7 млрд. теңге.

Мердігер кәсіпорын «ГСУ Құрылыс» ЖШС өкілдерінің сөзінше, ғимараттың негізгі қаңқасы тұрғызылған. Бүгінде құрылысшылар қабырғаларына плита орнатып, шатырын жабуда. Монолиттік жұмыстар жүргізілуде. Құрылыс алаңында 60 адам еңбек етуде. Құрылыс учаскесінің басшысы Бақытбек Тұлапберген қаңтардағы аязды күндері жұмыс істеу мүмкін болмағанын айтады. Бірақ күн жылына құрылыс қарқынын үдете түспек.

Усолка шағын ауданындағы тағы бір спорттық нысан – ескек есу каналы. Оның құрылысына қажетті жобалау жұмыстары жүргізілген. Оған сәйкес Усолка өзенінің арнасын кеңейту көзделіп отыр. Бүгінде оның ені 70 метрді құрайды. «Биосфера» ғылыми-жобалау кәсіпорынының өкілі Оксана Куцтың айтуынша, ескек есу каналын халықаралық талаптарға сәйкестендіру үшін енін 167 метрге дейін ұлғайту қажет. Атап өтерлігі, ол үшін өзен жағасындағы 6,5 мың түп ағашты кесу жоспарланған. Тиісті сала мамандары бұл жөнінде Павлодар қаласында қоғамдық тыңдау өтіп, тұрғындардың, табиғатты қорғау ұйымдарының келісімі алынғанын айтады. Ескек есу каналының құрылысына 1,5 млрд. теңге көлемінде қаржы жұмсалмақ.

Данияр ЖҰМАДІЛ

saryarka-samaly.kz