Дастанның есімі өнер саласында жүргендерге жақсы таныс. Өз ісінің нағыз маманы саналатын оның шеберлігі әріптестерінің арасында жоғары бағала-нады. Бірақ жұрт дыбыс режиссері деген мамандықтың барын білгенімен, оның маңыздылығына аса мән бере бермейді. Мұны Дастан да мойындайды.

- Менің негізгі мамандығым - құрылысшы. Тағдыр маған тас қалауды жазбапты. Әуелгіде ди-джей мамандығын хобби ретінде бастадым. Себебі музыкамен айналысудан жаным жай табады. Кейіннен Ақсу қаласында колледжде режиссер мамандығы бойынша білім алдым. 20 жылға жуық осы салада еңбек етіп келемін. Бұған дейін 5 жыл Качир ауданында мәдениет үйінде ди-джей болсам, кейінгі 15 жылым «Шаңырақ» орталығында өтуде. Сахна сыртында атқарылатын кез келген жұмыс көзге көріне бермейді. Тіпті, біздің жұмысымыздың маңызын білмейтіндер де бар. Бізде үлкенді-кішілі шаралар өте көп өтеді. Оның жоғары деңгейде өтуі ең әуелі біздің жұмысымызға тікелей байланысты. Сахнаға қажетті барлық техинканы алдын ала тексеріп, өнер көрсететін немесе сөз сөйлейтін адамның жағдайымен байла-ныстыра отырып, бірнеше аппаратураны бір мезетте сәйкестендіру әрине, қиын. Кейбір кездері симфониялық оркестр, хор және жеке орындаушы бір сәтте өнер көрсететін жағдайлар жиі болады. Мұндайда бізге үлкен жауапкершілік жүктеледі. Сондықтан әр құрылғыны артығымен даярлап қоямыз. Себебі техникаға сенім жоқ. Ол кез келген уақытта жұмыс істемей қалуы мүмкін, -
дейді Дастан Тасқынбаев.

Үнемі ел назарында жүретін, заман талабына сай жаңарып отыратын мамандық иелері әркез ізденісте болуы шарт. Қазіргі таңда Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың тікелей тапсырмасымен цифрландыруға көшіп жатқан ортада сахна сыртындағы құрылғылар да жаңаруда. Заман талабына сай цифрлы техникалармен жабдықталып жатқан мәдени ошақтардың мамандары жаңа құрылғыны меңгере ала ма? Бұл мәселе Дастанды да толғандырады.

- Бізде күн сайын жаңа құрылғылар қолданысқа еніп отырады. Оның бәрін біліп, зерттеп, үйрену үшін дыбыс режиссер-леріне арнайы курстан өту керек. Бұл жұмыстың сапасын арттырып қана қоймай, заман көшінен қалмауымызға ықпал етер еді. Осы күнге дейін өз басым бірде-бір оқыту курстарынан өткен жоқпын. Ондай курстар еліміз бойынша тек Алматы қаласында ғана бар. Қазір жастар да осы салаға көптеп қызығушылық танытып келеді. Егер де қосымша оқу жүйесі қарастырылатын болса, тамаша болар еді. Бір өкініштісі, біздің аудандардағы дыбыс режиссерлері «той» деңгейінен аса алмай жүр. Осы мәселені де қолға алатын кез келді. Ауылдық жерлердегі музыканттар «пульттегі бірнеше түймені басқара білсек болды» деп ойлайды. Бұл - қате пікір. Сондықтан бізге арнайы курстар қажет, - дейді Д.Тасқынбаев.

Облыс көлемінде атқарылатын үлкен шаралардың басында болып, көрерменге тамаша көңіл-күй сыйлауда дыбыс режиссерлерінің еңбегі зор. Қандай істе болмасын, көзге өзі түспесе де, оның артында өз ісіне адал мамандардың бар екенін ұмытпағанымыз абзал.

Қарлығаш ХАШЫМҚЫЗЫ

saryarka-samaly.kz