Мұқағали ағаны бала кезімнен көп көргендіктен бе, шығармашылығына деген құрметімнен бе, әйтеуір ақынның сөз жазу шеберлігіне құмармын. Жырларын оқып, әндерін тыңдағанда қанат біткендей болып, мынау жарық дүниеге - өмірге деген махаббатың артып, алға ұмтылып, құлшына түсесің. Ғажайыптығы да сол емес пе?! Иә, Мұқағали аға - маған ерекше қымбат жан! Ақынмен сөйлесіп батасын алғанымды зор бақыт деп санаймын.

«Ең бірінші бақытым – халқым менің, cоған берем ойымның алтын кенін», - деп перзенттік парызын алға тартқан ақын аға халқын, туған жерін жан-тәнімен сүйіп жырлап өтті. «Жазира, жасыл кілем өрнектеген туған жерге, дариға, жер жетпеген Сарыжайлауым», - деп ән салғанда, табиғаттың керемет сұлулығы - туған жердің көрікті аясы мен биік шың құздары, жазық кең даласы, таза ауа, мөлдір бұлағы жанға ләззат сыйлайды.

Мұқағали ақынды сонау 1962-63 жылдары күнделікті мектебімізде мұғалім болып жұмыс істеген Лашын апамыз және бір мектепте оқыған Майгүлмен (ақынның қызы) жұмысқа бара жатқан кезде жиі көрдім. Болмысы әсіресе қыстың күні аппақ қарда киген сүттей ақ аяқ киімі де әлі есімде. Кейін 1 мамыр мерекесінде ауылға барғанда автобуста Мұқағали аға және «Дос-Мұқасан» ансамблінің мүшесі Бақытжан Жұмаділовпен сапарлас болдым. Сонда ақын ағам аты-жөнімді, қайда оқитынымды сұрады, ақылын айтты. Сол жолы Мұқағали ағаны ақын туысы Еркін Ібітанов шығарып салды.

Мен 1975 жылы сазгер Нұрғиса Тілендиевтің шығармашылық кешіне бардым. Сол ұмытылмас кеште Бибігүл Төлегенова, Нұрғали Нүсіпжанов, т.б өнер майталмандары Құрманғазы атындағы ұлт аспаптар оркестрінің сүйемелдеуімен концерт қойды. Сол кешке Мұқағали аға мен Лашын апа екеуі балаларымен келді. Нұрғиса ағамыздың дирижерлік шеберлігіне тәнті болдық. Әсем өлең-жырлардан ләззат алдым. Сол кездесу көз алдымнан кетпейді. «Сарыжайлау», «Мен сендерді іздеймін», «Сөнбейді, әже, шырағың», т.б әндері біздің елде дүниеге келді. Әр әннің өз тағдыры болады деген рас қой, соғыстан аман оралған Нұрғиса ағамыз бен әкесі оралмаған Мұқағали Ұлы Жеңістің 20 жылдығына ән мен жырдан шашу шашты.

Қазақтың қос таланты бірігіп, талай өлең-әнді дүниеге әкелді. Ол әндер жоғалған жоқ, өшкен жоқ, қазақпен бірге жасасып келеді. Олардың өнер құдіреттілігінің биіктігі де сонда ғой. Ақынның поэзиясы халқымен бірге жасай бермек!

Астерхан СӘРСЕНБАЕВА, ардагер-ұстаз, Павлодар қаласы.

saryarka-samaly.kz