- Ермұхамед, «Ертістің» биылғы ойынынан не күтесіз ?

- Бұл команда өткен жылы қола жүлдегер атанды. Демек, биыл Еуропа лигасына қатысады. Сонымен қатар, 2016 жылғы маусымда павлодарлықтар гол соғу статистикасы бойынша екінші нәтижені тіркеді. Ал, биылғы мақсат - жүлдегерлер қатарынан шығып қалмау. Димитров дегеніне жетпей тынбайтын бапкер. Сондықтан, «Ертіс» биыл жақсы ойын өрнегін көрсетуі тиіс. Биыл Қазақстан атын Еуропа лигасында таныстыратын «Ертіс» мамыр айының соңына дейін ішкі біріншілікті жақсылап өткізуі керек. Сондықтан, әр матчтан максимум ұпай алғаны абзал. Ал, біріншіліктің екіге жарылмайтынын ескерсек, бұл ұжымға біртұтастық аса қажет.

- Сіздіңше, клубтың биылғы трансферлік бағыттағы қадамы қаншалықты сәтті болды ?

- Алдымен қақпашыларды айтайық. Давид Лория «Ертістің» намысын бірнеше жыл қатарынан абыроймен қорғап келеді. «Жақсы қақпашы – жарты команда» деген тәмсіл осы тұста үстемдік құрсын. Серікбол Қапанов пен Никита Калмыков - Лорияны жоқтатпайтын жігіттер. Жалпы алғанда, қақпашыдан қысыл-майтын командаға айналып тұр.

Қорғаныста өзгеріс көп. Фрейдгеймас пен Керла кеткенімен, олардың орнына сапалы легионерлер алынды. Ойнаған клубтары мен нәтижелеріне қарап сапалы деп отырмыз әзірге, әрине. Әйтпесе, біздің біріншіліктің талай дүлдүлді «жұтып» жіберетін әдеті бар. Сондықтан, бой үйренісіне қарай шаба жатар. Олар – грузин Лаша Двали, серб Стефан Живкович, украин Евгений Ткачук. «Тараздан» Илья Воротников, «Оқжетпестен» Александр Кислицын келді. Сонымен қатар, бір жыл үлкен футболда болмаған ардагер ойыншы Владислав Чернышов пен Руслан Есімов, Валерий Леньков секілді жастар бар. Демек, жалпылама сараласақ қорғаныс мәселесі - «Ертістің» осал тұсы. Димитар Димитров та осы жағынан қиналшақтайтын секілді. Оның үстіне команда оқу-жаттығу жиындарында біршама гол жіберіп алды. Ол да - ойландыратын тұс. Дегенмен, өткен жылғы тәжірибиені де еске алайық. Команда қорғанысы әлсіз болса, оның орнын керемет шабуылмен толықтыруға болады.

- Жартылай қорғаныс жайлы не айтар едіңіз ?

- Ортада ойнайтын Карлос Фонсеканың командада қалғаны барша керекуліктердің қуанышына айналып отыр. «Оқжетпесте» доп тепкен Серж Бандо жартылай қорғаушы болғанымен, көбінесе қорғанысқа жалтақтайтын шығар. Командаға жаңадан алынған легионердің бірі - бразилиялық Родриго Антонио. Димитров жыл сайын мықты легионерлерімен тамсандыратын. Бұл бразилиялық «Ертіс» ойынының көркі болуы тиіс.

Көп клубтар керексіз деп тапқан Казбек Гетериев пен Пиралы Әлиев тағы бір маусым «Ертісте» жүрмек. Аракідік алаңға алмасып шығып, тәжірибиелерін көрсетіп тұратындары бар. Ортаны күшейтуі мүмкін ардагер ойыншының бірі – Нұрбол Жұмасқалиев. КПЛ-де көп ойын өткізген майталманға он шақты ойын болса, рекордтың рекорды болғалы тұр. Оның үстіне Нұрбол біраз адамға өзінің әлі қартаймағанын дәлелдегісі келеді. Әсіресе, «Тобылға» қарсы ойындарда.

«Қайраттың» қосалқы құрамында отырып шаршаған Аслан Дарабаев Кереку футболына үлес қосып, өзінің жоғары деңгейдегі футболшы екенін дәлелдеуге келді. Былтырғы құрамын таратып жіберген «Атырау-дан» Павел Шабалин осында қоныс аударды. Сонымен қатар, Илья Калинин, Артем Попов, Мадияр Рамазанов сынды жастар бар.

- Білетіндер «Ертістің» осы маусымдағы шабуыл шебін мықты дейді. Сіздің пікіріңіз қандай ?

- Шабуылды өрбіту үшін «Ертіс» Джибби Фаль секілді танымал әрі тәжірибиелі ойыншыны алды. Франция жастар құрамасында ойнаған - Франк Джа Джедже. Сонымен қатар, Кот Д`Ивуар құрамасымен Олимпиада ойындарына қатысқан. Франция чемпионатында біраз тер төккеннен кейін бас сауғалап Еуропаның көптеген чемпионаттарының дәмін татыпты. Енді міне, «Ертісті» де «бір төбе» деп келіп отыр. 2005 жылы 19 жасқа дейінгі Франция құрамасымен Еуропа чемпионы болғаны да - өз алдына бір жетістік. Ал, Джа Джедженің қасында Исмаэль Фофана бар. «Чукарички» командасында ойнаған ивуарлық шабуылшы өзінің отандасына көмектеседі деп отырмыз. Көмектескен былай тұрсын, тіпті бәсекелестік танытып, негізгі құрамдағы орынды тартып алуы да мүмкін. Фофана ойын мәнерімен «Астанада» тер төккен Фокси Кетевоамаға келіңкірейді. Жылдам, әбжіл қимылдап, тез шешім қабылдайды. Бұл екеуіне Фонсека мен Родриго көмектессе, онда біздің елдің қорғаушыларын нағыз дүлей шабуыл күтіп тұр деп ойлаймыз. Жергілікті жас дарын Арман Смаилов осы ағаларына қарап, биылғы маусымда тәжірибие жинақтайды деген үміт бар.

- Сауалдарға толымды жауап бергеніңізге рақмет !

 

 

Фархат ӘМІРЕНОВ

 

irstar.kz