Талғат ТЕМІРХАНОВ, Еліміздегі тау-кен өндіруші және тау-кен металлургия кәсіпорындары қауымдастығының экология және өнеркәсіптік қауіпсіздік департаментінің директоры:

- Біздіңше, еліміздің заңнамасындағы экологиялық нормалардың көпшілігі, әсіресе, өндірістік кәсіпорындарға қатысты талаптар әбден ескірген. Тіпті, кейбірі қоршаған ортаны қорғау шараларын толыққанды жүзеге асыруға кедергі болып отыр дер едім. Дәлірек айтсақ, қолданыстағы Экологиялық кодекс аймақтардағы экологиялық мәселелерді шешуден гөрі, бюджет қаржысын көбейтуге бағытталған. Өкінішке қарай, кәсіпорындардан алынған экологиялық төлемдердің басым бөлігі қоршаған ортаны қорғау бағытындағы жұмыстарға емес, басқа салаларға жұмсалуда. Сондықтан жаңа кодексте экологиялық айыппұлдардан түскен қаражатты мақсатты пайдалану, оларды есептеу әдіснамасына, қолдану ереже-леріне қатысты өзгерістер енгізу қажет. Бұдан бөлек, кәсіпорындарды «жасыл» технологияны енгізуге, өндірістік қалдықтарды, соның ішінде, техногенді минералдық түзілімдерді (ТМТ) қайта өңдеуге ынталандыру қажет. Ескерілуі тиіс маңызды бағыттардың қатарында өндірістік қалдықтарды басқаруды, экологиялық реттеу механизмдерін, экологиялық аудит жүйесін жетілдіру жұмыстары бар.

Данияр ӘЛИЕВ, Павлодар облысы бойынша экология департаментінің басшысы:

- Әзірге, жаңа Экологиялық кодекстің жалпы концепциясы құрылып жатқаны белгілі. Оған қатысты ұсынысымызды облысымыздың атынан ҚР Экологиялық реттеу және бақылау комитетіне жолдадық. Онда өндірістік қалдықтарды өңдеу мәселесіне ерекше мән беріп отырмыз. Бұл – ақсап тұрған салалардың бірі. Осының салдарынан зауыттардан шыққан қалдықтар сыртқа үйіліп немесе бостан-босқа жерге көміліп жатыр. Оның қоршаған ортаға қаншалықты зиян келтіретіні айтпаса да түсінікті. Бүгінде облысымызда «қалдықтарды өңдеп, кәдеге жаратамыз» деп бекінген 10-ға жуық кәсіпорын бар. Бірақ олардың жұмысы оң жолға қойылмаған. Сондықтан, өндірістік қалдықтарды өңдеуді Заңмен міндеттеу қажет. Біз жолдаған тағы бір ұсыныс - әрбір ірі өндіріс орындарының аумағында ауаға тарайтын зиянды заттарды автоматты өлшеу құрылғыларын орнату. Бұл ауаны ластау деңгейін онлайн режимінде бақылап отыруға мүмкіндік береді. Әйтпеген жағдайда мамандарымыздың зауыт аумағына кіріп, тексеру жұмыстарын жүргізуі қиынға соғады. Ол үшін кәсіпорын басшылығына алдын ала ескертіп, рұқсат алуымыз қажет. Оған кем дегенде 2 күн уақыт кетеді. Оған дейін өндіріс орындары ауаны ластайтын зиянды заттардың мөлшерін азайтып қояды. Жоғарыда аталған ұсыныстарды үстіміздегі жылдың шілде айында Экологиялық кодексті құру бойынша жұмыс тобының отырысында қорғайтын боламыз.

Ахан ӨМІРБЕК, Павлодар облысы бойынша экологиялық құзыреттілік орталығының директоры:

- Тіршілік атаулы табиғатпен үйлесімді әрекеті арқылы ғана дами алатындығын, өзі де сол табиғат-ананың бір бөлшегі екенін жиі естен шығаратын сияқтымыз. Салдарынан, экология жаһандық мәселеге айналды. Қоршаған ортаны қорғау Қазақстанда, әсіресе өндірісі өркен жайған Павлодар облысында өзекті тұр. Бүгінде ауа райын нақты болжаудың өзі қиын. Климаттық өзгерістер орын алуда. Сондықтан әлем елдері, соның ішінде Қазақстан экологиялық ахуалды жақсарту бағытындағы жұмыстарға ерекше мән бере бастады. Осыдан бірер жыл бұрын еліміз Париж келісіміне қол қойды. Оған сәйкес, «жасыл» экономикаға көшу, парниктік газ-дардың үлесін төмендету мақсаты тұр. Бұл бағыттағы жұмыстарға ел болып атсалысуымыз қажет. Аймағымызда ірі өндіріс ошақтары шоғырланған. Бұл зауыттардан ауаға тарайтын зиянды заттардың мөлшерін азайту үшін, өндіріске жаңа технологияларды көптеп енгізу қажет. Жергілікті билік, кәсіпорындар да осы бағыттағы жұмыстарға мән беруі тиіс деп есептеймін.

«Алаңды» үйлестірген – Данияр ЖҰМАДІЛ.

saryarka-samaly.kz