- Людмила Вячеславовна, Сіздің Оңтүстік Кореяға аттанып кеткеңінізді кеш те болса естіп жатырмыз. Қол астыңыздағы қыз-жігіттер олимпиада қалашығына жайғасып үлгерді ме?

- Шын мәнінде, мен бұл жерге ұлттық құрама мүшесі емес, турист мәртебесінде келдім. Команданың өкілі ретінде барлық жағдайды баяндайтын құқық менде жоқ. Менен аккредитацияны алып қойды. Себебі біздің шаңғышылар 11 лицензия иеленуі керек еді. Алайда тізімге ілінгені 7-еу ғана. Соған орай біздің елден келетін делегация мүшелерінің саны қысқартылып, соның ішінде биатлоншы Галина Вишневскаяның, конькиші Екатерина Айдованың жеке бапкерлері және мен үшеуіміз кете бардық. Өкінішті, әрине. Біздің орнымызды Қазақстан Ұлттық олимпиадалық комитетінен, елден келетін өзге шенеуніктерге бермекші екен. Сондықтан бұл көңілге кірбің түсірген жайт болып тұр. Қазір мен секілді тіркеуден өте алмағандар комплит-сервис есебінен жалданған пәтерде, олимпиадалық парктен 20 шақырым жерде тұрып жатырмыз. Біздің Спорт комитетінің ұйымдастыру жұмыстарына қатысты бұдан да басқа шикіліктері баршылық. Бірақ олардың барлығын тізе берудің қажеті жоқ деп санаймын. Мені бұл жайттар аса жабырқатпайды. Ең бастысы, өзім үкілеп әкелген спортшылардың бабы келісіп тұр. Олар тиесілі орындарына жайғасып, жаттығуларын бастап кетті.

- Пхенчханда қазір ауа райы қалай? Біздің өңірден айырмашылығы басым ба?

- Бұл жақта айтарлықтай суық. Ертістің Павлодар өңіріндегідей шыңылтыр аяз тұрмаса да, түнде -15-17 градусқа дейін салқындайды. Десе де, ойын басталғанда күн жылынады деп қуантып қойды. Спортшыларымыз жергілікті климатқа бой үйретіп қалды.

- Олимпиадалық спорт нысандарында болып үлгердіңіз бе?

- Каннындағы мұз айдынға алғашқы күні арнайы бардым. Ол жердегі кешен өте зәулім әрі тамаша салынған екен. Бірден ұнады. Мұз айдында сырғанап жүрген біздің құраманың қыз-жігіттерін көріп, көңілім марқайып қалды. Біздің конькимен сырғанаушы спортшыларымыздың олимпиадалық спорттық киімдері (комбинезондары) өте әсем тігілген, дизайндары келісті. Сырттай қарағанда көгілдір-сары түс гаммасы көзді арбап, өзгелерден ерек етіп тұрады. Менің ойымша, біздің спортшылардың киімі осы ойындағы ең үздігі, өзге командалардікі жетпейді. Сондықтан осындай тамаша дизайнды жасаған азаматтарға үлкен ризашылығымды айтқым келеді.

- Павлодар облысынан тарихымызда тұңғыш рет жеті бірдей спортшы ақ аламанға қатысуда. Олардың медаль алуға деген мүмкіндіктерін шамалай аласыз ба?

- Осы жарыста негізінен біздің конькимен сырғанаушыларға, соның ішінде шорт-трекшілерге айрықша назар аударылып, үлкен сенім артылып отырғанын білемін. Жеті шорт-трекшінің ішіндегі төртеуі - Денис Никиша, Еркебұлан Шамұханов, Мерсаид Жақсыбаев және А Йонг Ким Павлодардың атынан қатысуда. Олардың көбі - бүгінге дейін өздерінің мықтылықтарын дәлелдеп, аттарын шығарып үлгерген спортшылар. Біздің шорт-трекшілердің жүлделі орындардан көрінгенін айрықша қалаймын. Мұзайдында біз басты қарсыластарымыз – кәрістер, жапондар, қытайлар, ресейліктер мен америкалықтардан жылдам екенімізді дәлелдеуіміз керек. Біздің атлеттеріміз биік мінберден көрінсе, облыс билігі бұл спорт түрінің дамуына көңіл бөліп, жабық мұзайдын кешенін саламыз деген уәдесін орындар еді. Нәтижесінде Павлодарда да әлемдік дәрежедегі спорт жұлдыздарын даярлауға мүмкіндік туар еді. Жалпы, ондай ғимарат салынса, конькимен сырғанау спортының өкілдері үшін тамаша жағдайлар пайда болады.

Өзге спортшылар туралы айтатын болсам, мәнерлеп сырғанаушы Денис Тен мен біздің фристайлшылар, биатлоншылар, шаңғышылар, әсіресе жерлестеріміз Анна Шевченко, Максим Браун мен Дарья Климинаның жанкүйерлері үшін барын салатынына күмәнім жоқ. Оларға сәттілік серік болсын деймін.

- Өз шәкіртеріңізден кімдерді бөле-жара атай аласыз?

- Коньки тебуден мұзайдынға алты бірдей спортшымыз шығады. Олар - Роман Креч (500, 1000 м), Станислав Палкин (500, 1000, 1500 м), Артем Крикунов (500 м), Федор Мезенцев (1000, 1500 м, масс-старт), Денис Кузин (1000, 1500 м) және Екатерина Айдова. Бұл спортшылардың көбі - бұған дейін айтулы жарыстарға қатысып, қысқы спорттан жүлде алып жүргендер. Олимпиаданың жөні бөлек. Әр спортшы мұнда жүлдеге іліксем деген арман жетегімен келеді. Олардың барлығында қазір жатса-тұрса сол ой. Ендігісін барлығы бапкерлерінің айтқанын орындап, жарыс барысында жұдырықтай жұмылып, командалық рухта жұмыс істесе болғаны. Мен әсіресе жас спортшылар Станислав Палкин мен Артем Крикуновқа тілектеспін. Олардың жүлдеге таласуы қиындау, десе де өз нәтижелерін лайықты деңгейде көрсете алса, соның өзі үлкен жетістік болар еді.

- Едел-жедел сұхбатыңызға рақмет! Пхенчханда олжалайтын жүлдеміз көп болғай!

Әңгімелескен – Мұрат ҚАПАНҰЛЫ.

saryarka-samaly.kz