Дәурені дәуірлеп тұр

Интернет дүкендер желісі Америка Құрама Штаттары, Еуропа елдерінде қарқынды дамыған. Мұндағы тұрғындардың 40 пайыздан астамы ғаламтор көмегіне жүгініп, тауар сатып алатын көрінеді. Ал біздің елде бизнестің бұл түрі соңғы 10 жылда ғана оң жолға қойылды. Әлеуметтік зерттеулерге сенсек, онлайн түрде сауда жасайтын қазақстандықтардың 36 пайызы тұрмыстық және электроника техникаларын, 28 пайызы киім-кешек пен аяқ-киімді, 20 пайызы түрлі аксессуарларды, 12 пайызы автобөлшектерді, қалған 4 пайызы басқа өнімдерді алады. Бірақ, бұл тауарлардың барлығы отандық өнім екенін аңғартпайды. Өкінішке қарай, жаһандық желі арқылы сатып алатын тауарлардың 30 пайыздан астамы шекараның арғы жағынан жеткізіледі. Яғни, қазақстандық тұтынушылар өзге елдің қалтасын қампитып отыр. Сонда жергілікті интернет дүкендер бәсекеге қабілетті болмағаны ма, әлде кейбір отандастарымыз өзгенің қаңсығын таңсық көргені ме? Бұл сауалға жауап табу үшін тұтынушыларды да, кәсіпкерлерді де сөзге тарттық.

С.Торайғыров атындағы Павлодар мемлекеттік университетінің студенті Айнұр Нығмет соңғы екі жылда киім-кешектің басым бөлігін шетелден арнайы тапсырыспен алады.

- Біріншіден, киімдердің сапасы Қытай мен Қырғызстаннан жеткізілетін тауарлардан анағұрлым жоғары. Екіншіден, өзге елдің интернет дүкендері арқылы алған киіміме ұқсас киімдерді өзге қатарластарымнан көрмеймін. Себебі, екінің бірі оған тапсырыс бермейді. Үшіншіден, шетелдік киімдердің бағасы еліміздегі сауда орындары ұсынған бағамен салыстырғанда 15-20 пайызға арзан. Төлеу мен жеткізілімде қиындықтар болған емес. Карта арқылы белгілі соманы аударған соң қалаған затымды «Қазпошта» мамандары үйіме жеткізіп береді. Өте ыңғайлы әрі тиімді. Ал қазақстандық интернет дүкендерінің көмегіне жүгінбеуімнің бірнеше себебі бар. Мәселен, осыдан біраз уақыт бұрын тапсырыс берген затым 2-3 күнге кешігіп келді және сапасы, түсі суреттегіден өзгеше болып шықты. Сондықтан, көңілім қалып, енді отандық сауда орындарынан алмайтын болдым, - дейді студент.

Ал жергілікті кәсіпкерлердің айтар өз уәжі бар. Киімдерге қалаған жазу, суретіңізді салып берумен айналысатын жас кәсіпкер Ернар Рүстемов бастаған шағын ғана топ интернет арқылы тапсырыс қабылдап, курьерлік компаниялар көмегімен жеткізіп береді. Айтуынша, соңғы кездері, керісінше, отандық өнімге сұраныс артқан. Оған қоса, біздің тауар өзгелердікінен еш кем емес.

- Сурет, жазулар салынатын жейделер Қазақстанда шығарылады, ал бояуларды көршілес мемлекеттерден әкелеміз. Сапасына күмәнмен қараудың еш қажеті жоқ, себебі әр тауардың тиісті сертификаты бар. Тұрғындар әлеуметтік желідегі парақшаларымызға кіріп, жұмыстарымызбен таныса алады. Кейін WhatsApp мессенджері арқылы қалаған түсі, бейнесін көрсетіп, тапсырыс береді. Күніне 500-ге жуық өтініш түседі. Оларды 3 күн аралығында дайындап, курьерлік компания көмегімен Қазақстанның бірнеше қаласына жеткізуге мүмкіндік бар. Курьерлік қызмет ақысы – 800 теңге, жейделер құны 3000-6000 теңге аралығында. Соңғы уақытта мұндай тауарға сұраныстың артқаны байқалады. Алдағы уақытта күніне шамамен 800-1000 тапсырыс қабылдаймыз деген жоспар бар, - дейді кәсіпкер.

Әлеуметтік желі демекші, бүгінде онлайн түрде кәсіп дөңгелетіп отырғандардың басым бөлігінің ресми сайты жоқ. Тек Facebook, ВКонтакте және Инстаграмм желілері арқылы аудитория жинауда. Әсіресе, соңғысының пайдасы көп болып, кәсіпкерлердің дәурені жүріп тұр. Сол арқылы тұрмыстық заттар, киім-кешекке ғана емес, түрлі асқа да тапсырыс беруге болады. Бұл – жұмысбасты адамдарға таптырмас көмек.

- Түскі үзіліске берілген 1 сағат аралығында кейде үйге барып, тамақтануға уақыт тапшы болып жатады. Сол кезде Инстаграмм желісі Павлодар қаласындағы ондаған тамақ жеткізуші компанияларды ұсынады. Тұрақты түрде бір-екеуіне тапсырыс беремін. Бағасы қолжетімді, белгіленген уақытта жұмыс орныма дейін жеткізеді. Мұндай қызметке көңілім толады, - дейді банк қызметкері Данияр Аманжол.

Сол сияқты сан алуан әшекей бұйымдарын, ойыншықтарды, сөмкелерді және тағы басқаларын алу үшін қолыңызда ғаламтор болса болғаны. Қысқасы, онлайн-сауда тұтынушыға да, кәсіпкерге де тиімді болып тұр.

Қайтпек керек?

Бір өкініштісі, интернет дүкеннен алған тауар ұнамауы немесе келмей қалуы ықтимал. Көп жағдайда сатушылар тауарын кері қайтаруға болмайтынын алға тартып, сатып алушының қаражатын қайтарып бермейді. Мұндайда тағы да жаһандық желінің көмегіне жүгінеді көпшілік. Сауда-саттық сайттары мен әлеуметтік желілердегі парақшаларға тауардың суретін орналастырып, хабарландыру жариялайды. Кейбірі осы сипаттағы хабарландыруға, жалпы онлайн дүкендердің жұмысына сенімсіздік танытатыны рас. Оған себеп те жоқ емес. «Бәлкім, тауарды ұсынып отырған адам алаяқ шығар», «Ақшамды алып, тауарды жібермесе қайтемін?» деген сауалдардың туындауы да – заңдылық. Экономист Жанат Жасқайратов ғаламтор арқылы тауар сатып алмас бұрын бірнеше қағиданы ескеру қажет екенін айтады.

- Біріншіден, парақша оқырмандарының саны мен қашан ашылғанына назар аудару керек. Тауар ұсынушының кем дегенде 10 мың пайдаланушысы мен 6-12 ай бұрын ашылғаны дұрыс. Екіншіден, әлеуметтік желі пайдаланушыларының пікірін назарға алыңыз. Жағымды және жағымсыз ойларды саралап, тауарды алу-алмау туралы шешім қабылдаңыз. Үшіншіден, төлемнің қалай жүргізілуі керек екеніне мән беріңіз. Егер сатушы бірден 100 пайыздық төлем сұраса және оны тауарды қолға алмай тұрып, алдын ала төлеуіңіз тиіс екенін айтса, күмәндануға негіз бар, - дейді.

Сонымен қатар, экономист интернет желісі арқылы саудасын дамытуға ниетті кәсіпкерлерге кеңес берді.

- Сайт немесе жеке парақша ашу – бизнестің негізін қалаудың алғашқы қадамы ғана. Онлайн-сауданың ғұмыры ұзақ болуы үшін нарықты толығымен саралап, стратегиялық жоспар құру қажет. Тұтынушылар неліктен интернет-дүкендерді таңдайды? Уақыт пен қаражатты үнемдеу үшін. Осы ережеге сай жұмыс істесе, кәсіп алға басады деп ойлаймын. Сонымен қатар, қаржылай капиталдың, тұтынушылар аясының, түрлі жарнамалық әдістердің болуы маңызды, - дейді сарапшы.

Табыс тапсаң...

Интернет дүкендері мен әлеуметтік парақшалар арқылы саудасын дөңгелетіп отырған адамдар табыс тапқандықтан, мемлекет қазынасына салық төлеуі міндетті. Алайда, олардың басым бөлігі бұл төлемнен жалтарып отыр. Ресми түрде тіркелмегендіктен, барлық нәпақасы өз қалтасына ғана түседі. Салық органдары мұндай «көлеңкелі» кәсіпкерлермен күрес жүргізуде. Павлодар облысы бойынша мемлекеттік кірістер департаментінің басшысы Төлеген Сәрсембаев жаһандық желі құзырлы мекеме өкілдерінің де назарында екенін атап өтті. Айтуынша, интернеттегі, бұқаралық ақпарат құралдарындағы хабарландыруларды тұрақты түрде мониторингтен өткізіп, қажет болған жағдайда ішкі істер департаменті қызметкерлерімен бірге рейдтер ұйымдастырады. Сондай-ақ, семинарларда түсіндіру жұмыстары жүргізіледі. Мәселен, «Одноклассники» әлеуметтік желісінде жарнама орналастырған адаммен әңгіме жүргізіліп, нәтижесінде ол жеке кәсіпкер ретінде тіркеліп, есепке тұрды.

Павлодар облысы бойынша мемлекеттік кірістер департаменті ұсынған мәліметке сәйкес, бүгінгі күні облыста ғаламтор арқылы саудамен айналысатын 183 жеке кәсіпкер мен 3 заңды тұлға тіркелген. Осы санаттағы салық төлеушілерден өткен жылы 5 382 678 теңге мемлекет қазынасына түсті.

Ал сайып келгенде бұл сома бірнеше есе көп болуы мүмкін еді. Себебі, кейбір кәсіпкерлер қызметін заңдастырмай, салық төлеуден жалтарып отыр. Тексеріс бола қалған жағдайда да әлеуметтік желідегі бір парақшасын жауып тастап, келесісін ашып алады. Жаңбырдан кейінгі саңырауқұлақтардай көбейген бизнес өкілдерінің мұндай әрекеттеріне тұсау болар нақты шаралар болмай тұр. Құрыққа түсірген күннің өзінде оның интернет көмегімен сауда жасап, пайда тапқанын дәлелдеу - қиынның қиыны. Оған қоса, олардың басым бөлігі тұтынушыларға чек бермейді. Бұл салық төлеуге қатысты мәселені одан сайын күрделендіре түседі.

 

 

Құндыз ҚАБЫЛДЕНОВА

 

saryarka-samaly.kz