Былтыр 1-28 қаңтар аралығында кәсіптік білім беру ұйымдары, жалпы білім беру мекемелері оқушылары арасында өткен «STOPcadr» облыстық қашықтық фотоконкурсына белсене қатысып, «Түнгі қала» тақырыбында Екібастұз қаласы туралы фотоколлаж жасап, жеңіске жеттім. Кейін сайыстармен ғана шектеліп қоймай, «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында «Туған жер», «Қазақстанның қасиетті рухани құндылықтары» жобаларын негіз ретінде ұстанып, жұртшылыққа өз туған өлкемді таныстыру мақсатында информатика секциясынан облыстық ғылыми жобалар сайысына қатысып, бірінші орын иегері атанып, республикалық ғылыми жобалар сайысына жолдама алдым.

Ғылыми жобамның тақырыбы - «Екібастұз қаласы бойынша 3D гид бағдарламасын» құру. Бағдарлама үшөлшемді тұрғыда анықтамалық жол көрсеткіш ретінде жасалған. Жалпы, қазіргі таңда ақпараттық технологияларға (ұялы телефон, компьютер т.б.) арналған картаның екі түрі бар: оффлайн және онлайн. Олар көбінесе екіөлшемді тұрғыдан жасалған. Алайда үшөлшемді жаңа даму барысында «Қала бойынша 3Д гид бағдарламасын» жасау идеясы басқа бағдарламаларға байланысты туды. Атап айтсам, We Maps, Google Earth, 2gis. Бұл бағдарламаларда картадан тек ірі және танымал жерлерді ғана үшөлшемді тұрғыдан қарауға болады. Аталған карталар онлайн түрде жұмыс істейді. Осы карталардан ҚР тарихи жерлерін қарайтын болсақ, ұлттық құндылықтарымыз бен ескерткіштеріміз толық қамтылмаған. Сонымен қоса, қалалардағы көше атаулары ескі қалпында сақталыпты, жаңадан өзгерістер енгізілмеген. Сонда маған неге оффлайн түрде шағын қала картасын үшөлшемді түрде жасап, сол қаладағы ұлттық құндылықтарды дәріптеу мақсатында бағдарлама жасамасқа деген ой туды. Бағдарламаға негіз ретінде туған өлкем - Екібастұз қаласын алдым. Қаланың жер аумағы шағын болса да, географиялық орнымен ғана емес, сонымен қатар тарихымен де ерекшеленеді. «Туған жердей жер болмас, туған елдей ел болмас» дегендей, бағдарламаны өз қаламның 60 жылдық мерейтойына арнап жасадым.

Ғылыми жұмысымның мақсаты: Unity бағдарламасының графикалық мүмкіндіктерін пайдалана отырып, Екібастұз қаласы бойынша 3D гид бағдарламасын құру.

Unity үшөлшемді бағдарламасында виртуалды түрде жасалған қалада гид-анықтамалық жол көрсеткіш ретінде ұсынылған. Қаладағы ерекше ескерткіштердің қайда орналасқанын жол көрсеткіш ретінде көрсетіп, олардың ашылу тарихын, маңызын, т.б гид түрінде дәріптейді. Бағдарламаны жасау барысында қаладағы 30 шақты ескерткішті анықтап, олардың 20-сын пайдаландым.

«Мен халқымның тағылымы мол тарихы мен ерте заманнан арқауы үзілмеген ұлттық салт-дәстүрлерін алдағы өркендеудің берік діңі ете отырып, әрбір қадамының нық басуын, болашаққа сеніммен бет алуын қалаймын» деп айтқан Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың бағытын ұстанамын. Біз ХХІ ғасырдың жаһандық картасында ешкімге ұқсамайтын, дербес орны бар ұлт боламыз десек, «Жаһандағы заманауи қазақстандық мәдениет» жобасын іске асыруға тиіспіз.

Аружан БАУЫРЖАНҚЫЗЫ, мамандандырылған «Зерде» дарынды балалар мектебінің 11 «б»-сынып оқушысы, Екібастұз қаласы.

saryarka-samaly.kz