Тәуекел - ердің қадамы. Тамаша табиғаты, алтын астығы - көрмегенге арман болған, көргендер жырға қосқан Көкше өңірі. Қаһарлы қысы да - айтқанға аңыз. Астананы көшіру туралы сөз қозғалғанда біреу сеніп, біреу сенбеген еді. Алайда алғашқы керуен Астанаға бет түзеді. Зәулім ғимараттар салынды, жасыл белдеу белдігін тағынды. Сәулетті кешендерінің келбеті сан алуан. Сарыарқаға сән кірді. Маңдайға біткен бақты сезіну ғажап-ақ екен!

Астана - болашақтың қаласы. Ақ қанат арманды асқақтататын бас қала. Өнер, білім мен мәдениеттің, ғылымның ордасы. Ол - саяси-қоғамдық, әлеуметтік, іскерлік пен озат жетістіктер алаңы.

Ақорда ұлттық ұстаным мен бүгінгі заман өрнектерін астастырған орда. «Бәйтерек» - өмір мен бейбітшілік нышаны. «Астана - Арена» спорт кешені, «ХанШатыр» кешені, бейбітшілік және келісім сарайы, Тәуелсіздік сарайы, «Конгресс Холл», Оқушылар сарайы – бірін бірі қайталамайтын туындылар. Атақты тұлғалар мен қайраткерлердің мүсіндері Астананың сәнін үстей түседі. Зиялылық пен мәдениеттің рухын асқақтатып тұрған Астана – арман мен қиялға толы әлем.

Сөзімді Елбасының «Ерке Есіл жағасында бой көтерген, ерекше сәулеттік ландшафтары бар, бірегей мүсіндік нышандары сап түзеген, жоғары технологиялық болашаққа ұмтылған, өзгені сыйлап, өзінің жаңа астанасы мен өз елін шексіз мақтан тұтатын көпұлтты және көпдінді халқы бар әсем де мерейлі астанамыз, міне, осындай» деген сөзімен қорытындылағым келеді.

Арайлым САҒЫНТАЕВА, 6-сынып оқушысы, А.Иманов атындағы лицей-мектеп, Май ауданы.

saryarka-samaly.kz