- Анам Әлия Сағынтайқызы - мұғалім. Ол 2011 жылы Павлодар қаласындағы Железнодорожный бастауыш мектебінде қазақ бөлімдерінің ашылуына ұйытқы болды. Ұстаз-анам менің білімді болуымды қатты қадағалады. Содан шығар, 2005 жылы «Сарыарқа самалы» газетінің «Айналайын» қосымшасына тырнақалды шығармаларымды жинап, анамның кеңесімен ұсынған едім. Балаң қиялдан туындаған сол шығармалар шыққан газеттер бүгінгі күні отбасымыздың құнды жәдігеріне айналған. Өзім үшінші жыл мектепте мұғаліммін, бастауыш сыныпқа сабақ беремін. «Айналайын» қосымшасын үйлестіруші журналист Сая Молдайыпқызы біздің мектепке келіп, 2-сыныптың сабағына қатысты, газет жұмысы, шығармашылық туралы әңгімеледі. Ал менің оқушыларым табиғаттың әр саласы бойынша білгендерін ортаға салды және «Айналайынға» әзірлеген шығармашылық жұмыстарын тапсырды. Бұл күнгі сабаққа ата-аналар да қатысты.

Мен «Айналайын» қосымшасын 20 жылдығымен шын жүректен құттықтаймын. «Айналайын» - жиырма жылдан бері аймағымыздың балаларымен дос, сырлас болып келеді. Оқырмандары көп, ересек авторлары да баршылық. Осы бетіңнен тайма, «Айналайын»! Оқырманың көбейіп, шығармашылығың арта берсін!

Азиза ҚАНАТҚЫЗЫ, №43 орта мектептің бастауыш сынып мұғалімі, Павлодар қаласы.

 

Жабайы жануарлар

Қыс - жануарлар үшін ең ауыр жыл мезгілі. Олардың кейбірі қысқы ұйқыға кетеді. Ал түлкі, қоян, қасқырлар қысты қорек іздеумен өткізеді. Қояндар жыртқыштардан қорғану үшін, сұр тонын ақ түске ауыстырады. Ал түлкілер мен қасқырлар өзгермейді. Бірақ қақаған аязға төтеп беру үшін жүндері қалыңдайды.

Тиіндер мен құндыздар қыста ұйықтамайды, Бірақ қысқа дайындалады. Құндыздар үлкен отбасы болып тіршілік етіп, барлығы бірге су маңына ыңғайлы үйшіктер тұрғызады. Аю апанын алдын ала дайындайды. Олар үңгір, орларды іздеп тауып, онда жапырақ, бұтақ, мүк жинайды. Үстіне шырша бұтақтарын жауып, өзіне жұмсақ төсеніш жасайды. Қар жауғанда апанын жауып қалып, ішіндегі жылуды сақтайды. Ол терең ұйқыға кетпейді, тек қалғып жатады.

Ерхат ҚҰДАЙБЕРГЕН, 2-сынып оқушысы, №43 орта мектеп.

saryarka-samaly.kz