Қоныс тойы толастамайды

Олай дейтініміз, қала әкімі Қайрат Нүкеновтің қорытынды есебінде айтылған мәлімет бойынша биыл жыл соңына дейін көп қабатты 8 тұрғын үй қолданысқа беріледі. Одан бөлек, тағы 11 үйдің жобалық-сметалық құжатын әзірлеп, мемлекеттік сараптамаға жолдап қойған. Демек, алдағы жылдары да іргесі қаланатын баспаналардың бастауы бар. Айта кетейік, былтыр 330 отбасы пәтер кілтін алды. Жылдар бойы зәулім үйлер салынбаған кеншілер шаһары үшін бұл - айтарлықтай жағымды жаңалық.

Құрылыс демекші, ауылдарға ауызсу құбырларын тарту да тоқтамақ емес. Биыл алты ауылға су құбырын төсеу жоспарланса, тағы алтауының жобалық-сметалық құжаты әзірленеді. Былтыр құрылыс жұмыстарымен қатар жөндеуге де көңіл бөлінген. Әсіресе, жолдарды жөнге келтіру назарға алынды. Бұл мақсатқа 1 млрд. теңгеден астам қаржы жұмсалған.

Абаттандыру аяқталады

Шыны керек, есептік кездесулер алғаш өткізіле бастаған кездері тұрғындардан сүреңсіз аулаларды абаттандыруға қатысты өтініш жиі түсетін. Бүгінде бұл сұраныс сирегені аңғарылады. Себебі биліктегілер бұл бағытта жұмысты жүйелеп алды. Нәтижесінде, өңіріміздің қалаларында абаттандыруды қажет ететін аулалар азайды. Қазір Екібастұзда жөндеу көрмеген 50 аула қалыпты. Енді, осыларды биыл толық қалыпқа келтіру көзделіп отыр, деді Қ.Нүкенов. Жұмыстарды жүзеге асыру үшін облыс қазынасынан 800 млн. теңге бөлініпті.

Есептік кездесуде екібастұздықтар көшелерді жарықтандыруға қатысты да сұрақ қойды. Оның ішінде қаланың шеткі көшелерінің қараңғыда қалып қойғанын айтты ағайын. Қала басшысы көшелерді жарықтандыруға былтыр 100 млн. теңге жұмсалғанын, биыл да жалғасатынын мәлім етті. Ал 2019 жылы кеншілер шаһарында жарықсыз көше болмайды, деді. Сонымен бірге, бүгінде аулаларды баламалы энергия көзінен қуат алатын жарықшамдар орнатылатыны да белгілі болды. Биыл португалиялық бұл шамдарды мамандар сынап көрмек, сәтті іске асса, келешекте кеншілер қаласында үнемді әрі бейнебақылау камерасы бар аталмыш шамдарды көптеп орнату ойда бар.

Қаланың жеке үйлер секторының тұрғындары суық сусыз қаламыз ба деп алаңдаушылық танытты. Яғни, бұрын су құбыры жылу желісімен қатар тартылған екен. Былтырдан бастап жылу желілері жаңғыртыла бастады. Ал су құбыры сол қалпында жатыр. Жер бетіне жақын орналасқан, бұрын жылу желілерінің арқасында аязды күндері қату қаупі төнбеген су құбыры енді ескерусіз қала ма деп тұрғындар алаңдауда. Бұл мәселе жайына қанық Қайрат Теміршотұлы бағдарлама талаптары қос құбырды қатар тартуға рұқсат бермейтінін айтты. Сондықтан алдағы уақытта су құбырын төменірек төсеу үшін алты шағын ауданға арнайы құжат әзірленеді, деді. Ал Строительная көшесінің тұрғындары былтыр тартылған су құбырынан соң көшенің көркі кеткенін алға тартты. Қала әкімі көшені көріктендіріп үлгермей қалғандарын мойындады. Биыл ретке келтіріледі деп сендірді.

Қалалық Достық үйінің өкілдері ғима-ратқа жөндеу жұмыстарын жүргізуді сұрады. Қала әкімі биыл тек қасбеті қалыпқа келтірілетінін, ал ішкі жөндеу жұмыстары кейінгі жылдарға қалдырылғанын айтты.

Ардагер энергетиктер көп жылдар бойы ескерусіз қалған, көріктендіруден күдер үзе бастаған бірқатар шеткі көше тұрғындары былтыр өзгерістің өздеріне де жеткеніне риза екенін айтты. Енді «Энергетиктер» саябағы да жөнделсе деген тілек білдірілді.

Бау-бақшада жазын өткізетін азаматтар да биліктің қолдауын күтеді. Олар судың субсидияланғанын қалайды. Қ.Нүкенов заң талаптары қайшы келмесе, бюджет қаражаты көтере алса, мұндай жағдай жасау жолдары қарастырылады деп қысқа қайырды.

Клубтың күйі

Бұдан былай Екібастұздың футбол клубының мүшелері шаһардың түрлі шетінде тұрып, тентіремейді. Себебі, олар үшін қала билігі жеке база салуды қолға алуда. Бұл жөнінде Қ.Нүкенов есептік кездесуде бұрынғы жедел жәрдем станциясының ғимараты қандай кәдеге жаратылатыны жайлы сұраған тұрғынның сауалына жауап беру кезінде айтты. Мәліметінше, аталмыш ғимарат маңына көң мөлшерлі футбол алаңы салынған. Енді станцияның ескі ғимаратын қала балансына алып, одан кейін мемлекеттік-жекеменшік әріптестік аясында бизнес өкілдеріне өткізу көзделген. Сөйтіп, ғимаратта футболшыларға барлық жағдай жасалмақ. Жанына жабық фтубол манежін салу да жоспарланған. Былтыр футболшылар айтарлықтай нәтижеге қол жеткізбесе де, қала билігі оларға қаржы тауыпты. Осылайша, шаһар басшысы клубтың күйін жақсартып, содан кейін ауыз толтырарлық нәтиже күтері анық. Ал мұндағы футбол алаңдарын балалар да пайдалана алады. Оларға күніне кем дегенде бес сағатқа тегін беру көзделген.

Әдетте сынайтындар...

Тұрғындар тарапынан түскен сұрақтарға жауап берген шаһар басшысы қала қазына-сының жыл сайын ұлғайып келе жатқанын айтып, алдағы уақытта күрмеулі мәселелер шешімін табатынын тілге тиек етті. Мәселен, 2016 жылды екібастұздықтар 16 млрд. теңгемен тәмамдаса, 2017 жылы қазына қаржысы – 20 млрд. теңгені құраған. Ал биылғы бюджетте 26 млрд. теңге бар.

Осы ретте, кеншілер қаласының өнеркәсіптік әлеуетіне тоқталған жөн. Былтыр 522 млрд. теңгенің өнімі шығарылыпты. Бұл дегеніңіз 2016 жылмен салыстырғанда 47,2 пайызға артық. Өткен жылы көмір кеніштері 62 млн. тонна көмір өндірген. Өнім көлемі бұған дейінгі жылдан 5,5 млн. тоннаға артқанын көрсетеді. Сондай-ақ, 20 млрд. кВт электр қуаты өндірілген. Яғни, 1,4 есеге өсіпті.

Одан бөлек, былтыр жаңа кәсіпорындар ашылды. Шағын және орта бизнестің белсен-ділігі байқалыпты. Нәтижесінде жұмыс орындары пайда болды. Екібастұзда 3550 жаңа жұмыс орны ашылған. Бұл көрсеткіш облысымыздың өзге өңірлерімен салыстырғанда әлдеқайда жоғары.

Жалпы есептік кездесуге келгендер қала билігінің жұмысына оң баға берді. Көзге көрінген өзгерістерді жіпке тізді. Тіпті, бұрын ылғи билікті сынға алатын белсенділер «биыл алғыс айтуға шықтық» деп ағынан жарылды. Бәлкім, былтырғы жиында айтылған ұсыныс-тілектердің басым бөлігінің орындалғанынан болар, әйтеуір, кеншілер қаласында да тұрғындар әкімге кеңшілік жасады, бата да берді. Екібастұздықтар «Шахтер» саябағының өзгеріп сала бергеніне ерекше қуанышты екендіктерін жасырмады. Айта кетейік, өткен жылғы қорытынды кездесуде айтылған ұсыныстың біреуін ғана Қайрат Нүкенов іске асыра алмапты. Ол - қалада мұз айдынын салу. Қала басшысы бұл бұйымтайды жүзеге асыру үшін біраз уақыт қажет болды деп мәлімдеді. Десе де, бастамасы бар, былтыр жобасы дайын болыпты.

Гүлжайна ТҮГЕЛБАЙ Екібастұз қаласы.

saryarka-samaly.kz