Осыдан біраз уақыт бұрын әлеуметтік желі мен бұқаралық ақпарат құралдарында «көмір жоқ, елді мекендерге жетпей жатыр» деген сыңайда ақпарат тараған еді. Мәселенің мәнісін білмек болып ҚР Энергетика министрлігі өкілдері еліміздегі ірі көмір кеніштеріне барып, жағдаймен танысып қайтты. Ал ведомство министрі Қанат Бозымбаев облысымыздағы «Майкөбен-Вест», «Богатырь Көмір» серіктестіктері мен «Еуроазиаттық энергетикалық корпорациясы» акционерлік қоғамына қарасты «Шығыс» кенішінде болды. Бұл өндіріс орындарының жұмысы қаңтар айындағы аяз кезінде тұралап қалған еді. Енді қайта жалғасып, ақпанның басында-ақ өткен айдың көрсеткішін орындады. Кеніштегі жағдаймен танысқан министр ауа райының қолайсыздығы кері әсер еткенімен, еліміздегі жылу, электр станцияларының жұмысына салқы-нын тигізбегенін тілге тиек етті. Бұл – жүйелі жұмыс пен мамандар біліктілігінің нәтижесі деп бағалады ведомство басшысы.

Кейін ірі кеніш басшылары Екібастұз қаласына жиналды. Басқосу кезінде көмір өнеркәсібіндегі өзекті мәселелер талқыланды. Алдымен Қанат Бозымбаев «еліміздегі көмір тапшылығы жоқ» дегенді қадап айтты. Бұл тұрғыдан туындаған мәселелердің барлығы – жаңсақ пікір.

- Біздің елде көмір қорының мол көлемі бар. Ол кем дегенде жарты ғасырға жетеді. Оған қоса, Қазақстан көмір өндірісі бойынша әлемдегі озық он елдің қатарына енеді. Осындай байлығымыз бола тұра «бізде көмір жеткіліксіз» деу - ұят.

Десе де, қаңтар айында еліміздегі кейбір ауылдарда көмір мәселесіне қатысты шу шыққаны жасырын емес. Бұл - елдегі көмір қорының аздығы немесе басқа да жайттардың емес, ауа райының қолайсыз болуының салдары. Кей елді мекендерге көмір әдеттегідей теміржолмен емес, тас жолмен жеткізіледі. Аяз күндері көліктер жолға шыға алмай, қысқы отын діттеген жерге жетпей қалды. Мұндай жағдайды кей пысықай-лардың пайдаланғаны рас. Мәселен, бір ауылға сапалы көмір жеткізіліп, бір тоннасы 10-11 мың теңгеден түсіріледі. Оны делдалдар алып, 17 мың теңгеден сатады. Тіпті, кейде қапқа салып, сатылымға шығарады. Сол кезде бір тоннаның бағасы 25-30 мың теңгеге жетеді. Біздің министрлікте бағаны бақылайтын құзіреттілік болмаса да, осындай жайттардан соң бақылауға алуға тура келеді, - деді Қ.Бозымбаев.

Ірі көмір кеніштері өкілдері де өндірісте еш қиындықтың жоғын алға тартты. Қайта, керісінше, энергетикалық және коммуналдық-тұрмыстық көмір көлемін арттыруға ниетті. Жиын барысында сөз алған «Богатырь Көмір», «Майкөбен-Вест», «Шығыс», «Шұбаркөл-Көмір» және Шығыс Қазақстан облысындағы «Қаражыра» кеніштерінің, қысқы отын тасымалымен айналысатын «Қазақстан темір жолы» АҚ өкілдері былтыр жүзеге асқан жұмыстарды қорытындылап, алдағы уақытқа белгіленген жоспармен бөлісті.

Кеніштер жоспарының басым бөлігі ҚР Энергетика министрлігі айқындаған міндет-межелерді орындауға байланысты. Дәлірек айтқанда, министр Қанат
Бозымбаев алдымен ішкі нарықты сапалы өніммен қамтып, одан кейін ғана бәсекелестікке қабілетті, сұранысқа сай өнімді экспортқа шығару керек екенін айтты. Дамыған елдердің біртіндеп газға көше бастағанын ескерсек, жаңа технологияларды енгізуде уақыт оздырмау керек. Әйтпегенде, қазақстандық өнімге деген сұраныс азаюы ықтимал. Экспорттық үлес қазірдің өзінде-ақ азайып барады. Мәселен, «Богатырь Көмір» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі былтыр 40 млн. 900 мың тонна көмір өндірсе, оның 30 млн. 700 тоннасын қазақстандықтар тұтынып, 10 млн. 200 мың тоннасы Ресейге жөнелтілген. Бұл 2016 жылмен салыстырғанда 25 пайызға төмен. Серіктестік басшысы Мұрат Абдығұловтың айтуынша, экспорттық көлемнің азаюы көрші мемлекеттегі кәсіпорындардың газға көшуіне байланысты болып отыр. Осы және өзге де жайттарды ескере келе, Қ.Бозымбаев бірқатар талап қойды.

- Кеніштер бірінші кезекте қазақстандық кәсіпорындар мен тұрғындарды қысқы отынмен қамтуы тиіс. Яғни, ішкі нарықтың сұранысын өтеген соң ғана сыртқа өнім шығара алады. Өзіміздің жағдайымызды жасаған соң ғана өзгелермен бөліскен дұрыс. Бұл талап сақталмаса, көмір өнеркәсібі қатаң қадағаланып, мемлекеттік реттеу күшейетін болады.

Тағы бір мәселе – көмір сапасын арттыру. Қазіргі кезде көмірдің өзін ғана өндіру заман көшінен қалып барады. Сол себепті оны тереңдеп өңдеуге, байытуыға, көмір химиясын дамытуға басымдық беру керек. Егер кей кеніштер бұған бағынбаса, оларға қатысты нақты шара қолданылады. Атап айтқанда, ірі кеніштердің басым бөлігіне берілген жерді пайдалануға қатысты келісімшарттың мерзімі 2-3 жыл дересінде аяқталады. Осы уақыт аралығында көмір шығарып отырған орындар өндірісті әрі қарай дамытуға бағытталған инвестициялық жобаларды ұсынбаса, келісімшарт мерзімі ұзартылмайды, - деп ескертті Қ.Бозымбаев.

Бұл ретте облыстағы көмір кеніштері өндірісті ілгерілету бағытындағы жұмыстарды бастап кеткенін атап өткен жөн. Мәселен, «Майкөбен-Вест» серіктестігі биыл байыту фабрикасын салу үшін техникалық-экономикалық негіздеме дайындап, келесі жылы өңдеу орнын ашады. «Шығыс» мен «Богатырь-Көмір» кеніштері циклды-толассыз өндіріс кешендерін іске қосып, көмірді байытуды қолға алмақ. «Богатырь-Көмір» ЖШС-нің 2017-2027 жылдарға жоспарлаған инвестициялық шығыны – 127 млрд. теңге. Аталмыш кәсіпорын 2021 жылға қарай циклды-толассыз өндірісті бастаған соң жылдық қуаттылықты 42 млн. тоннадан 49 млн. тоннаға дейін арттыра алады. Ал 2019 жылы 2 млн. тоннаны байытатын арнайы орын ашу жоспарда бар. Ал «Шұбаркөл-Көмір» кеніші көмірді елеп, белсендендірілген көмір өндірісін қолға алуға ниетті. Аталған бағыттағы жұмыстың бар-лығы жиын барысында министрге таныстырылды.

Кездесуде сөз алған облыс әкімі Болат Бақауов облыс аумағында көмір кеніштерін игеруші кәсіпорындар кез келген сұранысты өтеуге әзір екенін айтты. Ал жиынды түйіндеген министр Қанат Бозымбаев елді көмірмен қамтамасыз етуде түйткіл жоқ деген қорытынды жасады.

Құндыз ҚАБЫЛДЕНОВА Екібастұз қаласы.

saryarka-samaly.kz