«Павлодар автокомбинаты» ЖШС жолаушы тасымалымен 2009 жылдан бастап айналысып келеді. Содан бері қоғамдық көліктің үздіксіз қызмет көрсетуі үшін ауқымды жұмыс жүргізілді. Бүгінде мұнда барлығы 87 автобус бар болса, оның 59-ы күн сайын жолға шығады. Алты бағытта қатынайтын №1, 1э, 2, 9, 18 және 27 маршруттағы автобус-тар жолаушыларды тасымалдаумен айналысады. Кәсіпорын басшысы Александр Панченконың айтуынша, кәсіпорында бірқатар цех жөнделіп, жаңа құралдармен, автобустармен толықты.

- Қоғамдық көліктердің тұрғындарға сапалы қызмет көрсетуі үшін жағдай жасау – басты міндетіміз. Сондықтан цехтарды қажетті құралдармен жабдықтап, көліктерді жаңартуға, ескілерін жылдам әрі сапалы жөндеуге тырысамыз, - деді А.Панченко.

Мұндағы 87 көліктің 52-сі қытайлық өндірушілерге тиесілі. Алдағы уақытта автокомбинат біртіндеп қытайлық автобустарды еуропалық стандарттарға сай жасалған «ЛиАЗ» маркалы автбустарға ауыстырмақ ниетте. Бағасы қымбат болғанымен, бастысы - сапа, дейді кәсіпорын басшысы. Айтуынша, ол бұған дейін қытайлық өндірушілерден көлікті әлдеқайда арзан бағаға сатып алып отырған. Алайда, арзан көлік тез сыр беріп, сапасы сын көтермейтін көрінеді. Автобус қозғалтқыштары талапқа сай келе бермейді. Оның үстіне қытай автобустарының қосалқы бөлшектерін елге жеткізу ұзақ уақытты қажет етеді. Бұл - кәсіпорын үшін айтарлықтай мәселе. Ал ресейлік автобустардың пайдалану мерзімі ұзағырақ, бөлшектері де арзан, яғни жөндеуге кететін шығын көлемі де аз. Кәсіпорын 2019-2020 жылдары тағы 25 ресейлік автобусты сатып алуды көздеп отыр. Дегенмен А.Панченко қолданыстағы Қытай автобустарын бәсекеге қабілеттігін жоғалтқанға дейін өндіріс процесінде ұстайтынын жеткізді.

Қазіргі уақытта кәсіпорында автобустарға арналған тұрақтар, оларды жөндеуге арналған бірегей құрылғылармен жабдықталған бірнеше цех бар. Сонымен қатар компанияда 5 минуттың ішінде автобусты жуып беретін алаң да бар. Айта кетелік, кәсіпорындағы автбустарды жууға кеткен су арнайы тазарту қондырғысы арқылы тазаланып, екінші рет қайта пайдаланылады. Бұл кәсіпорын үшін айтарлықтай уақыт үнемдеуге, сонымен қатар шығын көлемін азайтуға мүмкіндік береді. Сондай-ақ, автокомбинатта жанармай қондырғыларын жөндейтін заманауи құрылғы бар. А.Панченконың айтуынша, мұндай құрылғы еліміздегі ең ірі деген екі-үш компанияда ғана бар. Кәсіпорын қызметкері Роман Леонтьев осы сала бойынша Ресей еліндегі Челябі қаласына барып, тәжірибесін білікті мамандардан толықтырып келген.

Автокомбинат басшысы қоғамдық көліктерге, олардың жүргізушілері мен кондукторларына қатысты айтылатын шағымдардың аз еместігін жасырмады. Десе де, автокомбинат басшысы халыққа қызмет көрсету сапасын арттыру үшін жүйелі жұмыс жасайтынын жеткізді.

- Арнайы комиссия құрылып, тасымалдаушы ұйымдардағы көліктердің техникалық жай-күйімен танысып жүрміз. Автокомбинаттағы жолаушыларға қызмет көрсететін барлық көліктің сапасы тиісті деңгейде. Мұнда заманауи құрылғылармен жабдықталған жөндеу базасы бар. Оларға уақытында техникалық қызмет көрсетіледі. Мұның бәрі жолаушыларға көрсетілетін қызмет сапасының деңгейін арттыруға бағытталған, - деді қалалық мәслихаттың депутаты Виталий Голубенко.

Еске сала кетейік, осыған дейін қалалық мәслихат депутаттары №1 Автобус паркі мен «Трамвай басқармасы» АҚ-на барып қайтқан болатын.

Мереке АМАНТАЙ

saryarka-samaly.kz