«Жұмбақ» тексеру

Редакциямызға Ақсу қаласы Қызылжар ауылының тұрғыны (Гагарин көшесі, 13-2 үй) Ұлар Манан есімді көп балалы ана хабарласты. Электр энергиясын таратушы монополист компания «артық тоқ ұрладың» деп айып тағып, «тізесін батырып» жатқанын айтты. Арадағы даудың салдарынан қызылжарлық тұрғын жарықсыз қалды. Шарасыз күйге түсті. Жалғызбасты ананың жанайқайын жерге тастай алмадық. Қызылжар ауылына аттандық. Мәселенің неден басталып, қалай өрбіп жатқанын Ұ.Мананның өз аузынан естідік.

- 2017 жылдың желтоқсан айының 7-сі күні үйімізге екі ер азамат, бір әйел келді. Бірақ қайдан, не үшін келгендерін айтпады. «Электр есептеуіш құрылғысын тексереміз» деді. Электр энергиясын тұтыну көрсеткішін жазуға келген шығар деп ойладым. Бұған дейін коммуналдық қызмет үшін ешқандай қарызым жоқ еді. Электр жарығы бойынша да тиісті мекемелерден келген түбіртектегі көрсеткіш бойынша төлемін кешіктірмей, ай сайын жасап жүрдім. Сондықтан бұл ретте қандайда бір мәселе туындауы мүмкін деген ой мүлде болмады. Біраз уақыт өткен соң «мынау сіздің үйіңіздегі электр қуатын тұтыну көрсеткішін тексергенімізді растайтын құжат. Осыған қолыңызды қойыңыз» деп ресми тілде толтырылған қағазды ұсынды. Мен орыс тілін мүлде білмеймін. Моңғолия елінде туып, өстім. Сондықтан ресми тілді меңгермегем. Тексерудің мәнісін сұрап, мардымды жауап ала алмаған соң, салғыласып тұруды жөн санамай, қолымды қойдым, - дейді жалғызбасты ана. Кейін Ұ.Манан қол қойған құжат тексеріс барысында үйдің электр желілерінен анықталған қателікті растайтын акті екені белгілі болады. Ал тексеруді жүргізген «Павлодарэнерго» АҚ-ға қарасты «Павлодардың электржелілік тарату компаниясы» АҚ-ның мамандары - А.Жақсыбекова, Х.Юсуфов және А.Анифер. Олар тексеру нәтижесінде Ұ.Мананның үйіне тартылған электр сымдарының жүйесі өзгертілгенін анықтаған-мыс. Соның салдарынан үй иесіне «Артық тоқ ұрлады» деген айып тағылып отыр. Бірнеше күннен кейін қызылжарлық тұрғынға жоғарыда аталған компаниядан 928 626 теңге 21 тиын көлемінде айыппұл қағазы келеді. Көп балалы ана монополист компания өкілдеріне өзінің кінәсіздігін айтып, түсіндіруге тырысқан. «Бірақ сөзіме ешкім құлақ аспады», дейді ол. Есесіне, бірер күннен кейін үйіне келетін электр энергия-сын өшіріп кетіпті. Ұ.Манан балаларымен бірге қазір де электр қуатынсыз отыр.

«Көріпкелдігі бар ма?»

Мәселенің мән-жайын білу үшін жергілікті жауапты тұлғаларға жолықтық. Бұл ретте, Қызылжар ауылының электромонтеры Раушания Райсқызы бұған дейін өз тарапынан тұрғындардың артық тоқ ұрлау фактісі бойынша ешқандай кемшілік анықтамағанын айтады.

- Павлодардың электржелілік компаниясының өкілдері бұған дейін ауылымызға 2015 жылы тексерумен келген болатын. Ол кезде ауыл тұрғындарының электр қуатын тұтынуы қалыпты деңгейде болды. Одан кейінгі аралықта менің тарапымнан да бұл бағытта ешқандай заңбұзушылық анықталмады. Гагарин көшесі 13-2 үйдегі кемшілік қалай, қашан пайда болғанын айта алмаймын, - дейді электромонтер. Яғни, мәселе соңғы тексеру жұмыстары жүргізілгенге дейінгі екі жылға тіреліп тұр. Ұ.Манан болса, екі жыл түгілі бұл үйге көшіп келгелі ешқандай жөндеу жұмыстарының жүргізілмегенін айтады.

- Отбасымда электр сымдарынан хабары бар, оны өзгертіп, жөндей алатын адам жоқ. Біз бұл үйге көшіп келгелі ешқандай жөндеу жұмыстарын жүргізген емеспіз. Бұл бәлкім ондаған жыл бұрын салынған үйдің құрылысы кезінде кеткен қателік болар. Оған біздің қатысымыз жоқ. Біз әлі күнге дейін мына бір жайтты түсіне алмай отырмыз. Ауылымызда ондаған көше, жүздеген үй бар. Соның ішінен тексерушілер қалайша біздің үйімізге ғана келіп, тексеру жүргізді. Себебі олардың ауылда басқа ешбір үйге бармағаны белгілі болып отыр. Әлде олар көріпкелдер ме? Жоқ әлде жуастығымызды пайдаланып, оларды біздің үйімізге қасақана біреулер бағыттап отыр ма? Түсінбеймін, - дейді көп балалы ана.

Бұдан кейін Қызылжар ауылының әкімі Жеңіс Әбікенмен тілдестік. Ол атқарушы биліктің монополистік компанияға әмірі жүрмейтінін жеткізді.

- Біз көмектесуге тырыстық. Әкімдік тарапынан электр энергиясын тарату компаниясына қолдау сұрап, хат жолдадық. Тым болмаса айыппұл көлемін азайтуды сұрадық. Себебі Ұлар Мананның үйінің өзі 1 млн. теңге тұрмайды. Бірақ – нәтижесіз. Қалай дегенмен, монополист компания. Олардың өздерінің ішкі талаптары бар. Сондықтан Ұлар апайымызға аталмыш дауды сот арқылы шешу қажет, - деген әкім бұл мәселеде шарасыз екенін білдірді.

Монополист не дейді?

Қызылжарлық тұрғынның мәселесіне байланысты басылымымыздың атынан «Павлодарэнерго» АҚ басшылығына сауал жолдадық. Өкінішке қарай, мемлекеттік тілде жолданған сауалымызға ресми тілде жауап алдық.

Аталған компанияның бас директоры Олег Перфилов Қызылжар ауылындағы тексерудің жоспарлы жүргізілгенін айтуда. Ол компания қызметкерлерінің заң аясында әрекет еткенін тілге тиек етті.

- «Павлодардың электржелілік тарату компаниясы» АҚ-ның мамандары Ұлар Мананға электр энергиясын тұтыну талабын бұзу фактісі бойынша егжей-тегжейлі түсіндіріп берді. Тексеру нәтижесі бойынша тиісті акті рәсімделіп, кемшілікті жою туралы нұсқау берілді. Артынша, анықталған кемшіліктер бойынша электр энергиясын тұтыну көрсеткіштері қайта есептелді. Бұл ретте, Қызылжар ауылында жүргізілген соңғы жоспарлы тексерістің уақытынан бергі (2015 жыл, 22 сәуір), яғни екі жылдық кезең есепке алынды, - дейді Олег Владимирович.

Атап өтерлігі, үстіміздегі жылдың 30 қаңтар күні құрамында «Павлодардың электржелілік тарату компаниясы» АҚ және Қызылжар ауылдық округі әкімдігінің өкілдері бар арнайы комиссия Ұ.Мананның үйіндегі электр жүйелеріне екінші мәрте тексеру жүргізген. Бір қызығы, бұл жолы ешқандай кемшілік анықталмапты. «Павлодарэнерго» АҚ бас директоры О.Перфилов үй иелері компанияның нұсқауынан кейін бұған дейін анықталған кемшілікті жойды деп есептейді. Алайда, Ұ.Манан алғашқы тексеруден кейін үйдегі электр сымдарына ешкімнің жоламағанын айтты.

- Өткен жылдың желтоқсан айындағы алғашқы тексеруден кейін үйдің электр сымдарына ешкім тиіскен жоқ. Оны анық көруге болады. Электр жүйесін жөндеу үшін қабырғаның сылағын қопару қажет емес пе? Ал біздің үйдің қабырғалары сол қалпы тұр. Бір жеріне де сызат түспеген. Демек, алғашқы тексерудің нәтижесі қате болғаны ғой? Өкінішке қарай, электр таратушы компания өкілдері оны мойындамай отыр, - дейді жалғызбасты ана.

О.Перфилов қызылжарлық тұрғынның белгілеген айыппұлды төлеуге міндетті екенін атап өтті. Оның сөзіне сүйенсек, Ұ.Манан айыппұлды бөліп төлеу туралы келісімге қол қойса ғана үйіндегі жарық қайта қосылады. Айтуға оңай, әрине. Ойлап қарасаңыз, 1 млн. теңге қалталы азаматтар үшін де қомақты қаражат. Ал зейнетақы мен балалар үшін төленетін жәрдемақыға күн көріп отырған Ұ.Манан үшін бұл түсіне де кірмеген сома екені айтпаса да түсінікті.

«Бұл – халықты басыну»

Туған-туыстың көмегімен қызылжарлық тұрғын тәуелсіз сарапшының көмегіне жүгінген. Павлодардағы тұтынушылардың құқығын қорғау қауымдастығының өкілі, қоғамдық инспектор Юрий Страхов аталмыш елдімекенге арнайы барып, тексеру жүргізген. Ол «Ұ.Манан кінәсіз» деп отыр. Ал электр желілерінен анықталған қателікті растайтын акті дұрыс толтырылмаған.

- Өкінішке қарай, бүгінде монополист компаниялардың тарапынан тұтынушылардың құқықтары жиі бұзылады. Олар қарапайым тұрғындардың үйіне кіріп, заңсыз тексеру жүргізіп, алдап, құжаттарға қол қойғызып алады. Сол арқылы кейбір бағыттар бойынша кеткен өндірістік шығындарын халықтың мойнына айыппұл ретінде артып, өндіріп алуға тырысады. Мен жеке тәжірибемде мұндай оқиғаларды көп көрдім.

Ал Қызылжар ауылындағы жағдайға келер болсақ, мұнда үй иесінің тарапынан электр энергиясын тұтыну талабын бұзу фактісі болуы мүмкін емес. Ол үшін электр энергиясын есептеуіш құралды бұзып, ондағы жүйелерді өзгертіп, үйге келетін электр желілерін ауыстыру қажет. Бұл осы саланың білікті маманы болмаса, тұрғындардың қолынан келмейді. Онымен қоса, есептеуіш құрал мүлде ашылмаған. Ескеретін тағы бір жайт, «Павлодардың электржелілік тарату компаниясы» АҚ-ның мамандары тексеру жөніндегі актіні дұрыс толтырмаған. Сондықтан оған сүйеніп, тұтынушыға «артық тоқ ұрлады» деп айыппұл жазу - әбестік. Сапасыз толтырылған құжат үшін аталған мамандарды да жауапқа тартуға болады. Айыппұлдың көлемі де адам сенгісіз. Өкінішке қарай, монополист кәсіпорын айып қаржысын белгілеу кезінде ойына келген соманы жаза алады. Салыс-тырмалы түрде алар болсақ, тұтынушымен ұрланған бір бөлке нан үшін дүкеннің бірнеше жылғы табысын мойынына артып қойғанмен пара-пар. Бұл – қарапайым халықты басыну дер едім.

Шындығына келгенде, электржелілік компаниясының өкілдері ауылдағы барлық үйді тексеруі қажет еді. Әйтпеген жағдайда, қай үй заңсыз электр қуатын тұтынып отырғанын анықтау мүмкін емес. Ал жоғарыда аталған мамандар бірден Ұ.Мананның үйіне барып, тексеру жүргізген. Құдды бір көріпкел ме дерсіз. Бұл жерде де бір гәп бар, - дейді тәуелсіз сарапшы.

Ю.Страхов жарты ғасырға жуық аймағымыздың электр энергетика саласында еңбек етті. Қарапайым инженерден бастап облыстағы электр энергиясын тұтынуды бақылау, кейіннен электр энергиясын тарату мекемесінің басшысы болған. Бүгінде тәуелсіз сарапшы, қоғамдық құқық қорғаушы ретінде танымал. Юрий Дмитрие-вич қызылжарлық Ұ.Мананның кінәсіздігін сотта да дәлелдеуге әзір екенін жеткізді.

Тағдыр тауқыметі

Ұ.Манан өмірдің ащысын да тұщысын да көріп келеді. Осыдан 16 жыл бұрын Құдай қосқан қосағынан айырылған. Сол кезден бері ұл-қыздарына әкелерінің орынын жоқтатпауға тырысты. Өкінішке қарай, Алланың жазуы-мен Қазақстанға көшіп келген соң, бір баласы жазатайым жағдайда қайтыс болады. Бұл ана үшін «жығылған үстіне жұдырық» болғаны сөзсіз. Бірақ, соның өзінде Ұ.Манан өміріне налымады. Жігері жасыған жоқ. Тек мына жағдай жалғыз басты ананы тығырыққа тіреп отыр. «1 млн. теңге айыппұлды өмірімнің соңына дейін төлеп бітіре алмаспын» дейді ол.

Мәселесін арқалап бармаған жері, аттамаған табалдырығы жоқ. Ақсу қаласының әкімі Николай Дычко «Мәселенің мән-жайын анықтап, көмектесуге тырысамыз» деген. Бірақ содан бері бірнеше апта өтті. Әзірге нәтиже жоқ. Ал «Нұр Отан» партиясы жергілікті филиалының өкілдері «сіз мәселеңізді сотқа беру арқылы шеше аласыз» деген жауап қатқан. Ұ.Манан көмек сұрап Павлодар облысының әкімі Болат Бақауовқа да хат жолдапты. «Ендігі үмітім жергілікті атқамінерлерде» дейді қызылжарлық тұрғын. Әйтпеген жағдайда «Кінәсіз екенімді дәлелдеу үшін Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаевтың атына хат жазып, шағымданамын» деп бекініп отыр.

Түйін:

Қызылжар ауылының тұрғыны Ұ.Манан өзінің кінәсіздігін сот арқылы дәлелдеуге бекініп отыр. Басқа амалы жоқ. Жоғарыда аталған жайттарды ескере келе, соттың әділ шешімінен үміттенеміз.

Данияр ЖҰМАДІЛ

saryarka-samaly.kz