- Аспанбек, Павлодарда жеке шығармашылық кеш өткізуді ұйғарып отыр екенсіз. Құтты болсын дейміз. Бұл идея қалай туындады?

- Біріншіден, бұл жерден шыққан я көктен түскен идея емес. Бұл - әрбір өнер адамының парызы, ел алдындағы қарызы. Екіншіден, құлын кезімнен баптаған, жырларымды жаттаған, артық кетсем ақтаған, топ жарып келсем мақтаған Туған еліме деген тағзымым, өмірімдегі мазмұным. Сарыарқа мен көк күмбезді Кереку ән мен жырдан кенде емес. Ертістің жағасынан домбыраның күмбірі естілсе, бұл да - азаттықтың белгісі! Рухани жаңғырып жатқан қазақтың рухын көтере алсақ ақын үшін одан асқан арман бар ма? Үшіншіден, 18-ші ақпан - менің туған күнім. Осы күнді өзгеше бір әсерлі өткізсем деп едім...

- Мұндағы мақсатың не?

- Жазда туған жерім Баянауылға қазақтың от ауыз, орақ тілді ақындарын апарып, аламан айтыс жасағанбыз. Негізі, ол шара Керекуде өтуі тиіс болған еді. Жалпы, жырға сусап отырған елдің таңдайына бал құйып, сарай толы зал жиып, ақындарын жырлатып, әншілерін тыңдатып, кеш өткізгеннен асқан қандай бақыт бар?! Мақсатым – осы.

- Шығармашылық кешке көмектесіп, қолдау жасап жатқандар бар ма?

- Кешімнің өтуіне өнерге шын жанашыр ағаларымыз қолдау көрсетуде. Мысалы, бір ағамыз зал берді, бір ағамыз шам берді, бір ағамыз мал берді деген секілді ғой. Арқамның жүгін жеңілдеткен, болашағымды сенімді еткен азамат ағаларыма Алла разы болсын!

- Сенің республикалық айтыс сахнасына шыққаныңа да біраз жылдың жүзі болды. Бірақ облыс жұртшылығына үлкен шығармашылық кешіңді енді ғана ұсынғалы жатырсың...

- Сәті енді келді. «Құдайды күлдіргің келсе, жоспар құр» деген сөз бар. Қуған жетпейді, бұйырған кетпейді. Өмірден бір кешін бере алмай өтіп кеткен ақындар қаншама?! Солардың арманына жетсем дедім. Рас, республикалық саxнаға мектеп қабырғасынан шықтым. Атағымыз жер жармаса да, атымызды азды-көпті ел біледі. Бұл – осы күнге дейінгі жеткен жетістігімді бір түйіндеп қоюдың алғышарты. Бұйыртса мұндай кештің талайы болады, сол күнге жеткізсін...

- Кеш қонақтарының арасында «Құпия жұлдыз» бар екен. Бір қонағыңды бұлай құпия ұстағаныңа қарағанда халыққа тамаша бір тосын сый ұсынбақсың-ау?

- Біздікі халықтың көңілін көтеріп, рухани сусын беру ғой. Сондықтан құпия жұлдыз әзірге құпия күйінде қала бергені дұрыс шығар. Тосын сыйдың тосыннан болғаны жақсы ғой.

- Әр айтысыңды асыға күтетін тыңдармандарыңа айтар қандай тілегің бар?

- «Ерім дейтін ел болмаса, елім дейтін ер қайдан болсын» деген екен Аxмет Байтұрсынұлы. Мен қай биікке шықсам да, арқамды сүйеп тұратын - осы Ел! Менің дидарымды жарқын қылған, ағашымды алтын қылған - сіздердің, яғни айтысымды асыға күтетін ағайынның дұға-тілегі. Сіздер аман болыңыздар! Қазақтың тілі өлмесін, жыры өшпесін!

- Уақыт бөліп, сұхбат бергеніңе рақмет!

Әңгімелескен – Тілеуберді САХАБА.

saryarka-samaly.kz