Үкімет басшысына уәде етілгендей, биыл Қазақстанға ірі инвесторлар іздеу мақсатында әлемнің бірқатар алпауыт елдерінде Инвестор күні шарасы өткізіледі. Олардың қатарында Нью-Йорк, Мәскеу, тағы басқа қалалар бар. Жақында елімізде экспорттық мәселелерді ілгерілетумен айналысатын оператор «KazakhInvest» компаниясы көп ұзамай Корея және Біріккен Араб Әмірліктері бизнесмендерімен кездесу өткізетінін мәлімдеді.

Алдымен, биылғы ақпан айында Астана қаласында Қазақстанда жұмыс істейтін Оңтүстік Кореялық инвесторлармен кездесу өткізіледі. Іс-шарада Қазақстанда бизнес жүргізу шарттарын жақсартудың өзекті мәселелері қарастырылатын болады. Ол туралы «Kazakh Invest» Басқарма төрағасы Сапарбек Тұяқбаев пен Корея Республикасының Қазақстандағы Елшісі Ким Дэсик Астанада өткен кездесу кезінде келісті.

Бұдан басқа, елдер арасында инвестициялық ынтымақтастықты белсендіру мақсатында Сеул қаласында көктемде Қазақстан-Корея Іскерлік кеңесі өтеді. «Kazakh Invest» артықшылықты инвестициялық жобаларды, сондай-ақ қолдаудың заңнамалық шаралары мен ұлттық компания тарапынан әкімшілік сүйемелдеуді қоса Қазақстанның қабылданған Ұлттық инвестициялық стратегиясына сәйкес қолдау аспаптарын таныс-тырады. Өз кезегінде Қазақстандағы Корея Республикасының Елшілігі Іскерлік кеңес отырысына елге инвестициялауға мүдделі Оңтүстік Кореяның перспективалы компания-ларын шақыруға көмектеседі. Бұл туралы аталған елдің біздегі елшісі Ким Дэсик мәлім етті. Кездесу барысында Сапарбек Тұяқбаев пен Ким Дэсик мұнай-химия, медицина, ауыл шаруашылығы және т.б. салаларда жобаларды бірлесіп іске асыруды талқылады.

Әлеуетті бірлескен жобалардың бірі – Атырау облысында бірлескен газ-химия кешенін салу. Аталған жобаны іске асыруға Оңтүстік Кореяда 18 жеке зауыттан тұратын және шетелде 52 филиалы бар, ірі көлемді энергетикалық және мұнай-химия зауытын басқаратын «Hanwha Total Petrochemical» компаниясы қызығушылық танытты.

Айта кетелік, кәрістер Қазақстанға алғаш рет инвестиция құйғалы отырған жоқ. Бұл тұрғыдан Корея Республикасы Қазақстанда басымдық берілетін 11 елдің тізіміне кіреді. 2005 жылдан 2017 жылдың І жартыжылдығы бойынша Кореядан тартылған инвестиция-лар сомасы 4 570,7 млн АҚШ долларын құрайды. Айта кетелік, таяуда Павлодар облысында Оңтүстік Корея бизнесмендері диагностикалық орталық ашу бойынша келісімге келген болатын. Бұйыртса, бұл бағыттағы жұмыс алда жалғасын табады.

«Kazakh Invest» Басқарма Төрағасы Сапарбек Тұяқбаевтың мәлімдеуінше, биылғы сәуір айында Қазақстан делегациясы Дубайдағы инвестфорумға да қатысады. Бұл да елімізге шетелдік қаржыны тартудың бір мүмкіндігі ретінде қарастырылуда.

Дубай қаласында сәуір айында өтетін форум кезінде Қазақстанның инвестициялық мүмкіндіктерінің презентациясы жасалып, ҚР-ға инвестиция салуға мүдделі әмірлік компаниялармен екі жақты кездесулер өтеді. Әзірге жақында Астанада өткен жиында «Kazakh Invest» тарапы алдын ала Біріккен Араб Әмірліктері бизнесмендерінің одан әрі зерделеуі үшін жалпы сомасы шамамен 20 млрд. АҚШ долларын құрайтын 20 негізгі инвестициялық жоба ұсыныс-тарын жолдады. Жобалардың қатарында «Al Khaleej Sugar» компаниясы Оңтүстік Қазақстан облысының Шардара ауданында ірі қант зауыты құрылысы да бар. Қазірде шетелдіктер инвестициялық жобаны іске асыруға қызығушылық білдіруде. Алдын ала есеп бойынша зауыттың құрылысына 375 млн. АҚШ долларын жұмсау жоспарлануда.

Сондай-ақ, тараптар кездесуде елдер арасындағы инвестициялық ынтымақтас-тықты жандандыру бойынша одан арғы нақты қадамдарды белгіледі, логистика, туристік кластер, АӨК және басқа саладағы бірлескен жобаларды іске асыру мүмкіндіктері талқыланды.

«Біз агроөнеркәсіп жобаларына, атап айтқанда, органикалық өндіріске, сондай-ақ Қазақстанның логистикалық жобаларына инвестиция салуға дайынбыз», - деп ерекше атап өтті, ҚР-дағы БАӘ елшісі Мохаммад Ахмад Альджабер.

Кездесу қорытындылары бойынша «Kazakh Invest» Басқарма Төрағасы Сапарбек Тұяқбаев және ҚР-дағы БАӘ Елшісі Мохаммад Ахмад Альджабер үкіметаралық деңгейде инвестициялар туралы келісім жасасу мүмкіндігін қарастыруға дайын екендігін айтты.

Сонымен қатар, қысқа мерзімде бірлескен Жол инвестициялық картасын әзірлеу және тұрақты негізде кездесулер өткізу туралы шешім қабылданды. Сөйтіп, келесі бірлескен іс-шараны өткізу ақпанның соңына жоспарланды.

Анықтама ретінде мәлімет келтірсек, Қазақстанда БАӘ-мен бірлескен шамамен 200 кәсіпорын әрекет етеді. Әмірлік компанияларының жұмыс жасайтын негізгі салалары агроөнеркәсіп кешені, мұнайды қайта өңдеу және мұнай-газ секторын дамыту, химиялық өнеркәсіп және құрылыс болып табылады. Біріккен Араб Әмірліктері инвестицияларды тарту үшін басым елдер тізіміне кіреді. БАӘ ҚР-дағы ел (ТШИ) активтері бойынша 13-ші орынды, ҚР-да капиталы бар кәсіпорындар саны бойынша 23-ші орынды және тауар айналымы бойынша 25-ші орынды алады.

Осындай іргелі жұмыстар жүргізу арқылы ғана елдегі жекешелендіруге жататын активтер мен компанияларды жеке меншікке беру мүмкіндігі арта түседі. Бүгінде ондай нысандар қатарында Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі, Павлодар әуежайы, тағы басқалары бар.

Нұрбол ЖАЙЫҚБАЕВ

saryarka-samaly.kz