Алғашқы 3 санатқа адам-ның өміріне қауіп төнген, шұғыл медициналық көмекке зәру науқастардың жағдайы жатқызылады. Оларға жедел жәрдем қызметінің мамандары 10-30 минут аралығында жетуі тиіс. Мәселен, бірінші санат бойынша пациенттің өмірі мен денсаулығына тікелей қауіп төнсе, жедел жәрдем 10 минутқа дейін келуі керек. Бұл қатарға тыныс алу жүйесінің тоқтауы, стрестік жағдай, жүрек соғысы жиілігінің азаюы, көп салалы жарақаттар сынды шақыртулар жатады. Екінші санатта өміріне ықтимал қатер төнген азаматқа 15 минутқа дейін дәрігерлік көмек көрсетілуі тиіс. Науқастың дене қызуы салдарынан адамның іші мен басы ауырса, құсу, лоқсу сынды шақыртулар аталмыш санатты қамтиды. Бұдан бөлек, үшінші санат бойынша, науқастың денсаулығына ықтимал қатер төндіретін оқиға туындаса, мамандар 30 минут ішінде келуі қажет. Оған тыныс алу жүйесі мен жүрек соғысының нашарлауы, жасөспірімдердің дене қызуының көтерілуі, улану, т.б. ауыр жағдайлар енеді. Ал төртінші санат емханалардағы жедел медициналық көмек бөлімшелері деңгейінде жүзеге асады. Яғни, емхана деңгейінде жедел медициналық көмек көрсететін бөлімшелер тәулігіне 24 сағат бойы шақыртуларды қабылдайтын болады. Бұл жағдайда мамандар науқасқа 60 минуттың ішінде баруы қажет. Бұл санатқа созылмалы аурудың асқынуы, терінің жеңіл жарақаты, науқастың денсаулығына және өміріне тікелей қауіп туғызбайтын жағдайлар жатады. Сонымен қатар, жаңа бұйрыққа сәйкес, алғашқы көмек бригадасы келгенше, жедел медициналық көмекті қарапайым адамдар да көрсете алады. Мәселен, полиция қызметкерлері, патрульдік қызмет, білім беру, өнеркәсіп кәсіпорындары, әлеуметтік және тағы да басқа сала өкілдері алғашқы медициналық көмекті көрсетуі қажет.

Павлодар облыстық жедел медициналық көмек станциясының бас дәрігері Қанадан Ахметжанов жаңа ережелердің тұрғындарға сапалы әрі алғашқы медициналық көмекті жедел көрсету мақсатында енгізілгенін айтады.

- Қызмет барысында адам өміріне қауіп төндірмейтін шақыртулар көп түседі. Мысалы, дене қызуының көтерілуі, тұмау, жөтел, созылмалы аурудың асқынуы, жеңіл жарақаттар, асқазанның қорыту қызметінің бұзылуы сынды жағдайларға байланысты қоңырау жиі шалынады. Мұндай шақыртуларға қызметті емхана деңгейінде жедел медициналық көмек көрсететін бөлімшелердің мамандары көрсететін болады, - дейді Қанадан Қанашұлы.

Айта кетейік, жыл басынан бері облыс бойынша жедел көмек бригадаларына 27 мыңға жуық қоңырау түскен. Оның 20 пайызы - төртінші санаттағы шақырулар. Қазіргі уақытта облыстық жедел жәрдем станциясында күн сайын 60 бригада жұмыс істейді.

Айдана ҚУАНЫШЕВА

saryarka-samaly.kz